• Ақпарат
  • 18 Қазан, 2021

Пандемияның төртінші толқыны кезіндегі ахуал қандай?

Бүгінгі күні  дүниежүзінде коронавирус  індетін жұқтырғандар саны 120 миллионға жетіп, олардың 8  миллионға жуығы  өмірден өткен. Әлем   ғалымдары мен  сарапшы-мамандардың  бірлесе жасаған  270 -тен аса вирусқа қарсы вакцинасы   қауіпті індеттің   түбегейлі  жойылуына қауқары  жетпей тұрған сыңайлы. Дегенмен  өткен жылдарға қарағанда,  екпіні  біршама бәсеңдеп, өлім-жітім азайғандай.  Елімізде қолданылып  отырған   «QazVac», «Спутник V», «Hayat-Vax» және «Коронавак» вакциналарының қатарына шілде айында  бесінші  вакцина  – «Спутник Лайт»  қосылғаны белгілі. 

Жоғарыда аталған вакцина­лардың ешқайсысы 18 жасқа дейінгі балаларға егілмеген болатын. Алайда соңғы уақытта балалар арасында түрлі штамдардың таралуына байланысты елімізде 12 жастан асқан балаларға Pfizer вакцинасын салуды жылдың аяғына дейін жүргізу қарастырылып отыр.

Жалпы шетелдік ғалымдар­дың алдын-ала мәліметтері бойынша, КВИ-ге қарсы ұжымдық иммунитетке жету үшін халықтың кем дегенде 60%-ын вакцинамен қамту қажет болса, бүгінгі күні «сары жолаққа» өтуіміз эпи­демиологиялық ахуалдың тұрақ­танып келе жатқандығынан хабар беріп, көңіліміз жайланғандай болған еді. Бірақ қай жолақта тұрсақ та қапиядан келген вирус ересектерді ғана емес, балаларды да шарпып өтпей қоймады. Әзірше ауыздықталмай отырған індетке Алматы қаласының өзінде 60 шақты бала шалдығып, ауруханада ем қабылдап жатыр. Өткен аптадағы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, 2020-2021 жылдар аралығында пайда болған штамдарға байланысты 1407 сынама зерттеліп, нәтижесінде наурызда «британдық» Alpha, «оң­түстікафрикалық» Beta штам­дары, маусымда «үнділік» Delta, тамызда «нигериялық» Eta штамдары анықталып, «SARS-CoV-2» вирусының түрлі нұсқа­лары­ның таралуын талдау және мониторингілеу жұмыстары жал­ғасып жатқандығын, сонымен қатар Қазақстанда КВИ жұқтыру қарқыны бойынша төрт толқын өткенін мәлім етті.

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференция­сында пандемияның одан әрі таралуын тежеу мақ­сатында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баян­даған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, жедел жәрдемнің ауруханаға жат­қызудағы жалғыз «көмекшісі» ретіндегі рөлін өзгертуге, қалада дерт жұқтырғандардың ауырлы­ғы мен эпидемия қарқынына қарай төсек-орындарды бас­қа­ру үшін инфекциялық ста­цио­нар­л­ардың жұмысы үш эшелонға бөлінгендігін, Алматыда МСАК жұмысы қайта жасақталып, онда 364 мобильді бригада құ­рыл­ғандығын және учаскелік дәрі­герлердің әлеуеті күшейтіліп, емханаларға қосымша 70 машина берілдігін, сонымен бірге өлім-жітіммен күресу үшін қаланың штаттан тыс бас реаниматологы бастаған бірыңғай реанимациялық топ жұмыс істеп жатқандығын атап өтті.

Бұдан өзге, тәуліктік қуаты 16 000 зерттеуге дейінгі 28 ПТР-зертхананың орталықтанды­рылған желісі (және 27 мыңға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар), 14 ИФТ-зертхана жұмыс істейді екен. Сондай-ақ Алматыда 28 КТ-орталықтан тұратын жал­пы­қалалық желі құрылған.

Баспасөз конференциясы кезінде Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Алматыда КВИ-дің тәуліктік өсімі 25 тамыздан бастап 1,16-дан 0,2%-ға дейін төмендегендігін және инфекция­лар санының төмендеуі шама­мен 74% құрағандығын айтты. Ал­ма­тылықтар былтырғы жылдың жазы мен биылғы жылдың басында «ухань» штамына байланысты екі толқыннан өтіп, көктемінде «альфа», шілде айында «дельта» штамынан туындаған инфекцияның ең ауыр кезеңін бастан өткерген екен. Мамандар салыстырмалы түрде талдай отырып, егер бірінші толқын кезінде қаламызда тәулігіне вирус жұқтырғандар саны 250 болса, екінші және үшінші толқын кезінде – шамамен 400 және 700, «дельта» штамында тәулігіне жұқ­тыру деңгейі 1600 және одан да көп болғанын атап өтті.

– «Дельтаның» шарықтау ше­гін­де тәулігіне жедел жәрдем шақыруларының саны екі еседен астам – 4000-ға дейін өскен, олардың 45%-ы КВИ және ковид­ті этиологияның пневмония­сымен байланысты. Бұл ретте КВИ төртінші толқыны кезінде стационарларға емдеуге жатқызу деңгейі 5 еседен астам ұлғайған. Егер бірінші толқын кезінде ау­руханаға жатқызу тәулігіне 250 адамға дейін, екінші және үшінші толқын кезінде – 400-450-ге дейін болса, төртінші толқын кезінде ауруханаға жатқызу деңгейі екі есе жоғары болды және тәулігі­не 800 пациентке жетті, – дейді Ж.Бекшин.

Мамандар коронавирус инфекциясын жұқтыру санының төмендеуіне қарамастан, қала тұрғындарын карантин режимін барынша жауапкершілікпен сақтауға шақырады. Адам көп жиналатын орындардан аулақ болу, бетперде режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтау, ойын-сауық мекемелеріне олардың жұмыс режимінен тыс бармау, сондай-ақ вакцина мәселесін кейінге қалдырмау қажеттігін тағы бір еске салды.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні оңтүстік астанадағы індеттің таралуы бойынша 254 симптомдық, 15 симптомсыз белгілері бар 269 жаңа жағдай тіркелген. Қаладағы инфекциялық стационарларда (3 179 төсек-орын) 1 394 адам (оның ішінде 60 бала) емделіп жатыр. Hiqh flow-да 32 аппарат үздіксіз жұмыс істейді. Алматыда бір тәулік ішінде 1-компонентті 1764, 2-компонентті 2672 адам екпе салдырған. Биылғы жылдың 1-ші ақпан 12-ші қазан аралығында екпенің 1-компонентін 971 860, 2-ші компонентін 891 040 адам алған. Оның ішінде 119 523 адам 60 жастан асқандар. Медициналық мекемелер, мектептер, мәдениет және спорт нысандарында, базарлар мен қаланың сауда ойын-сауық  орталықтарында 160 екпе пункттері қамтамасыз етіліп, 237 вакциналау бригадасында 1 028 медицина қызметкері жұ­мылдырылған.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

12528 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы