• Агроинновация
  • 29 Қазан, 2021

Жоба-жоспарлар ауқымды, атқарылған іс қандай?

Тәуелсіздік жылдары аграрлық кешенді дамыту жөнінде ауқымды жоба-жоспарлар түзіліп, «Ауыл – ел бесігі», «Ауыз су», «Дипломмен – ауылға»,  «100 мектеп, «100 аурухана» бағдарламалары қабылданғанымен, ауыл тұрғындары құбатөбел тірлік кешуде. Осы ретте сала экономикасын, алтын бесігіміз – ауылдың әлеуметтік ахуалын жақсарту жөнінде алға қойылған мақсат-міндеттер мен атқарылып жатқан нақты істер туралы ауыл шаруашылығы министрі Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ әңгімелеп берді.

– Қазіргі таңда ауылдық елді мекендерді жаңғырту (ауылдарда әлеуметтік саланы дамыту, оларды өсу мен орнықты даму нүктелеріне айналдыру) мақсатында Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2019 жылы қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы іске асырылып келеді. Бұл жобаның жауапты орындаушысы ретінде Ұлттық экономика министрлігі бекітілген.
Ауыл шаруашылығы минис­трлігі «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде аталған ведомство іріктеп алған ауылдық елді мекендерде агроөнеркәсіптік ке­шендегі инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысады.  Осы жоба қолға алынғаннан бастап, «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниялары іріктелген перспективалы ауылдық елді мекендерде 44 млрд теңгеге 6 210 жобаны қаржыландырды, бұл 12 219 жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Оның ішінде өсімдік шар­уашылығы өнімдерін: дәнді, майлы дақылдар мен көкөністерді өндіру бойынша 605 жоба; мал шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша 5 564 жоба: ет және сүт, ауыл шаруашылығы емес қызмет түрлері бойынша 41 жоба қаржы­ландырылды.
«Агробизнес» кредиттік өнімі бойынша 2 391 жұмыс орнын құра отырып,  9,1 млрд теңге сомасына 383 жоба, «Іскер» кредиттік өнімі бойынша 3,3 млрд теңге сомасына 435 жоба қаржыландырылды (529 жұмыс орны).

«Кең дала» бағдарламасы 7,9 млрд теңге сомасына 205 жобаға кредит беруге мүмкіндік берді (2 353 жұмыс орны). «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1,6 млрд теңгеге 167 жобаға кредит беріліп, 508 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік алды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1,3 млрд теңге сомасына 78 жоба қаржыландырылып, 246 жұмыс орны құрылды. Басқа кредиттік өнімдер шеңберінде 6 192 жұмыс орнын құра отырып 20,8 млрд  теңге сомаға 4 942 жоба қаржыландырылды.

Аталған АӨК жобаларын іске асыру үшін министрлік қажетті жағ­дайларды жасады. Мысалы, қаржы құралдарын жетілдіру шеңберінде айналым қаражатын толық­тыру­ға арналған кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау нормативі 5%-дан 7%-ға дейін ұлғайды, егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге сыйақы мөлшерлемесінен 9% субсидияланады.

Агроөнеркәсіптік кешен субъек­тілері үшін жеткілікті кепілдік базасы болмаған жағдайда, екінші деңгейлі банктер кредиттеріне кепілдік беру тетігі қолжетімді болады, ол Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы іске асырылады. Ке­пілдіктер кредит сомасының 50%-на, басым инвестициялық жобалар бойынша 85%-ға дейін құрайды.

Ауыл шаруашылығы саласында сақтандырудың жаңа жүйесі жұмыс істей бастады. Бұрынғыдан айырмашылығы, бұл ерікті болып табылады. Егер бұрын сақтандыру төлемдері субсидияланған болса, енді фермерлерге сақтандыру сыйақысы сомасының 50% субсидияланады. Бұл ретте сақтандыру аясы кеңейді, енді ол өсімдік шаруашылығы саласында ғана емес, сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешеннің басқа да салаларында сақ­тан­дыру мүмкіндігін ұсынады. Сақтан­дырудың бүкіл процесі Qoldau.kz платформасында онлайн-форматта жүреді.

Биыл жылдың басынан 145 мың га дәнді және майлы дақылдар егісі сақтандырылды. Сақтандыру жағдай­ларының нәтижесінде 818,8 млн  теңге төленді. Мал шаруашылығында 6 111 бас ірі қара мал, 86 бас ұсақ мал және 1 452,5 мың құс сақтандырылды.

Қой шаруашылығымен айналысатын фермерлерді ынталандыру мақсатында мал тұқымын асылдандыру және селекциялық жұмыстар жүргізу, сондай-ақ асыл тұқымды ірі қара мен қой малын сатып алуға арналған нормативтер ұлғайтылды. Сонымен қатар жалпы төрт түлікке қажетті мал азығы, жем-шөп шығын­дары субсидияланады, сүт өндірудің барлық деңгейі бойынша субсидиялар нормативі 10 теңгеге ұлғайтылды.

Мемлекеттік бағдарлама аясында бес жылға арналған ауылдардағы инвестициялық жобалар пұлы жалпы сомасы 4,5 трлн теңгеге 934 жобаны құрайды. Оның ішінде 40%-ы «Ауыл  – ел бесігі» жобасына байланысты іріктеліп алынған ауылдарда іске асырылады, бұл биыл 10 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

– Ербол Шырақпайұлы,  агроөнер­кәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2774,6 млрд теңге, оның ішінде өткен жылы 660,2 млрд, биыл 779,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржының биылғы қуаншылық зардаптарын еңсеруге қаншалықты септігі тиді?

– Бүгінгі күні аграрлық саланы дамытудың мақсаттары мен міндеттерін және күтілетін нәтижелерін айқын­дайтын негізгі құжат Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 шілдедегі № 423 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының агро­өнер­кәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасы болып табылады.

2017-2021 жылдарға АӨК мемле­кет­тік бағдарламасы аясында 1,5 трлн теңге бөлінді, соның ішінде: мал шаруашылығына – 477,9 млрд теңге; өсімдік шаруашылығына – 372,6 млрд  теңге; қайта өңдеу және қаржы құралдарына – 670,8 млрд теңге.

Мемлекеттік бағдарлама шең­берінде жайылымдық мал шаруашы­лығын дамыту және ет өндірісін ұлғайту мақсатында жайылымдарды суландыру, оның ішінде құбырлы және шахталы құдықтарды қалпына келтіру әрі салу жөніндегі іс-шаралар көзделген.

«Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» қағидаларына сәйкес «Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал шаруашылықтарын (құдықтар, ұңғымалар) сумен қамта­масыз ету» жоба­сының паспортына сай құбыр­лы және шахталық құдықтарды бұрғылау, сондай-ақ қажетті техника мен жабдықтарды сатып алу үшін 50%-дан аспай­тын шығындарды өтеу көзделген.

Бұл іс-шаралар агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған үлттық жоба  шеңберінде жалғастырылатын болады, онда шалғайдағы жайылым учаскелерін айналымға тарту және жайылымдардың инфрақұрылымын дамыту мақсатында жайылымдардың инфрақұрылымын дамытуға бағыт­талған инвестициялық салымдар кезінде шығыстарды ішінара өтеу түрінде мемлекеттік қолдау жалға­сатын болады.

Пайдаланылмайтын жайылымдарды суландыру үшін 2014-2020 жылдары республика бойынша 4702 бірлік құдық салу жоспарланған, іс жүзінде 8402 бірлік салынды (жоспар 179% орындалды), оның ішінде 5899 бірлік құдық субсидияланды.

Суландыру есебінен шалғайдағы жайылымдарға 122 мың бас ірі қара мал, 443,7 мың бас қой, 47,4 мың бас жылқы және 4 мың бас түйе шы­ғарылды.

Орташа мәнде жайылымдарды суландыру шаралары есебінен жақын маңдағы елді мекендердің жайылымдарына түсетін жүктеме 25%-ға қысқарды.

Бұдан басқа, «АНК» АҚ тарапынан қолайсыз табиғи жағдайлардан (малдың жоғалуы, құрғақшылық, жем-шөппен қамтамасыз ету проблемалары) зардап шеккен қарыз алушыларға келесі құжаттар негі­зінде жеңілдетілген нысанда қайта құрылымдау/ұзартуды ұсыну арқылы АӨК субъектілерін қолдау шараларын жүргізеді: несиені ұзарту/қайта құрылымдау туралы өтініштер; форс-мажорлық жағдайлардың туындауын растайтын уәкілетті мем­лекеттік органдардың жазбаша құжаттары (өсімдік шаруашылығы жобалары үшін қарыз алушының аумағында құрғақшылықты растайтын ауыл шаруашылығы бөлімінің анықтамалары; сондай-ақ мал шаруашылығы жобалары бойынша қарыз алушылардың аумағында мал азығының тапшлығы туралы ЖАО-ның анықтасы).

– Статистика деректері Қазақ­стан­да 1990 жылы 35 миллион бас, ал 2020 жылы 20 миллион бас қой-ешкі болғанына айғақ. Өсімтал түлік санының күрт кему себептерін атап өтсеңіз және мал басын көбейту жөнін­дегі жоспарларыңызбен бөліс­сеңіз.

– Статистикалық деректерге сүйенсек, 1990 жылдары қой мен ешкі саны 35,6 млн басқа жетсе, бұл көрсеткіш 2020 жылы 20,0 млн  басты құрап отыр. Өздеріңізге белгілі, 1990 жылдары Кеңес одағы құлдырап, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, нарықтық экономиканы дамытуға кең жол ашылды. Сол кезде колхоздар мен совхоздар тарап, мал жекеменшік қолға өтті. Алайда малға ие болғандар оны оңды-солды сатып, айырбастап, мал басын азайтып алды. Сөйтіп, 2000 жылдары қой мен ешкі саны 9,5 млн басқа дейін төмендеді. Сол уақыттан бастап, мемлекет тарапынан субсидия, жеңілдетілген кредит беру арқылы мемлекеттік қолдау жолға қойылып, кейін өз нәтижесін берді. Осыдан соң қой мен ешкі саны өсе бастады.

Қой етіне деген сұраныс артып, Араб және Қытай елдерінің қызығушылық танытуына байланыс­ты қазіргі күні қой шаруашылығына басым көңіл бөлінуде. Осыған орай 2020 жылы қой шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттік бюджеттен 16 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл 2019 жылдың деңгейімен салыстырғанда мемлекеттік қолдау көлемінің 35% артқанын көрсетеді. Нәтижесінде 2020 жылы қой саны 17,7 млн басқа жетіп, оның ішінде кәсіпорындар мен фермер қожалықтарында 8,4 млн бас, жеке шаруашылықтарда 9,2 млн басты құрап отыр. Былтыр қой басының өсімі ең жоғары көрсеткішке жетті, яғни бір жылда 837 мың басқа өскен. Қой тұқымын асылдандыру 16,1% немесе 2,8 млн басқа жетті. 2020 жылы ресми деректерге сәйкес, 300,1 мың бас қой сатылды, бұл өз кезегінде селекциялық жұмыстың  дамуына үлесін тигізетіні анық.

Жалпы агроөнеркәсіптік кешенді, соның ішінде қой шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдаудың тетіктері ретінде жеке тоқтала кете­тін мәселенің бірі – ғылыммен қамта­масыз ету болып табылады.

Қазір ішкі нарық отандық қой етімен 100%-ға қамтамасыз етілгенін атап өткім келеді. Мәселен, болжам бойынша 2026 жылы Қытай 232 мың тонна, Еуразия Одағы елдері 172 мың тонна, Біріккен Араб әмірлігі 228 мың тонна, Малайзия  46 мың тонна қой етін қажет етеді. Бұл кең байтақ елімізде қой шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндік беретіні анық. 

– Биылғы қуаңшылық жем-шөптің жеткілікті қорын жасаудың маңыз­дылығын көрсетті. Шаруашы­лық­тар­дың мал қыстатуға сақадай сай әзір­ленуі қажет. Оларға министрлік тара­­пынан қандай нақты көмек көр­сетілмек?

– Бүгінгі күні республика бойынша 23,9 млн  тонна пішен немесе 101%, 1,6 млн  тонна пішендеме немесе 101%, 1,4 млн  тонна сүрлем немесе 70%, 4,0 млн тонна сабан немесе 83%, құнарландырылған азық 2,5 млн  тонна немесе 44% дайындалды.

Құрғақшылықтан зардап шеккен Маңғыстау және Қызылорда облыстарына мал азығын сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеуге үкімет резервінен 3,6 млрд  теңге бөлінді.

Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері арасында азықты белгіленген бағамен өзара жеткізу және зардап шеккен шаруашылықтарға шөп шабу үшін 130 мың га жуық шабындық жер бөлу туралы шарттар мен меморандумдар жасалды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 210 мың гектар табиғи резерватта пішен шабуға рұқсат берді. Құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлердің кредиттерін ұзарту жүзеге асырылуда; темір жол көлігімен азық тасымалдауға жеңілдетілген тарифтер қолданылады (жеңілдетілген тариф нарықтық тарифтен 77%-ға төмен); қосымша 43,1 мың арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Маңғыстау облысында мал қыстату науқанына 77,0 мың тонна пішен, 53,0 мың тонна құнарлы азық қажет. 15 қазандағы жағдай бойынша өңірде 57,0 мың тонна пішен (жоспардың 75%-ы),  құнарландырылған  азық 34 мың тонна (64%) дайындалды. Пішен құнын арзандату мақсатында «Каспий» ӘКК» АҚ арқылы жергілікті бюджеттен қайтарымды 150 млн тең­геге әрбір ауданнан тағайындалған операторлар шамамен 2,8 мың тонна пішен әкелуді ұйымдастырады. Қазіргі уақытта 1,3 мың тонна пішен және 600 тонна арпа сатып алынды. Қызылорда облысы бойынша 815,0 мың тонна шөп (103%), 7,0 мың тонна сүрлем (88%), 163 мың тонна сабан (94%), 133 мың тонна құнарландырылған азық (62%) дайындалды.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰҚ» АҚ 200 мың тонна көлемінде мал азығының қорын құрды, сондай-ақ форвардтық  сатып алуға 20 млрд теңге сомасына жарғылық капиталды ұлғайтуға Ұлттық экономика министрлігіне қаржы-экономикалық негіздемесі жолданды. АӨК субъектілерін қолдау мақсатында  жеңілдікті шарттар ұсыну үшін жалпы сомасы 79,4 млрд теңгеге «2023-2025 жылдары азық дайындау техникасы мен мобильдік суару жүйелерін сатып алуға фермерлердің өтінімдерін қаржыландыру үшін бюджет қаражатын бөлу» инвестициялық жобасы әзірленді. Сонымен қатар ішкі нарықты қамтамасыз ету мақ­сатында биылғы жылдың 23 тамызында Ауыл шар­уашылығы министрінің міндетін атқарушы және Қаржы министрінің ірі азық түрлерін (пішен, сүрлем, сұлы және тұқымдық сұлы, қара бидай және тұқымдық қара бидай) сыртқа шығаруға уақытша тыйым салу туралы бірлескен бұйрығы күшіне енді. Қазірде жемдік астық (жұмсақ бидай (5-сынып), арпа және шрот/күнжара) экспортын квоталауды енгізу мәселесі пысықталуда. Сол сияқты жеке шар­уаның жағдайы қарастырылып, ауыл шаруашылығы құрылымдарына мал азығымен қамтамасыз етілмеген қосалқы шаруашылықтарды бекіту мәселелері пысықталды. Мал азығын дайындаудың қазіргі қарқыны ауыл шаруашылығы құралымдары мен жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басын қысқы кезеңде азықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы министр­лігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 2022-2025 жылдарға арналған азық өндірісі саласын дамыту жөніндегі жол картасының жобасын әзірледі. Қазіргі күні жол картасының жобасы орталық мемлекеттік органдардың қарауына ұсынылды.

                                                Дайындаған

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ

615 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы