• Қаржы
  • 07 Қазан, 2021

Өткеннен қорытынды шығару – ілгері басу кепілі

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Қазіргі таңда әлемдегі шаруашылыққа белсенділік көгілдір отын бағасының шығандап кетуіне байланыс­ты саябыр тартуда. Мәселен, жазға салым бойына қан жүгірген жылыжайда өсімдік өсіру саласы бүгінде жұмыстарын біртіндеп доғара бастады. Қызғалдақ өсіруден әлемде алдын жан салмайтын Нидерланд аграршыларының осы жуырда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы аттан салғаны соңғы қағылған дабыл болмауы мүмкін деген сарапшылар сөзіне еріксіз иланасың. Жоғарыда айтқанымыздай, мұның ең басты себебі – электр қуатының жетіспеуі. «Энергия – өндіріс наны» деген кезінде таптаурын болған мәтелдің шын мәніне енді ғана бойлап жатқандаймыз. Мұның бәрі жер жүзіндегі экономикалық ахуалды тамыршыдай тап басып танып отыратын Халықаралық валюта қоры мен  рейтингтік агенттіктердің назарынан тыс қалмауда.

Worldbank.org  сайтының өткен дүйсенбі, 4 қазандағы дерегіне сәйкес  сатып алу паритетін есептегендегі ішкі жалпы өнім көлемі бойынша (569 млрд доллар) Қазақстан әлем елдері ішінде 37 орынға ие екен. Ресей 4 021 млрд доллармен 6 орында. Бізбен қарайлас Өзбекстан 60, Белоруссия 67, Әзірбайжан 74, ал Түркіменстан 85 орында тұрғаны көп нәрсені аңғартса керек.  Еліміздің  экономикалық ахуалына шолу жасаған «Российская газета» бұрынғы кеңес республикалары ішінде Қазақстан жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі бойынша Ресейден кейін бесінші орын алатындығын тілге тиек етеді. Ауыз толтырып айтарлық бұл жетістіктердің оңай келмегені өзінен-өзі түсінікті. Десек те, қолда барға мәз болып, тоқмейілсудің кері кетіп, тоқырауға әкелетінін күні кеше ғана басымыздан өткердік. Өткеннің ащы дәрістерінен қорытынды шығару, «әттеген-ай» деп, қапыда қалып, бармақ тістеген тұстарды қайталамауға тырысу ел тізгініне ие болған жақсылар мен жайсаңдарға сын. Міне, осы қағиданы президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келген алғашқы күнінен бастап нық ұстанып келеді. Мемлекет басшысы өткен жылы үкімет мүшелерімен, әкім-қаралармен бірнеше рет жедел кездесіп, жалпы қоғамдағы, экономикадағы, басқару буындарындағы олқылықтардың орнын толтыру жөнінде тегеурінді тапсырмалар беріп, олардың орындалуын жіті қадағалап отырды. Бұл жөнінде біз кезінде егжей-тегжейлі жазғанбыз. Сондай-ақ президенттің былтырғы жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» және биылғы қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауларының негізгі ұстанымдарының жүзеге аса бастағаны көңілге демеу. «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасы» – солардың бірі. Тұжырымдамада «егемен Қазақстанның дамуы әрбір кезеңде мемлекеттік басқарудың тиісті моделін талап етті. Бір модельден екінші модельге көшу экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің логикасына сәйкес келді. Елдің мемлекеттік басқару жүйесін дамытуда төрт кезеңді бөліп көрсетуге болады» делініп, олардың әрқайсының қысқаша сипаттамсы берілген. Мәселен, «2007-2017 жылдардағы үшінші кезең Қазақстанның әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруіне бағытталған «Қазақстан – 2050» стратегиясы және 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары қабылданды. Индустриялық-инновациялық даму, елді кешенді цифрландыру және жаңа инфрақұрылым (көлік, тұрғын үй, энергетикалық, әлеуметтік және т.б.) салу бағдарламаларын іске асыру жандандырылды» деп атап көрсетілген. Алайда, бұл жоспарлар мен бағдарламалардың орындалу қорытындылары Елбасы тарапынан талай рет сынға алынғаны белгілі. Міне, сондықтан да аталып отырған төрт кезеңнің әрқайсысында қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың нәтиже-жетістіктеріне қысқаша тоқталып, жүзеге асырылмағандарының орындалмау себептерін түгендеп шығу қажет еді.

Тұжырымдамада мемлекеттік басқару жүйесі реформасының алда тұрған кезекті бесінші кезеңі туралы «ол... азаматтар мен мемлекет арасында тиісті өзара іс-қимылдың болмауын; стратегиялық жоспарлау мен реформаларды жүргізу тәсілдері тиімділігінің жеткіліксіз болуын; мемлекеттік аппараттың халық пен бизнестің қажеттіліктеріне бағдарланбаған функцияларын; мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің әкімшілік сипатын;  бәсекеге қабілетсіз мемлекеттік қызметті; тиімсіз квазимемлекеттік секторды; дамымаған жергілікті өзін-өзі басқаруды; бизнестің дамуына кедергі келтіретін шамадан тыс реттеуді; сот және құқық қорғау жүйелеріне азаматтардың сенім деңгейінің төмендігін шешуге бағытталған» делінеді. Көріп отырғанымыздай, мұнда негізінен бюрократиялық мәселелерге көңіл аударылып, экономиканы ғаламдық өзгерістерге бейімдеу,  бизнес пен мемлекет қарым-қатынасындағы түйткілдер назардан тыс қалған.  Сондай-ақ  тұжырымдаманың 2030 жылға дейінгі кезеңге арналуы да көкейге қонбайды. Өйткені, қазіргі ғылым мен технологияның дамуы нәтижесінде әрбір жарты жыл сайын өндіріс салалары жаңа деңгейге көтеріліп, кең өрістер ашылуда әрі білім беру жүйесі өзгеруде. Мұның мысалдарын алысқа бармай-ақ, еліміз мектептерінің қашықтан оқытуға көшуінен көруге болады. Сарапшылардың тұжырымдарына қарағанда, 2030 жылға дейін әлем елдерінің экономикасы, саясаты мен әлеуметтік жүйесі құрылымдық өзгерістерді бастан кешеді. Қазақстан экспортының басты бабы, тиісінше ішкі жалпы өнімінің өзегі болып отырған мұнай-газ шикізатына деген сұраныс жасыл энергетиканың дамуына, іштен жанатын қозғалтқышты автомобильдердің өндірістен біртіндеп алынуына орай күрт төмендемек. Мәселен, Норвегияда келесі жылы бензинмен жүретін жеңіл көліктер болмайды, өзге дамыған елдерде де бұған ұқсас ахуал орын алмақ. Міне, осыған орай отандық сарапшылар тұжырымдаманың ғасырға татырлық он жылға емес, таяу болашаққа, мәселен, 2025 жылға дейінгі кезеңге арналғаны, сондай-ақ әр жылдың өз нәтижелері, әлеуметтік және экономикалық индикаторлары талдап көрсетілгені дұрыс болар еді, деген пікірде.

1152 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы