• Бизнес & Қоғам
  • 21 Қазан, 2021

ЖОБАҒА ЕНБЕГЕН ЕКІ ЖАРЫМ МЫҢ АУЫЛДЫҢ КҮНІ НЕ БОЛМАҚ?

Еліміздің ауылдарын дамытуға алдағы төрт жылда 1,3 трлн теңге бөлінбек

Алдағы төрт жылдың ішінде елімізде ауылдық аумақтарды дамытуға 1,3 трлн теңге бөлінбек, осы қаржыға 3,5 мың ауыл қамтылады. 1,3 трлн теңгенің жартысы, яғни 670 млрд теңгесі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінбек.

Ауыл халқын ауыз сумен және жылдамдығы зор интернетпен 100% жабдықталады деген жоспар бар. Ауылды жерлерде 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Жергілікті маңызы бар жолдың 95%-ы жөнделмек. 12 мың км инженерлік желі жаңартылып, кент ішіндегі 10 мың км жол жөндеуден өтпек. Бес мың мектепті жаңарту және 315 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 3 жастан 6 жасқа дейінгі баланың 100%-ы қамтылмақ. 1 095 медициналық нысан, 1 719 спорт нысаны, 1,5 мың мәдениет нысаны салынып, жаңартылмақ.

Хош. Мол ақша бөлінеді екен. Ал ол қалай жұмсалады, ол өз алдына жеке әңгіме болатын сияқты, өйткені басталғанына екі жыл болған «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының толық оң шешімін тапқанына күмәні бар мамандар жоқ емес. Мысалы, сенатор Ақылбек Күрішбаев Пар­ламенттік тыңдауда ауылды дамыту бағдарламаларын сынға алған болатын.

– Мемлекет органдарының іс-әрекетінде алшақтық бар, олардың әрқайсысы өзінің жұмыс учаске­сіне ғана жауап береді. Мысалы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында бөлінген 55 млрд теңге осы себептен әлеуеті төмен саналатын ауылдардың инфрақұрылымын қаржыландыруға арналды. 2019 жылы стадион трибунасын, тротуар мен ғимарат қасбетін жөндеуге, жағалауды абаттандыруға 4,2 млрд теңге бөлінді. 2010 жылы тасымалданатын сумен 183 ауыл қамтылды. Бірақ, он жыл өтті, 105 ауылдың халқы бұрынғысынша су тасушыларға әлі тәуелді, Ал осы жылдар ішінде ауылды дамытуға миллиардтаған қаражат жұмсалған, – дейді Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев.

Сенатор «Ауыл – Ел бесігі» бағдар­ламасына да тоқталды. Кемшіліктің ішінде ол ауылды дамыту мәселесінде жергілікті атқарушы органдардың қызметінде үйлестірудің болмауын, осы процеске жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қатыспауын атап айтты.

– «Ауыл – Ел бесігі» бағдарлама­сы контурлы түрде, тек есеп айырысу жолымен жасалған. Оны дайындау кезінде ешқандай терең зерттеу жұмыстары жүргізілмеген,– дейді сенатор.

Ақылбек Күрішбаев өзге іс-ша­раның қатарында Ауылдық аумақ­тарды дамыту жөніндегі ұлттық жобаны қабылдауды және осы мәселені ұлттық экономика министрлігінен ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына өткізуді ұсынды.

Расында да, жергілікті жерде біраз табысты болғанымен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы экономиканың аграрлық секторын дамытудың мемлекет саясатымен байланыстыратын жүйесінің болмауынан ақсап тұр.

Ақылбек Күрішбаев ауылдық ау­мақтарды басқару кезінде ынтымақ­тастық және даму ұйымына қатысушы елдердің үш өлшем тәжірибесін қол­дануды ұсынады:

– елді мекеннің дамуындағы ба­сым­дықты халықтың өзі белгілейді;

– мемлекеттік органдар жергілікті бастаманы іріктейді және бірлесіп қаржыландырады;
– қаржыландыру кезінде өндірісті дамытудың және жұмыс орындарын құрудың мүмкіндігі ескеріледі.
Ауылда 7 млн адам тұрады екен, бірақ әр отбасының бір мүшесіне шаққандағы орташа табыс 23 мың теңгеден аспайды.
Соңғы 17 жылда ауылды дамытуға мемлекет түрлі бағдарламамен екі триллион теңгеге жуық қаражат бөлген. Сонда да жағдай түбегейлі өзгермей тұр. Қазір елімізде алты мыңнан астам ауыл бар. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауынша, солардың ішінде 3,5 мың ауылдың (56%-ы) ғана дами беретін әлеуеті бар екен. Ал қалған екі жарым мың ауылдың күні не болмақ? Ол туралы жұмылған ауыз ашылмайды...
Ресми статистика ауыл халқының орташа жалақысы 120 мың теңгеден жоғары дейді. Бірақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының екі миллион үйге жүргізген сауалнамасы басқа нәтижені көрсетеді:
– сұралғандардың тек 42,6%-ы ғана табыс табады;
– отбасының орташа табысы - 81,8 мың теңге (отбасының бір мүшесіне 23,1 мың теңгеден келеді);
– бір отбасына несиенің орташа көлемі – 900 мың теңге. 
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының мәліметінше, түрлі мемлекеттік бағдарлама бойынша ауылды дамытуға 17 жыл ішінде екі триллион теңгеге жуық қаражат бө­лінген, бірақ ол жобалардың жүзеге асуы  көңілді көншітпейді.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету проблемасын шешу үшін Үкімет ауылда жалға берілетін үйлер салу кезінде жұмыс берушінің шығынын субсидиялау тетігін әзірлеп жатыр. 
– Мемлекет пайдалануға беріл­геннен кейін үй құнының 50%-ын субсидиялайды. Бұл тетікті іске асыру ауылға білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді, – дейді индустрия және инновациялық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Тетік мынадай талаптарды көз­дейді екен:
– тұрғын үй ауданы 100 шаршы метрден артық болмауы керек;
– тұрғын үй құны 10 млн теңгеден аспауы керек (1 м2 = 100 мың теңге);
– үй құнының 50%-ына  мемлекеттен субсидия беріледі;
– жұмыс беруші мен бес жылдық мерзімдегі қызметкер арасында еңбек шарты болуы керек.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

2625 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы