• Энергетика
  • 07 Қазан, 2021

Самұрық-Қазына: Көмірден түбі бас тартамыз, бірақ әзірше экспорт қажет

Экономикада  дәстүрлі  қуат көздерін пайдалану деңгейін төмендету – бүгінде жаһандық  күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған еліміздің көміртекті бейтараптық тұжырымдамасын әзірлеу бүгінде аяқталып қалды. Дегенмен әзірше дәстүрлі  энергия көздері қатарында көмір қызуын тұрақты пайдаланып отырған еліміз 2060 жылға қарай бұл отын қуатынан толық бас тартпақ. Әзірше үй-жайымызды жылытып, зауыт-фабрикаларды жүргізіп отырған басты отын – көмір болып тұр.

     Биыл бірінші жартыжылдықта елімізде  63 миллион тоннаға тарта тас көмір өндіріліп, оның 16 миллионы 254,9 млн АҚШ доллары сомасына экспортқа  жөнелтілген.

 

 

Күз ортасына жетпегенмен, алты ай қар көбесі сөгілмейтін солтүстік өңірлерді айтпағанда, оңтүстікте қар қылаулап, қыс ызғары сезілген қазіргі күні жылыту маусымындағы басты қуат көзі – көмір тасымалының қызған шағы. Осы ретте «Самұрық-Қазына» АҚ алаңында өткен брифинг барысында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары Қанат Көбесов өңір-өңірге көмір жөнелтудің барысы туралы айтып берді.

Ол келтірген мәліметтерге сәйкес, жалпы алғанда биылғы 9 айда 76,6 млн тонна көмір тиеліп, өткен жылғымен салыстырғанда қатты отынды арттыру көлемі 4 пайызға өскен. Осы кезеңде қазақ­стандық тұтынушылар үшін 53,5 млн тонна көмір тасымалданған, бұл былтырғы тиісті мерзімдегі деңгейдегіден 2% жоғары. Оның ішінде Қазақстанның негізгі жылу электр орталықтарына 47,4 млн тонна, ал тұрғындар үшін 6,1 млн тонна отын тиеліп, жөнелтілген. «Бірінші кезекте жылу электр орталықта­ры мен тұрғындарға қажетті отын толық көлемде жеткізіледі. Біздің жоспардағыдан сәл қалып келе жатқандығымыз еліміздің оңтүстік өңірлерінен көмірді жеткізуге қатысты өтінімнің кеш түсе бас­тағанына байланысты. Өйткені елдің оңтүстік аймақтарында те­ріскейге қарағанда, күні кешеге дейін ауа райы жылы болып тұрды. Қазіргі таңда еліміздің солтүстік өңірлері коммуналдық-тұрмыс­тық көмірмен толық қамта­масыз етілген», – деді Қанат Көбесов.

Биыл қыркүйек айында темір жол арқылы 8,8 миллион тонна тас көмір тасымалданған, бұл өткен жыл­дың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш­тен 3,7 пайызға жоғары. Оның ішінде ТМД елдеріне экспортқа 2,7 миллион тонна қатты отын жөнелтілген болса, республика аумағында 6,1 миллион тонна тасымалданған. Өткен жылға қарағанда ел ішіндегі отын тасымалының өсімі 5,4% құрады. Осы ретте жылу электр орта­лықтарына жеткізілген отын көлемі 5 млн тоннаны құраған, бұл былтырғы қыркүйек айындағы тасымал көрсеткішінен 8,5% жоғары.

Брифинг өткен қазан айының бесінде келтірілген мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта елімізде жұмыс істеп тұрған 28 жылу электр орталығы көмірдің нормативтік қорымен қамтамасыз етілген. Осы орайда «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары жылу электр орталықтарына көмір тиеп, жөнелту жұмыстары тәулік сайын бақыланып отырғанын, айналма бағыттар ұйымдастырылғанын атап өтті. Отын тасымалын қажетті жүк вагондарымен қамтамасыз ету де тиісті деңгейде екенін, бүгінде ашық вагондар жеткілікті екенін айтты. «Қазіргі таңда Қазақстан темір жол желісіндегі ашық вагондар паркі жеткілікті көлемде. Жартылай вагондарды жалдау бойынша шарт­тық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтаған жүк жөнелтушілер отын тасымалы маусымына кешікпей, дәл уақытында кірісті. Бұл атап өтуге тұратын жағдай», – деді спикер.

Қазақстан аумағында 64 мыңнан астам ашық вагон бар, бүгінде олардың жартысынан астамы қат­ты отын тасымалдауға тартылған. Оның ішінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еншілес компаниясы – «Қазтеміртранс» АҚ-ға тиесілі 21 мыңнан астам ашық вагонның қазіргі күні 66% көмір тасымалына жұмылдырылған.

ТАСЫМАЛ ҚҰНЫ ҚАНША ӨСТІ?

Бар салада баға өсіп жатқан қазіргі уақытта тасымал құны қан­ша­лық шарықтады екен? Баспасөз мәслихатындағы басты сауалдың бірі болған осы мәселеге қатысты Қанат Көбесов биылғы маусымда көмір тасымалдау тарифінің өспегенін және жыл соңына дейін жоспарланбағанын айтты. Осы тұрғыда ол көмір тасымалының құны қара металдарды тасымалдау тарифінен бес есе, ағаш тасымалынан – 2,5 есе төмендігін атап өтті.

Тасымалдың толассыз жүріп, отынның тұтынушыға уақытылы жетуіне кедергі болар жәйттің бірі – вагондардың кірме жолдарда тұрып қалуы. Қалыпты жұмыс үдерісіне біршама қолайсыздық тудыратын осы мәселеге тоқтала келіп, тасымал серіктестігі бас директорының орынбасары жүк жөнелтушілерді өз тұйықтарында көмір тиеу нормаларын сақтауға шақырды. Оның айтуынша, бұл шара «жоғалтқан пайданы» толтыруға мүмкіндік береді. Мысалы, «Востокугольпром» ЖШС кірме жолдарында талапқа сай уақыт мөлшері 15,6 сағат болғанымен, мұнда вагондар 18 сағаттап тұрып қалатындықтан, орташа есеппен тәулігіне 18 вагон немесе 1260 тонна көмір тиелмейді. Осылайша, айдың қорытындысында жоғалған пайда 38 мың тоннаны құрайды. «Шұбаркөл Көмір» АҚ бойынша 24 сағаттық талапты уақыт мөлшерінде вагондар көмір тиеуді 36 сағат күтеді. Осының кесірінен тәулік сайын 68 вагон немесе 4760 тонна отын тиеліп, жөнелтілмей, бір айдың қорытындысы бойынша жоғалған пайда 143 мың тоннаны құрайды.

Кезекті жылыту маусымы қарса­ңында дәстүр бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ орталық аппаратында көмір тасымалдау жөніндегі жедел штаб, жол бөлімшелерінде жедел топтар жұмысын қайта бас­тайды. Жедел штаб отырыстары апта сайын көмір жөнелтушілердің қатысуымен өтіп тұрады. Штаб жүк вагондары айналымын бақылайды, вагондардың жүк тиеп, жөнелту барысында тұрып қалуын барынша қысқарту және болдырмау шараларын қабылдайды.

Сонымен қатар, биыл жол бөлім­­ше­лерінде мониторингтік топтар құрылған. Олар көмір тұйық­тарының кірме жолдарында отын­ның бар-жоғы туралы ақпарат жи­настырады, түйткілді жәйттер түйінін бірлесіп шешеді. «Барлық темір жол қызметтері тәулік бойы, яғни 24 сағат жұмыс істейді. Біз қашанда диалогқа және туындаған барлық сұрақтарға жедел жауап беруге дайынбыз», – деп түйіндеді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары Қанат Көбесов.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

 

1098 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы