• Қаржы
  • 21 Қазан, 2021

Теңге неге әлсіреді?

Ұлттық валюта үшін іргелі факторлардың бірі – мұнай бағасы. Алайда мұнай қымбаттап, әлемдік шикізат нарығындағы жағдай оңала түскенімен, теңге нығаюдың орнына, әлсіреп барады. Әсіресе, соңғы уақытта теңгеге қатысты рубльдің күшейе түсуі неліктен деген сұрақтарға Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова жауап берді.

– Шындығында, биыл екінші тоқсанның ортасынан теңге баға­мының ресей рубліне қатысты біртіндеп әлсірей бастағаны байқалды. Қазіргі уақытта бір рубль – 5,98-6,00 теңге деңгейінде саудаланып отыр. Ұлттық валютаның ресей рубліне қатысты әлсіреуінің бірқатар объективті себептері бар.

Біріншіден, бұрын айтып өткені­міздей, экономикалық белсенділіктің қалпына келуі және соған сәйкес өтелмеген тауар сұранысын қамтамасыз ету импорттың өсуіне әкелді. Жалпы импорт көлеміндегі Ресей Федерациясының үлесі қашандағыдай қомақты болып отыр, ол биылғы жылдың қаңтар-тамыз аралығындағы кезеңде 40,7%-ды құрады. Бұл өткен жылдың есепті мерзіміндегі көрсеткішпен салыстырғанда 6,3 пайыздық тармаққа көп.

Екіншіден, жалғасып отырған қаржылық ынталандыру мен кірістің көбеюіне байланысты бизнес пен жұртшылық тарапынан өсіп отырған сұраныс аясында ресей тауарлары импортының ұлғайып отырғаны бай­қалады. Биылғы екінші тоқсанның қорытындысында Ресей импортының көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 36,1%-ға ұлғайып, 4,2 млрд АҚШ доллары сомасына жетті. Ал, бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш небәрі 2,4%-ды құраған болатын.

Осылайша, ел ішіндегі Ресей тауарларына деген жоғары сұраныс теңге бағамының рубльге қатысты нығаюын шектейді. Ресей рубліне өсіп отырған сұранысты Қазақстан қор биржасындағы теңге-рубль сауда-саттығы көлемінің ұлғая түсуінен де көруге болады. Атап айтқанда, 2021 жылдың бірінші тоқсаны барысында орташа сауда-саттық көлемі айына 1,9 млрд рубльді құраған болса, үшінші тоқсанда бұл сома 5,2 млрд рубльге жетті. Сондай-ақ айырбас пункттерінде де рубльдің сатылымы өсіп отырғаны байқалады, жылдың басынан бері бұл көрсеткіш 26,6% болды.

ТАУАР ИМПОРТЫНЫҢ ИНФЛЯЦИЯҒА ӘСЕРІ

Ресей тауарларына ішкі нарықтағы жоғары сұраныс теңге бағамына қысым көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар көрші елдегі жеделдеп отырған инфляцияның импорты арқылы еліміздегі тұтыну бағаларының қосымша өсуіне әкеледі. Ресейде инфляция 2020 жылдың желтоқсанындағы 4,9%-дан биыл қыркүйекте 7,4%-ға дейін өсіп, соңғы 5 жылдағы рекордтық деңгейге жетті. Қыркүйекте азық-түлік инфляциясының деңгейі 9,2%-ға дейін өсті, бұл, әрине, біздің елімізде де осы саладағы инфляция өсіміне әсер еткені даусыз.

 Теңге айырбас бағамының рубльге қатысты әлсіреуі және ұлғая түскен Ресейден келетін тауар көлемі аясындағы инфляция импорты Қазақстан экономикасы мен сыртқы саудасының қалыптасқан құрылымын көрсетеді. Әлемдік мұнай нарығындағы ахуал­дың оңалуына қарамастан, теңге әлсі­реуі­не себеп болып отырған жағ­дай­дың бірі осы.

Ұлттық банк теңгенің рубльмен парапарлығын таргеттемейді, теңге/рубль бағамы бұдан әрі де нарықтық жағдайға қарай қалыптасады.

 

ТЕҢГЕ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ НАРЫҚ

Ұлттық валюта үшін іргелі фактор­лардың бірі – мұнай бағасы. Алайда, шетелдік валютаға деген ішкі сұраныс және жаһандық қаржы нарықтарындағы теріс сентимент теңге серпініндегі басым факторларға айналды.

Біріншіден, АҚШ МБҚ кірістілі­гінің өсуі және АҚШ долларының жаһандық деңгейде нығаюы дамушы елдердің валюталарына қысым көрсетті. Мұнай бағасының айтарлықтай өсуіне қарамастан, дамыған және дамушы елдердің шикізат экономикасы валюталарының көпшілігі теріс аймақта болды. Канада доллары 0,5%-ға, Норвегия кроны бір айда 0,6%-ға, Индонезия рупиясы 0,3%-ға әлсіреді.

Екіншіден, теңге бағамына елеулі қысым шетел валютасына ішкі сұранысты көрсетуде. Экономикалық белсенділіктің қалпына келуі және импорттың өсуі теңгенің нығаюын шектейді. Нәтижесінде 2021 жылғы 9 айда биржада ЕДБ сатып алуы жылына 19%-ға ұлғайып, айына орта есеппен 2,6 млрд АҚШ долларына жетті. Фискалды ынталандырудың және зейнетақы жинақтарын пайдаланудың жалғасып отырған әсері импорт ұлғаюының және шетел валютасына сұраныс өсуінің қосымша факторы болып табылады.

Үшіншіден, жекелеген кезеңдерде қыркүйекте теңге бағамы абсолютті мәнде бір доллар үшін 424 теңге белгісіне жетті, оны халық айырбастау пункттерінде шетел валютасын сатып алу және шоттар бойынша конвертациялау үшін қолайлы деңгей ретінде қабылдады. Банктер туындаған қысқа позицияны жабу қажеттілігіне ие бола отырып, валюта нарығына жоғары сұранысты көрсетіп отырды. Нәтижесінде қыркүйектің қорытындысы бойынша, теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 425,75 теңгеге дейін, 0,1%-ға аздап әлсіреді. Сондықтан жаһандық контексте теңге бағамының серпіні жалпы үрдістерге сәйкес келеді.

Дайындаған

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

1323 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы