• Қаржы
  • 29 Қазан, 2021

Банк саласын сауықтыру басталды ма?

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz
 

Дамып келе жатқан елдер экономикасында қаржы-кредит мекемелерінің саны әлемдегі шаруашылық байланыстардың бірде үдеп, бірде баяулайтын қар­қынына қарай өзгеріп отырады, деген пікір бар. Бірақ, «көрпеге орай көсілуді» көздеген кей мемлекеттердің қаржылық реттеушілері кәсіпкерлер белсенділігіне баға бере отырып, жағдайдың ығына жығыла шешім қабылдайтыны рас. Жуырда Tengrinews.kz дереккөзі ақпарат кеңістігіне таратқан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қазақстанда тоғыз банк тарату сатысында тұрғаны жөніндегі ұйғарымын осы көзқарас тұрғысынан қабылдадық. Мұндай кездері жаутаңкөз жұртқа түсінік беріп, өз болжамдарын алға тартатын сарапшы-пікіршілер мен мәртебелі мекемелер жағынан, соның ішінде Агенттік пен Ұлттық банк тарапынан толымды әуезе-пайым естіле қойған жоқ. 
Әдетте түйткілі мол тұстардың тігісін жатқызуға тырысатын коммуникация мамандарының көпшілігі бұл ретте үнсіз қалуға бел буғандай. Банк тақырыбына бірқатар оқулық жазып, осы саланың баспасөз қызметіне басшылық жасағандықтан, әріптестерім әрекетіне түсіністікпен қараймын, әрине. Алайда, мұндай аумалы-төкпелі ахуал тек Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде орын алып отырғандықтан, қысылып-қымтырылудың жөні жоқ еді. Жаһанды қусырып келе жатқан пандемияның салқыны ең алдымен көлік-логистика кәсіпорындарын шарпыды, бұл орайда қаржы-несие мекемелері де аз зардап шеккен жоқ. Ал, қаржының артында – адам тұр. Ақпарат көздері таратылу алдындағы Валют-ТранзитБанк, Казинвестбанк, ДельтаБанк, Қазақстанның Эксимбанкі, Астана Банкі, Qazaq Banki, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan  кредиторларының талаптары заңнамада белгіленген кезектілік тәртібінде қанағаттандырылатынын атап өтуде. Заң тәртібіне сәйкес бірінші кезекте банк өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге жауап беретін жеке тұлғалардың жалақысы мен жалақысы туралы талаптар қанағаттандырылады. Ал, екіншіден – кепілдік берілген сома шегінде жеке тұлғалардың депозиттеріне қатысты «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ бойынша; үшінші кезекте – банк мүлкінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша;  төртіншіден – аффилиирленген тұлға болып табылмайтын жеке тұлғалардың депозиттеріне қатысты Қордың кепілдендірілген мөлшерінен асатын салымдары бойынша, сондай-ақ зейнетақы активтері есебінен салынған салымдар бойынша және «өмірді сақтандыру» саласында сақтандырылған сақтандыру ұйымдарының салымдары бойынша; бесіншіден – коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген санаттары (қайырымдылық ұйымдары, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, мүгедектер қоғамы) бойынша есеп айырысу жүзеге асырылады. Бұл аталған салымшы топтарына негізінен алғанда қарапайым халық кіретіндіктен, азаматтар құқығының қорғалуы басты назарда болуы керек. 
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұйғарымының бір ұшы ел басқару реформасына тіреле ме деген де тұжырым бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылғы қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында «Біз мемлекет банкирлерге көмектеспеуге тиіс деген шешім қабылдадық» деп ашық айтып, банк саласын сауықтыру мәселесін көтерген болатын. Сонымен бірге Мемлекет басшысы «инфляцияның бақылаусыз өсу проблемасымен бетпе-бет келдік, Үкімет пен Ұлттық банк бәрін әлемдік үрдіске жауып, инфляцияның алдында қауқарсыздық танытып отыр. Мұндай сылтау ұлттық экономиканың әлсіздігін көрсетеді» деп тайға таңба басқандай  көрсетті. Үкімет пен Ұлттық банктің басты міндеті – инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне қайтару. Жалпы сомасы 6,3 триллион теңге жұмсалған дағдарысқа қарсы шаралар жүзеге асырылғаннан кейін экономикада артық ақша пайда болды. Алайда, бүгінгі таңда бөлінген қаржы әлі бармай жатқан салалар бар. Екінші деңгейдегі банктер шағын жобаларға, әсіресе ауылға арнап ақша салмайды. Сондықтан, микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосу керек. Олар жергілікті жерде жұмыс істейді. Өзінің тұтынушыларын, олардың бизнесі мен мүмкіндіктерін жақсы біледі. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл мәселе бойынша шешімдер топтамасын әзірлеуі қажет. Стресті, тәуекелді активтер деңгейін төмендету жұмысы да айрықша маңызға ие. 
Банк тәуекелдеріне қатысты бірер сөз. Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша дамыған елдердегі ағымдағы жоғары инфляция уақытша сипатқа ие және 2022 жылға қарай инфляция пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралады. Дамушы елдер бойынша болжам теріс болып шықты. Азық-түлік өнімдері бағасының өсуінен және ұлттық валюталардың құнсыздануынан күтілетін қысымның сақталуы нәтижесінде Халықаралық валюта қоры дамушы елдерде инфляция жоғары болып қалады деп күтеді. Қазақстанмен біте қайнасқан Ресей бойынша 2021 жылдың соңына қарай ағымдағы уақытша факторлардың әсерінің сарқылуы аясында, сондай-ақ Орталық банк жүргізіп отырған саясатқа байланыс­ты инфляция да баяулайды деп күтілуде. Болжамды кезеңнің соңына қарай инфляция 4,0-4,5% диапазонына қайта оралады деп күтілуде. Мұның Қазақстан қаржы-несие жүйесіне де айтарлықтай әсері болуы мүмкін. Қор дамушы елдер үшін қосымша тәуекелдерді, сондай-ақ әлемдік орталық банктердің ақша-кредит саясатын тез арада қалыпқа келтіруі аясында сыртқы қаржы жағдайларын қатаңдату ықтималынан көреді. Қазақстандағы тоғыз банктің таратылуының аталып отырған фактормен байланысы жөнінде білікті мамандардың пікірін ести жатармыз. Өз кезегімізде біз бұл қадамды банк саласын сауықтыру саясатымен байланыстырғанды жөн санаймыз.

1011 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы