• Қаржы
  • 18 Қазан, 2021

Реформаларды ел болып іске асыру қажет

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Соңғы бір-екі жылда әлемдік саясатта, экономикада орын алған оқиғалар пандемия жағдайындағы қоғамның күнделікті тынысы, әлеуметтің салауатты тірлігі қарапайым жеке адамның бақуаттылығына, оның өзінің де, өзгенің де өміріне жауапкер екендігін түйсініп-түсінуіне байланыстылығын тайға таңба басқандай етіп көрсетті. Мәселен, індетке шалдыққан жалғыз науқастың бетперде тақпай, той-томалақтар­да, көлік ішінде, әсіресе ұшақтарда ондаған, тіпті жүздеген кісіге ауру жұқтырғанын бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып жүрміз, мұның арты қандай қайғылы оқиғалармен аяқталғанынан да жақсы хабардармыз. Сөйтіп, әр адамның жамиғат мүддесін ескеруінің, белсенді азаматтық ұстанымының бүкіл елге, ауыл-аймақ, әулет пен жанұяға зор әсер ететінін ой елегінен өткізген өркениетті жұрттар арнайы бағдарламалар қабылдап, жүзеге асырып та жатыр. 
Бұдан бұрындары шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау салалары түбегейлі өзгерістер алдында тұрғанын тілге тиек еткен едік. Цифрлық технологиялар қолды қаншалық ұзартқанымен, көп нәрсе адам факторына байланысты екендігін түсіне бастағандаймыз. «Алдымен экономика» деген дүрмекке ілесіп, келешек ұрпақтың адамгершілік тәрбиесінде көптеген кемшіліктер жібердік. Бүгінгі оқушы мен студенттің ертеңгі маман, билік тізгінін ұстаған басшы екендігін ескермедік. Оқу орындарында әсіре ұраншылдық орын алды, ғылымның, ғалымның рөлі күрт төмендеді. Төрт құбыласы түгел министрдің, әкімнің, атқамінердің болмаса байшыкештің кандидаттық, докторлық дипломдарды «сән үшін» сатып алуы үйреншікті жағдайға айналды. Қызмет орындары саудаға салынды. Қазақ қоғамы моральдік құлдырау шегіне жақындады. Міне, осындай аумалы-төкпелі ахуалда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүкіл мемлекетті басқару жүйесін түбегейлі өзгерту, яғни реформалау жөніндегі батыл ұйғарымын дер кезінде қабылданған, ел дамуын жаңа, реалистік бағытқа бұруды көздейтін тарихи шешім ретінде қабылдадық. Бұл орайда Мемлекет басшысы тұжырымдаған «Есеп беретін мемлекет» қағидаты арнайы тоқталуға тұрарлық. Бұл қағидат ақпараттық ашықтықты, қолжетімділікті, қоғамға есеп берушілікті қамтиды. Ол азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысуына, сондай-ақ азаматтармен өзара іс-қимыл кезінде заманауи ақпараттық технология­лар мен жаңа коммуникация құралдарын кеңінен пайдалануға негізделеді. Ал, мемлекеттік басқару институттары үшін қоғамдық игілік жеке мүдделерден жоғары тұруға тиіс. «Азаматтардың үміттерін ескере отырып, сенімнің өсуі және барынша болжанатын саясат мемлекеттік басқару институттарының беріктігін нығайтуға ықпал етеді. Жоғары әдептілік стандарттарын сақтамай және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік танытпай, мемлекеттік басқару институттарына деген сенімді нығайту мүмкін емес», деген болатын президент. Ал, өмір шындығы нені көрсетіп отыр? Билік басындағылар жоғары әдептілік стандарттарын сақтап, ал жұртшылық болса сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік танытып отыр ма? Ақпарат көздерінің деректеріне қарасақ, бір ғана Жамбыл облысында ағымдағы сегіз ай ішінде 46 қылмыстық іс ашылған. Атап айтқанда, облыс әкімдігі ветеринария басқармасының Шу аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Д.Тілемісов және аталған мекеменің бас есепшісі С.Аукешева жүйелі түрде қылмыс жасау арқылы 62 миллион теңгеден астам мемлекет қаржысын талан-таражға салған. Сондай-ақ облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының міндетін атқарушы Зейнебеков, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдібеков, Жамбыл ауданы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильді жолдар бөлімінің басшысы Шаймқұлов та жауапқа тартылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев білім саласында бюджет қаржысын жымқы­ру, ауыл шаруашылығы саласында субсидия бөлу, денсаулық сақтау саласында үстемеақыларды заңсыз алу, әлеуметтік салада мүгедектік тағайындау, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында атқарылмаған жұмыстарды қабылдау барысында заңсыздыққа жол берілетінін атап өтеді. 
Бұл мәселеге Мемлекет басшысы өзінің биылғы жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауына баса назар аударған болатын. «Соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға екі триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Нормативтік негізін нығайтып, тиімді жоспарлау және мониторинг жүргізу жүйесін енгізу қажет. Субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуға тиіс. Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керек». Көріп отырғанымыздай, президент ілгері басуымызға кедергі келтіріп отырған келеңсіздіктерді тап басып танып, оларды жою жолдарын ұсынып отыр. Ендігі тірлік — Жолдауда көрсетілген құқықтық тетіктерге сүйене отырып, экономиканы нығайту, жемқорлықты тиып, халықтың әл-ауқатын жақсарту. Ал, мұның өзі қоғамдық сананы өзгертпей, ұйымдасқан сыбайлас қылмыскерліктің алдын алу үшін ел өміріндегі адал, принципшіл адамдардың рөлін нығайтпай, тәрбие жұмысындағы ұраншылдыққа қарсы майдан ашпай мүмкін болмайтын іс. Атқа мінген мансапқор емес, егін егіп, мал баққан қарапайым шаруа адамы мемлекетті басқаруға қатысты түйінді шешімдерді қабылдауға тікелей атсалысуы қажет. Сонда ғана президент қолға алған, ел өмірін түбегейлі өзгертетін реформаларды толыққанды жүзеге асыра аламыз.

 

1569 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы