• Энергетика
  • 18 Қазан, 2021

Адамзат ұмтылысы – қауіпсіз әлем, орнықты даму

Қазанның алғашқы жұмасында  «Энергетика – адамзат игілігі үшін» тақырыбымен Нұр-Сұлтан қаласында  Әлемдік энергия апталығы өтті.  Алғаш рет  Орта Азияда өткен әлемдік энергетика көшбасшыларының  жаһандық  жиыны – World energy week халықаралық қоғамдастықтың энергетикалық қауіпсіздікті, декарбонизацияны  және төмен көміртекті дамуды  қамтамасыз етуге деген ұмтылысын көрсетеді. 

Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы Дүниежүзілік энергетика кеңесімен (WEC) бірлесіп ұйымдастырған World еnergy week аясындағы  басты оқиғаның бірі – XIV Kazenergy Еуразиялық форумы болды.

Коронадағдарысты еңсеру­ге ұмтылған төрткүл дүние үшін маңызды апталық барысында сала министрлері, трансұлттық корпорациялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, жаһандық энергетика көшбасшылары мен белгілі сарапшылар бас қосқан мәжілістер тұрақты даму және қуат көздерін адамзат игілігіне пайдалану мәселелері бойынша ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейлердегі пікірсайыстар мен ашық диалогтар алаңына айналды, энергетикалық қоғамдастық үшін жаһандық ауқымды іс-шаралар мен мүмкіндіктерді ұсынды.

Аймақтағы энергетикалық сектордың басты халықаралық оқиғасына айналған XIV Kazenergy Еуразиялық форумы әлемдік энергетика саласы сыннан өтіп жат­қан қазіргі уақыт түйткілдері мен өзекті мәселелердің шешімдері қарастырылған маңызды алаң болды. Осы ретте World еnergy week жаһандық жиын мінбері­­нен сөйлеген сөзінде энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев бүгінгі таңда адамзат қоғамы энергия ресурстарына қажетті қолжетімділікті, барлық құр­лықтардағы тұтынушыларға мұнай мен газды тұрақты жет­кізуді одан әрі дамыту үшін энергия жинақтайтын қуаттардың сенімділігін, сондай-ақ қорша­ған ортаны қорғау жағдайларын қамтамасыз етуге байланысты өт­кен кезеңдерге қарағанда, әлде­қайда күрделі де ұзақ мер­зімді сын-қатерлерге ұшырап отырғанын атап өтті.

СOVID-19 пандемиясы эконо­мика­­ның барлық салаларының, оның ішінде мұнай-газ саласының дамуына теріс әсер етті. Қазіргі уақытта оның салдарын өндіруші елдердің бәрі бастан өткеріп отыр. Күш-жігер біріктіріп қана қарсы тұра алатын осы сын-қатер­лердің алдында бүкіл әлемнің қаншалықты әлсіз екенін өткен жыл айқын дәлелдеді. Баррель құнының біртіндеп қалпына келуіне қарамастан, мұнайға деген сұраныс серпіні әлі де біркелкі емес. Биылғы жыл әлемдік, оның ішінде қазақстандық мұнай-газ өнеркәсібі сыртқы нарықтар­да өндіруге шектеулерді сақтау және бәсекелестікті күшейту жағ­дайында жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күрес аясында өз міндеттемелерін іске асыру шараларын ұлғайта түсуде. Еуроодақта трансшекаралық көміртегі салығын енгізу жос­парланып отыр, осыған орай төмен көміртекті даму саясаты жанданатын болады. Жаһандық күн тәртібіне қойылып отырған осы мәселе «Самұрық-Қазына» қоры Дүниежүзілік энергетикалық апта аясында XIV Kazenergy Еуразиялық форумымен бірле­сіп ұйымдастырған «Энергетика – көміртегі бейтараптылығы және адамзат игілігі: Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер» атты панельдік сессияда қозғалған әңгіменің басты тақырыбы болды. Энергетикалық секторды декарбонизациялау тақырыбына арналған пікірсайысқа қазақстандық және халықаралық ірі компаниялар мен институттардың, «ҚазМұнай­Газ» ҰК» АҚ, «MASDAR», «Air Products», «Shell Kazakhstan B. V.», «Exxon Mobil Kazakhstan inc» және Азия даму банкінің өкілдері қатысты. Спикерлер жа­ңар­тылатын энергия көздерін, сутегі энергетикасын дамытудың перспективалық бағыттары мен жобаларын, көміртекті ұстап қалу және сақтау технологияларын енгізу жөніндегі бірлескен бастамаларды, сондай-ақ жасыл қаржыландыру құралдарын пайдалану аясын кеңейту мәселелерін талқылады.

Еліміздің жаһандық күн тәр­тібінде тұрған аталмыш мә­селеге қатысты қабылдаған шараларында басты күш-жігер тұрақты даму, экономиканы декарбо­низациялау және климаттың өзгеруіне бейімдеу, өндіріске озық технологияларды енгізу, жаңартылатын энергия көздерін, нақты егіншілікті және жалпы «жасыл» экономиканы дамытуға инвестиция тарту бағытында жұмылдырылмақ. Қазақстан Париж келісімін іске асыру үшін 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға азайтуды таргеттейді. Алға қойылған мақсатқа сай 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп, Қазақстан ұлттық деңгейде айқындала­тын шығарындыларды азайту жөніндегі үлесін жаңартты. Осы ретте «Самұрық-Қазына» АҚ стратегия, тұрақты даму және цифрлық трансформация жөніндегі тең басқарушы Ернат Бердіғұлов атап өткендей, елімізде парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі стратегиялық мақсатты іске асыру кешенді тәсілді талап етеді. Бұл – жаңартылатын энергия көздері, сутегін, көміртекті ұстау және сақтау технологиясын дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру ғана емес, сондай-ақ осы үдерісті цифрландыру, қаржыландырудың жаңа құралдарын дамыту, экология мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін ілгерілету.

2020 жылдың желтоқсан айында климаттық амбициялар бойынша өткен БҰҰ саммиті аясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан­ның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізу мақсатын жариялаған болатын. Бүгінде үкімет оны іске асыруға бағытталған тәжірибелік шараларды қабылдап, еліміздің 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптылығы­на қол жеткізу тұжырымдама­сын әзірлеуді қолға алды. Қазіргі уақытта аяқталу сатысындағы бұл құжат алдымыздағы қараша айында Глазго қаласында өтетін климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ конференциясында ұсы­нылатын болады. Құжатта ел эко­номикасының энергетикалық тиімділігін арттыру, электрлендіру және жаңартылатын энергия көздерін кең ауқымды пайдалану шаралары көзделген. Осы тұрғыда Қазақстан энергия өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін бұрын жоспарланған 2025 жылға емес, 2023 жылға қарай 6%-ға дейін екі есе арттыруды межелеп отыр.

Апталық аясында Инвес­тициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің жаңартылатын энергия көздерін дамыту және Қазақстанның төмен көмір­текті экономикаға көшуі мәсе­лелері қаралған отырысында үкімет басшысы Асқар Мамин Қазақстанның баламалы энергетиканы дамыту саласына шетелдік капитал мен озық технологияларды тарту үшін инвестициялық ортаны жақсарту жөнінде бірқатар шаралар қабылдағанын жеткізді. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2020 жылы жаңартылатын энергия саласында жалпы қуаты 600 МВт шамасында 25 жоба пайдалануға берілді. Инвестиция көлемі 510 млн АҚШ долларынан асты. Алдағы төрт жыл ішінде жалпы қуаты 2 400 МВт болатын 60-тан аса жаңартылатын қуат көздері жобасын пайдалануға беру жос­парланып отыр. Бұл жобаларға 2,5 млрд доллардан астам инвестиция тартылмақ. Бүгінде елімізде белгіленген қуаты 1 922 МВт болатын 124 жаңартылатын энергетика нысаны, атап айтқанда, 31 жел электр станциясы, 48 күн электр станциясы, 40 су электр станциясы, 5 биоэлектр станциясы жұмыс істейді. Сарапшылардың айтуынша, жалпы елімізде жел энергетикасын дамыту ынтымақтастықтың ең перспективалы бағыты болып табылады, осы ретте желдің күші мен жылдамдығы жоғары жерлерде жел генераторларын салу үшін де, Каспий жағалауында жел электр станцияларын орнату үшін де мүмкіндік мол.

Дүниежүзілік энергетикалық апта аясындағы ой-пікір алмасуларда айтылғандай, табиғи газ Қазақстанның энергия алудың заманауи әдістеріне көшуін ынталандырушы тағы бір негізгі факторға айналуы мүмкін. Осы ретте декарбонизациялау бағы­тындағы жұмыс аясында газ секторында реформаларды жүзеге асыру арқылы дәстүрлі түрдегіден неғұрлым таза жасыл экономикаға өту кезінде табиғи газдың әлеуетін отын «көпірі» ретінде сезіну және пайдалану аса маңызды.

«Энергетика адамзат игілігі үшін» деген тақырыбының өзі айтып тұрғандай, Әлемдік энергия апталығы аясында Қазақстан астанасында қол жеткізілген уағдаластықтар мен келісімдер елдер арасындағы қарым-қаты­настардың дәйекті дамуына, дүниенің төрт тарабындағы барша халықтың игілігіне айналар жобалардың іске асырылуына ықпал етпек.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

 

985 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы