• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 18 Қазан, 2021

Ұлттық жобалар: Міндет пен меже – қуатты экономика, салауатты қоғам

Мемлекет басшысы өткен жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшуді тапсырған болатын. Осы ретте премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен сейсенбідегі кезекті үкімет отырысында мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін іске асыру аясында атқарылған жұмыс, еліміздің тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралып, үкімет ұлттық даму жобаларын бекітті.

Еліміздің өткен қаңтар-қыр­күйек аралығындағы әлеуметтік-эко­номикалық дамуы мен республи­калық бюджеттің атқарылу барысы туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтар баяндады.

Үкімет басшысы Асқар Мамин ұлттық экономиканың өсу серпінін «сенімді» деп бағалады. «Ұлттық экономикада сенімді өсу серпіні байқалады. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,4 пайызды құрады. Экономиканы қалпына келтіруге дағдарысқа қарсы уақтылы қабылданған шаралардың арқасында қол жеткізілді. Экономика дамуының негізгі драйвері нақты сектордағы өндірістің тұрақты өсуі болды.

Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,7 пайызға өсті. Соның ішінде, машина жасауда 22,8, автомобиль құрылысында 31,6, локомотивтер мен вагондар өндірісінде 50,5, құрылыс материалдарында 10,1, фармацевтикада 38,1, пластмасса бұйымдары өндірісінде 31,4, киім өндірісінде 14, жиһазда 14,9, дайын метал бұйымдарын шығаруда 17,2 пайыз өсім байқалады», – деді Асқар Мамин.

Қызмет көрсету секторы да ка­ран­тиндік шектеулердің азаюына байланысты сенімді түрде қалпына келе бастағаны атап өтілді. Қызмет көрсету секторындағы өсім сауда (+9,3%) мен байланыстағы (+13,0%) жоғары өсу қарқыны есебінен 2,9 пайызға жетті. Құрылыс 9,7%-ға өсті. 9 айда елімізде 10,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық. Инвес­тициялардың өсуін белсенді қалпына келтіру тау-кен өндірісін есепке алмағанда 2%-ды құрады, өсім 15,1% деңгейінде. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жоғары көрсеткіштері құрылыста (+126,3%), өңдеу өнеркәсібінде (+80,6%), саудада (+37,8%), ауыл шаруашылығында (+36,7%), жылжымайтын мүлікпен операцияларда (+18,9%), қаржы қызметінде (+15,6%), ақпарат пен байланыста (+14,3%) байқалды.

Өткен тоғыз айдың қорытын­дысы бойынша Алматы, Ақмола, Жамбыл, Қостанай облыстары және Шымкент қаласы барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы 6 көрсеткіш бойынша, Ақтөбе, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан облысына тиесілі.

Үкімет басшысы экономиканың өсу қарқынын арттыру және әртараптандыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру, азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу жөніндегі жұмысты күшейтуді, сондай-ақ инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Президенттің 2020 жылғы 1 қыр­күйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасы бойынша әзірленген ұлттық жобалар Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің биыл 24 қыркүйекте өткен отырысында қаралып, Мемлекет басшысы тарапынан тұжырымдамалық тұрғыда мақұлданған болатын. Атап айтқанда, биыл қабылданған Жалпыұлттық басымдықтарды, Ұлттық даму жоспары мен Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру мақсатында «Тұрақты экономикалық өсу», «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуы­ның драйвері», «2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Жасыл Қазақстан», «Цифрландыру, инновациялар және ғылым есебінен технологиялық серпіліс», «Білімді ұлт: сапалы білім беру», «Саламатты ұлт: әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау», «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобалары әзірленді.

Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін іске асыру аясында сала-сала бойынша атқарылған осынау үлкен жұмыс туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов баяндама жасады.

Өз кезегінде ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлеген үш ұлттық жобаны таныстырды. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу», «Кәсіп­керлікті дамыту» және «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты бұл жобалар еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспарын және «Nur Otan» пар­тиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша жол картасын орындау мақсатында әзірленді», – деп атап өтті министр.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасы индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ-химия, энергетика кешендерін, геология саласын дамыту және шикізаттық емес экспортты арттыру секілді 5 бағытты қамтиды. Аталған бағыттарды іске асыру аясында 6 міндет, 13 көрсеткіш және 55 іс-шара көзделген. «Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңге сомасына жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр. Ұлттық жоба 2025 жылға қарай тұрақты экономика­лық өсуді 5 пайыздан жоғары деңгей­де қамтамасыз етуге бағытталған. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын техно­логиялық жаңғырту бойынша шаралар қабылданатын болады. Өндіріс көлемін ұлғайтуға және өңдеу өнеркәсібі тауарларының аталымын кеңейтуге ықпал ететін 418 индустриялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Ұлттық жоба аясында 1000 белсенді экспорттаушы­ның сыртқы нарықтарға шығуы, сондай-ақ 350 жуық экспорттаушыны «Alibaba» және «Amazon» сияқты халықаралық электрондық платформаларға шығару қамтама­сыз етілетін болады», – деді Әсет Ерғалиев.

Жоба аясында өңдеу өнеркәсібінің жоғары технологиялық өнімдерін нарыққа шығару мақсатында 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ-химия зауытын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Энергетикалық кешенді белсенді жаңғырту арқылы электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6 пайызға жеткізілмек. «Қабыл­данған шаралар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемі 1,5 есеге артады. Шикізаттық емес экспорт 2 есеге ұлғайып, 2025 жылы 41 млрд долларды құрайды. Шикізаттық емес секторда негізгі капиталға инвестиция тартуды 75%-ға арттыру жоспарланып отыр. Экономикадағы еңбек өнімділігі 1,2 есеге өседі. Энергетикалық кешенді жаңғырту есебінен 2 000 мегаватт жаңартылатын энергия көздерінің қосымша қуаттарын іске қосу жүзеге асырылатын болады. Геологиялық зерттеулер аймағының көлемін 2,3 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту көзделіп отыр», – деді министр.

Үкімет отырысын қорытын­дылай келіп, премьер-министр Асқар Мамин ұлттық жобаларда көзде­лген іс-шаралар Мемлекет басшы­сының тапсырмаларына және «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында қойылған міндет­терге толық сәйкес келетінін атап өтті. Ұлттық жобаларды іске асыру экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырудың, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартудың факторына айналады. Қойылған міндеттерге қол жеткізу мақсатында ұлттық жобаларды бюджет қаражаты және жеке инвестициялар есебінен басым қаржыландыру көзделген.

Үкімет басшысы жобалық тәсілдерді қолдана отырып, ұлттық жобаларды сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Бетті дайындаған

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

300 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы