- Бизнес & Қоғам
- 21 Қазан, 2021
Нан бағасы қымбаттап кетті
Елімізде халықты азық-түлік өнімімен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті мәселесі болса, солардың ішінде ең бір маңыздысы – нан екені белгілі. Бірақ соңғы уақытта астық нарығында нан өнімін өндірушілер қарқыны бәсеңсіп, бүгінгі күні нан бағасы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай қымбаттаған. Осы ретте, елімізде нан өндіру деңгейі жылдан жылға төмендеп келеді, баға үнемі өсуде, деп жазады Energyprom.kz сайты.
Бүгінгі күні әлеуметтік маңызы бар нан өнімі тоқтаусыз қымбаттап, бір жылда 11 пайыздан асып отыр. Бұл халық үшін өте қолайсыз.
Сонымен, жаңа піскен нан өндірісі үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында 352,9 мың тоннаны құраса, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 17,9 пайызға азайып, өндіріс 9,2 пайызға төмендеген. Нан пісіру жағынан өзге аймаққа қарағанда алдыңғы орындағы Түркістан облысы төрттен бір бөлігін, яғни 89 мың тоннасын құраса, қалғаны Алматы (41,1 мың тонна) мен Ақтөбе (34 мың тонна) облыстарының еншісінде. Елімізде өткен жылы 539 мың тонна нан өндірілген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға аз. Жылдық өнім 2016 жылғы өсімнен кейін (1,1 пайыз) төрт жыл қатарынан төмендеген (1-инфографика).
Сатылымдағы нан бағасы өткен жылмен салыстырғанда 6,1пайызға, қара бидай ұнынан дайындалған нан бағасы 9,9 пайызға, жоғары сұрыпты бидай наны–7,8 пайызға, бірінші сұрыпты ұн–5,1 пайызға өсіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нан бағасының жылдық өсімі 11,6 пайызды құрап отыр. Қазіргі таңда барлық өңірлерде жаппай нан бағасы көтеріліп, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында 12 пайыздан асса, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында 9,5 пайызға жетіп жығылады. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша ең төменгі жылдық өсім Ақтөбе облысында (2020 жылғы қаңтар-қыркүйекте 1,2 пайыз), Шымкентте (2,6 пайыз) және Маңғыстау облысында (3пайыз) байқалды (2-инфографика).
Сонымен қатар қазақстандықтардың рационында нан тұтынудың төмендеуі осы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай нанын тұтыну орта есеппен жан басына шаққанда 16,5 кг, қара бидай наны – 1,3 кг болса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5-10,3 пайызға азайған.
Ал, қазіргі күні Алматы қаласының дүкен сөрелерінде «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты нанының орташа бағасы 150 теңгені құрап отыр.
Иә, ТМД ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге танымал бидайымыз өзімізде өсіп, әлемдік нарықта алдыңғы орынды иеленсе де еліміздегі нан бағасының қымбаттауы тоқтар емес. Оған ауыл шаруашылығы саласының мамандары егіннің бітік шықпауы мен астықтың қымбаттауы себеп десе, аталған саланың өнеркәсібінде техникада жұмыс істейтін адамдардың жетіспеушілігінен дейді, ал кейбір сарапшы-мамандар коронадағдарысқа байланысты егіс алқаптарында жұмыс істейтін компаниялардың бәсекеге қабілетсіздігінде деп отыр.
Осыдан біраз бұрын, ауыл шаруашылығының министрі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде: «Әлеуметтік нан бағасының күрт өсуіне жол берілмейді, Қостанайда түсім төмен, оңтүстік өңірде одан да төмен, қазіргі жағдайда тиісінше фермерлер үлкен шығынға ұшырап, астықтың өзіндік құны өсіп отыр. Бірақ өткен жылғы резервтерімізді ескерсек, қоймадағы 400 мың тоннаға жуық астық нарықты тұрақтандыру үшін жеткілікті болады. Біз әлеуметтік нан бағасының күрт өсуіне жол бермейміз. Ол үшін барлық құралдар, қажетті резервтер бар», – деген еді.
Айтып айтпай не керек, әр адамның дастарханынан түспейтін киелі тағам – нан бағасы бұдан әрі көтерілмеуі тиіс деген ой ғой біздікі.
ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА
1919 рет
көрсетілді0
пікір