- Қаржы
- 07 Қазан, 2021
Бір аударымның өзінде шет елдерге 400 мың теңге жөнелтіледі

Қазақстандықтар ақшалай аударымдар жүйесі арқылы бір реттің өзінде 400 мың теңгеге жуық қаржыны шетел асырады екен. Бір айдың ішінде республикамыздан өзге елдерге жөнелтілген ақша сомасының жалпы көлемі осымен екінші рет 100 млрд теңгеден асып түскен.
Ұлттық банктің мәліметтері бойынша, 2021 жылдың тамыз айында ақшалай аударымдар жүйесі (ААЖ) арқылы қазақстандықтар шет елдерге 100,3 миллиард теңге жөнелткен. Шілдедегі деңгеймен салыстырғанда аударымдар көлемі 8,3 миллиардқа өсіпті. Бұл көрсеткіш – осыған дейінгі кезеңдердегі аударымдармен салыстырғанда ең қомақтыларының бірі. Бір айда шетке осыған жуық мол қаржы тек биылғы маусымда (103 млрд теңге) жөнелтілген екен.
Биылғы жылдың басынан бері ақшалай аударымдар жүйесі арқылы барлығы 644,3 миллиард теңге шекара асқан. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңіне қарағанда, 185,4 миллиардқа артық. Яғни ақша қаражатының елімізден жылыстауы 40,4 пайызға артқан (1-инфографика).
ӨЗБЕКСТАНҒА АУДАРЫМДАР ӨСКЕН
Елдер арасындағы аударымдардың жалпы көлемі бойынша өткен айда Өзбекстан көш бастады. Тамызда өзбек еліне 39,7 миллиард теңге жөнелтілген. Бұл – жаңа рекорд. Осының алдындағы аймен салыстырғанда аударымдар көлемі 2,4 миллиардтан аса өсіпті. Бір жылда көрсеткіш 23,6 миллиард теңгеге, яғни 2,5 есеге жуық артқан.
Өзбекстанды Түркия (18,4 миллиард теңге) өкшелеп келеді. Жалпы алғанда, өткен айда Қазақстаннан жөнелтілген барлық ақша аударымдарының 84%-ы алғашқы қатардағы 4 елдің (Өзбекстан, Түркия, Ресей және Қырғызстан) еншісіне тиесілі (2-инфографика).
ОРТАША АУДАРЫМ – 400 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ
Транзакциялар саны да арта түсуде екен. Биылғы тамыз айында олар 256 мыңға жетіпті. Маусым айымен салыстырғанда аударымдардың жалпы саны 23 мыңға артқан. Жыл басынан бері қазақстандықтар шет елдерге 1,7 миллион ретке жуық ақша қаражатын аударған. Бұл өткен жылдың осындай кезеңіне қарағанда, 188,9 мың ретке (12,6%) артық.
Аударымдардың саны ғана емес, олардың орташа көлемі де өскен. Тамызда көрсеткіш 391,9 мың теңгені, бір жыл бұрынғыдан 38,1 мың теңгеге (расында, шілдеге қарағанда, 3,1 мыңға аз) артық ақша құрапты. Аударымның ең үлкен орташа сомасының бағыты Армения болып табылды. Онда тамыздағы бір транзакция 1,9 миллион теңге көлемінде жөнелтілген. Бір реттік қаржының ең төменгі көлемі – 130,2 мың теңге Тәжікстан асып жығылған (3-инфографика).
БІЗГЕ СЫРТҚА ЖӨНЕЛТІЛГЕННЕН 4 ЕСЕ КЕМ ҚАРЖЫ АУДАРЫЛҒАН
Басқа мемлекеттерден Қазақстанға жөнелтілген ақша аударымдарының көлемі тамыз айының қорытындысы бойынша 24,0 миллиард теңгені құраған. Бұл шілдедегіден 407 миллионға артық. Сол тамыз айының қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың басқа елдерге аударғанына қарағанда, елімізге 76,3 миллиард теңге кемірек келген.
Биылғы жылы біздің елімізге келіп түскен қаржылардың жалпы көлемі 186,0 миллиард теңгені құрапты. Алдыңғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, елге келген аударымдар көлемі 8 миллиардқа өскен. Ал, егер 2019 жылмен салырсақ, 46,5 миллиард теңгеге азайған. Жалпы алғанда, ақшалай аударымдар жүйесі арқылы қаржылардың таза жылыстауы 458,4 миллиард теңгені құраған.
Елдер арасында тамыз айындағы Қазақстанға ақша аударымдарының жалпы көлемі бойынша Ресей көш бастады. Ол жақтан келген ақша 5,1 миллирд теңгені құрады. Бір айда бұл бағыттағы аударымдар 315,1 миллионға төмендепті. 12 айда – 1,4 миллиард теңгеге (21,7%) қысқарған. Бізге «ақша жеткізушілер» қатарында Өзбекстан (3,7 млрд теңге) мен Корея Республикасы (3,2 млрд теңге) бар. Қазақстанға шет елдерден ақшалай аударымдар жүйесі көмегімен келіп түскен барлық қаржының 50 пайызы осы үш елдің еншісінде (4-инфографика).
Біз алып отырған бір аударымның орташа көлемі тамызда 247 мың теңгені құрапты. Шілдедегі көрсеткіш те іс жүзінде осындай – 246,5 мың теңге. Өткен жылдың есепті айымен салыстырар болсақ, аударымның орташа көлемі 5,1 мың теңгеге өскен. Жалпы мынаны атап айту керек, шекарамыздан тыс елдерден алған аударымдарымыз, сол елдерге жібергенімізден 59 пайызға аз.
Қазақстанға аударымдардың ең жоғары орташа сомасының бағыты Беларусь болып табылады. Тамыз айындаға әрбір аударымның орташа көлемі 934,5 мың теңге құраған. Республикамызға бір реттік аударымның бәрінен ең азын Ресей жөнелтеді – 127,1 мың теңге.
ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

1652 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *