• Энергетика
  • 07 Қазан, 2021

ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАН ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ ӨНДІРІЛМЕК

Елімізде 2025 жылдың аяғына дейін қоқыс жағып электр энергиясын өндіретін алты зауыт салынбақ. Құны 185 миллиард теңге тұратын, табысын жоғары тарифтер қамтамасыз ететін жоба жеке компанияға тиесілі.

 

 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоқысты кәдеге жарату жоба­сының схемасын да, операторын да анықтады. Биылғы шіл­де айында қалдықтарды энер­ге­тикалық кәдеге жарату жобасы аясында өткен аукциондық сауда қорытындысы бойынша «Waste2Energy» компаниясы аукцион жеңімпазы болып жарияланды. Компанияның меншік иесі – Қазақстанның экология­лық ұйымдары қауымдастығы төралқасының төрағасы Әлия Назарбаева.

Жалпы қуаты 100,8 МВт болатын қоқыс жағу кешендерін Ақтөбе, Алматы, Өскемен, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Шымкент қалаларында салу жос­парланып отыр. Нұр-Сұлтанда зауыт құрылысын аяқтау 2023 жылға, қалған қалаларда 2024 жылға жоспар­ланған.

Ең ірі станциялар Алматы (33,3 МВт) және Нұр-Сұлтан (21,1 МВт) қалаларында орналасады, онда қал­дық­тардың көп бөлігі өндіріледі, қуа­ты ең төмен станция Өскемен қала­сында (4,5 МВт) болмақ.

Экология министрлігі зауыттар тек қайта өңдеуге болмайтын қалдықтарды ғана жағады деп отыр.

Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу деңгейі төмен болып тұр (2020 жылы 18,3%), ал олардың негізгі бөлігі полигондарда көміледі.

 Полигондардың экологиялық нормаларға сәйкес келмейтіні жасырын емес. Ведомствоның мәліметінше, еліміздегі 3,2 мың полигонда 125 млн қоқыс пен қалдық жиналған. Жыл сайын елімізде 5 млн тоннадан астам қоқыс жиналады екен.

Қоқыс жағатын зауыттар салынатын алты қалада жыл сайын шамамен 1,0–1,3 млн тонна қалдық жиналмақ, бұл жалпы республикалық мәннің 20-26%-ы. Қоқыстың 70-77%-ын кәдеге жаратуға болады деген болжам бар.

Қалаларда парниктік газды азайту – қоқыс зауытын салуды қосымша ынталандыру. Халықаралық Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығының (IGTIPC) басқарма төрағасы Рамазан Жампейісовтың айтуынша, елдегі полигондардың жыл сайынғы парниктік газы 5,4 млн тонна болмақ.

KEGOC қалдық жағатын зауыттарымен бекітілген тариф бойынша 15 жыл бойы электр энергиясын сатып алу туралы келісімшарт жасасады. Зауыттар үшін аукцион нәтижесіне сәйкес тарифін экология министрлігі белгілеген: кВт/сағаты 172,71 теңге, ал сауда-саттықта кВт/сағаты 191,9 теңге. Бірақ аукционға тек бір компания – Waste2Energy ЖШС-і қатыс­қандықтан аукцион өткізу қағидасы бойынша тариф 10%-ға төмендейді.

Қалдық жағатын зауыттарда өнді­рілген электр энергиясын көмір және газ электр станциялары сатып алмақ.

Қалдық жағатын зауыттар ұсы­натын тариф Қазақстандағы басқа энергия көзіне қарағанда жоғары болып тұр. Күн энергетикасының орташа тарифі 2020 жылы кВт/сағат үшін 15,54 теңге, жылу электр станциясының кВт/сағат үшін 19,51 теңге, шағын СЭС-тердің  кВт/сағат үшін 14,69 теңге.

– Жоғары энергиялы қағаз, картон, пластик кіретін шикізатты қаншалықты көп өңдесек, зауыт түсімі соншалықты төмендейді. Зауыт тамақ қалдықтарында электр энергиясын өндіре алмайды, олар төмен калориялы. Ақша табу үшін зауыт қоқыстың бәрін жаға бастайды, сондықтан тұтынушылар қоқыс өртету үшін төлем жасауы керек, – дейді KEGOC-тың экс-президенті Әсет Наурызбаев.

Зауытты субсидиялауға, аукцион­ның ашықтығына қатысты сұрақтар да туындап жатыр. Біріншіден, алты зауыт бір лотпен аукционға шығарылған. Наурызбаевтың айтуынша, бұл, біріншіден, әлеуетті инвесторды тендерге тарту үшін күрделі болып тұр: өңірлердегі барлық нысан шығындарын бірден есептеу қажет. Екіншіден, сарапшының пікірінше, экология министрлігі қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі мен сипаты туралы ақпарат бермеген, ал бұл қаржыны толық есептеуге мүмкіндік қалдырмайды.

Ал экологияны сақтау қозғалы­сының белсенділері қоқыс пен қалдықты зауытта жағардың алдында қоқысты сұрыптау мен өңдеудің белгіленген процесі болуы керек дейді.

– Өкінішке қарай, Қазақстанда қоқыс полигондарға аралас түрде келеді, ал сұрыптау желілері келіп түсетін қалдықтың тек 10%-ын ғана сұрыптауға қабілетті. Аралас қоқыстарды жағу нәтижесінде қауіпті қалдықтар, әдеттегі полигондарда көмуге болмайтын күл қоқыстары пайда болады, – дейді қалдық заттарды жағатын зауыт құрылысына қарсы петицияның бастамашысы Құралай Әлиева.

Бұлар Ресейдегі экологиялық институтының жаңа зерттеуіне сілтеме жасайды. Ол институттың есептеуінше, қалдықты жағу зауыты­ның құрылысы Ресей федерация­сындағы қалдықтар санын 15-18%-ға ғана қысқартуға мүмкіндік береді.

– Экология министрлігі қалдық­тарды жағар алдында оларды сұрып­тауды жоспарлап отыр, бірақ қалдық­тар бастапқыда сұрыпталмаған және аралас болған кезде ол жерден көп нәрсені алуға болмайды. Мысалы, сынап қалдықтары (шам, батарея) ол жерден шықпайды, олар күйіп кетеді және бәрі атмосфераға көтеріледі, – дейді Әлиева.

Оның айтуынша, Назарбаев университеті мен Satbayev University ғалымдары жүргізген қалдықтардың морфологиялық талдауы еліміздегі тұрмыстық қалдықтың жартысын органика құрайтынын көрсетті. Тағы 30%-ы қайта өңделетін қалдықтарға (пластик, шыны, алюминий, металл, қағаз) тиесілі. Тек 15%-ы ғана – қайта өңдеуге болмайтын қоқыс (3,6 және 7 таңбаланған пластик, көп қабатты және композициялық қап­тама, тетрапак). Әлиева сілтеме жасап отырған өңдеушілердің бағалауы бойынша Қазақстанда 185 млрд теңгеге (Waste2Energy жобасының құны) алдын ала сұрыптау мен қайта өңдеу сала­сында 10-ға жуық зауыт салуға болады.

– Қалдықты сұрыптауды бастасақ, жақсы сұрыптау желісін салып, бұл ақшаны заманауи сұрыптау және қайта өңдеу зауыттарына жұмсайтын болсақ, онда елімізде қалдықтардың 80-85%-ын қайта өңдеуге болады, – деп түсіндіреді экология белсендісі.

Тәуекел БАҚАШ

 

1288 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы