• Мәдениет & Спорт
  • 29 Қазан, 2021

Шарын шатқалы халықаралық маңызға ие

Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ел үкіметінің 2004 жылғы 23 ақпанындағы №213 қаулысымен экологиялық, тарихи-ғылыми, эстетикалық табиғат байлығын қалпына келтіру және сақтау мақсатымен құрылған. 127 050 гектар жерді құрайтын парк Алматы облысына қарасты Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Кеген аудандарының аумағында орналасқан.

ЮНЕСКО-ның «Адам және био­сфера» Халықаралық коор­ди­нациялық кеңесінің 2018 жылғы 30-шы сессиясының шешімімен Халықаралық биосфера резерваттары желісіне «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі енді. Әлемдік деңгейдегі осындай ұйымның мәрте­бесі Қазақстан үшін өте маңызды. Өйткені біздің табиғи аумақ­тардың құндылығы халықарлық маңызға ие болып, қарқынды даму моделіне айналуға мүмкіндік алады.

Бұл таңғажайып табиғи орын Алматыдан 200 шақырым қашықтықта, Қытаймен шекараға жақын маңайда орналасқан. Шарынға өз жеке көлі­гіңмен де, қоғамдық көлікпен де жетуге болады. Ал демалыс күндері шатқалға арнайы туристік турлар ұйымдастырылады. Оған жету үшін жолға 3-3,5 сағат уақыт кетеді. Әлемнің әр түкпірінен келетін туристер Шарын шатқалын тамашалап, тіпті кейбіреулері осындай әсем жерді қайта көруге 2-3 мәрте оралғандары да бар.

Дүниежүзі бойынша ертедегі геология дәуіріне жататын ерен ағашты тоғайы тек екі жерде ғана сақталған. Ерен ағаш осы уақытқа дейін Солтүстік Американың Невада штатындағы Гранд шатқа­лын­да өссе, тамырын кеңге жайған екінші аймақ – еліміздің Шарын шат­қалы болып саналады.

Жуырда үкімет басшысы Асқар Мамин Қазақстандағы ең ірі ұлттық парктің бірі – «Алтынемелде» іссапар­мен болып қайтты. Сапар аясында «Qazaq­Geography» республикалық қо­ғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Орман Нұрбаев пен жоба жетекшісі Жәнібек Әлкеев премьер-министрге Шарын шатқалында шағын сәулет нысандарын орнату бойынша жұмыс нәтижелерін ұсынды, сондай-ақ осы екі ұлттық парктегі инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасымен таныстырды. Осылайша «Шарын» саябағында сусыз жұмыс істейтін эко-әжетханалар, демалуға арналған жаппалар, гроталар (арнайы көлеңкелі шатырлар), келген туристерге арналған ауыз су бұрқақтары мен шолу алаңдары пайда болды. Дәл осындай жағдай «Алтын-Емел» саябағының аумағында да жасалынады, ал әзірше мұнда жануарларды бақылауға арналған байқау мұнарасы орнатылған, уақыт өте келе тағы бірнеше мұнара орнату жоспарда бар.

Бұдан бөлек, «Шарын» туристік маршрутының бір бөлігі «Сарайлар алқабында»  туристерді бағдарлау үшін навигация жұмыс істеп, «Qazaq­Geography» ұялы оператормен серік­тестікте ұялы байланыс антен­наларын орнатты. Экотуризмді дамыту және «жасыл» технологияларды пайдалану, қоршаған ортаны сақтау бойынша «QazaqGeography» міндеттерін ескере отырып, антенналарды электр қуатымен қамтама­сыз ету күн батарея­лары және жел генераторларының көмегімен жүр­гізіледі. Өндірілген электр қуаты арнайы аккумуляторларда жинақ­талады және станцияны тәулік бойы энергиямен қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

614 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы