- Қаржы
- 29 Қазан, 2021
Биржалық сауда: Әділ бәсекелестіктің орнығуына жол ашады

Қазанның екінші сәрсенбісінде Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген ұлттық даму жобаларының басты міндеті – экономика тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі күшейту, халықтың әл-ауқатын жақсарту. Он ұлттық жобаның бірі – Кәсіпкерлікті дамыту іскерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлік өрісін кеңейтуге, бәсекелестік ортаны дамытуға бағытталған.
Ұлттық даму жобалары қаралған үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев кәсіпкерлікті дамыту бағытында 10 міндет, 30 көрсеткіш және 69 іс-шара көзделгенін атап өтті. Жалпы аталған жобаны қаржыландыруға шамамен 8,5 трлн теңге қарастырылған, оның ішінде республикалық бюджеттен 1 трлн теңгеден астам қаржы, ал жергілікті бюджеттерден 125 млрд теңге бөлінбек. Сонымен қатар 7,3 трлн теңге сомасына жеке инвестициялар тарту көзделген.
Ұлттық жобаның басты міндеттерінің бірі – кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігі мен іскерлік белсенділікті арттыру. Министр кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында 690 мың шағын және орта бизнес субъектісі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылатынын айтты. «Бастау Бизнес» аясында жеке ісін ашқан кәсіпкерлер саны 2 есеге өседі, соның ішінде 55 мың ауыл кәсіпкеріне нақты қолдау көрсетілетін болады. Ұлттық тауар өткізу желісін құру және жаңғырту бағытында ауқымды шаралар атқарылмақ. Қазіргі заманғы озық үлгідегі сауда инфрақұрылымын құру мақсатында бірнеше қалыптағы сауда нысандары 6-дан 132-ге дейін ұлғайтылатын болады. Қабылданған шаралар ойдағыдай іске асырылған күнде, алдымыздағы бес жылдың көлемінде шағын және орта кәсіпкерліктің еліміздің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 35 пайызға дейін ұлғаятын болады.
Кәсіпкерлікті дамытудағы маңызды бағыттардың бірі – бәсекелестік ортаны кеңейту, нарықтағы монополистер үлесін азайту, мемлекеттің экономикадағы рөлін төмендету. Осы тұрғыда ұлттық жобаның «Бәсекелестікті кешенді дамыту» бағытының негізгі индикаторы бойынша 2025 жылға қарай экономикадағы орта кәсіпкерлік үлесін 10-нан 15%-ға жеткізу, реттеуші кедергілердің үш тобын жою арқылы мемлекеттің экономикадағы үлесін 14,8-ден 14%-ға дейін төмендету көзделген.
Осы тұрғыда биржалық сауданы дамыту басым бағыттардың қатарында қарастырылып отыр. Өйткені бәсекелестікті дамытудың негізгі проблемаларының бірі – ресурстарға қол жетімділіктің шектеулігі, делдалдықтың салдарынан өнім құнының тұтынушыға жеткенге дейін шарықтап кететіні, баға белгілеудің ашық еместігі болып табылады. Бұл кедергілер тауарлар мен ресурстардың тауар биржаларына шығуы арқылы жойылады. Мамандар бізде осы уақытқа дейін тауар нақты бағасы бойынша саудаланатын мұндай алаң болмағанын, биржалық сауда-саттық нарығындағы жағдай ашықтықтың, әділ нарықтық баға белгілеу мен нақты сауда-саттықтың болмауымен, көпшілік тауар биржаларының кәсіби біліктілік талаптарынан тыс қалуымен сипатталатынын айтады.
Биржалық сауданы дамыту баға белгілеудің бұрмалануын жойып қана қоймай, сауда-саттық көлемін ұлғайту мен биржадан тыс мәмілелердің кемінде 50%-ын тіркеуге жол ашады. Осылайша қандай да бір өнім өндіруге қажетті шикізат нарығын биржалық саудамен қамту арқылы делдалдардың бағаны көтеруге әсерін барынша азайтуға болады. Яғни биржалық сауда арқылы мүдделі органдар баға көрсеткішін бақылауда ұстауға мүмкіндік алады. Нәтижесінде бұл шаруашылықтың қай саласында болмасын кәсіпкерліктің дамуына кең өріс ашады.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында негізгі тауарларды тауар биржаларында өткізу үлесін 2025 жылға қарай 20 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл мақсатқа қол жеткізу нарықтың тәуелсіз қатысушыларына, оның ішінде 1,9 трлн теңгеден (5 жыл ішінде) астам сомаға шағын және орта бизнеске негізгі тауарларды (бензин, дизель отыны, авиакеросин, битум 20%, сұйытылған газ 100%, көмір 10%, бидай 5%-ға дейін) сатып алу-сату жөніндегі мәмілелерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, реттеушілер тарапынан мониторинг рәсімін жеңілдетеді. Осылайша, ұлттық жобаларда көзделген мақсат-міндеттерді сәтті жүзеге асыру әділ бәсекелестіктің кең қанат жайып, кәсіпкерліктің өріс алуына, экономиканың тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатының жақсара түсуіне жол ашады.
Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігі Биржалық бақылау
департаментінің басқарма басшысы
Бердібек БАЙТІЛЕУ:
– Біздің ойымызша, биржалық сауданы енгізу жер қойнауын пайдаланушылардың ресурстарына кемсітусіз қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде соңғы тұтынушы үшін баға белгілеу тізбегіндегі делдалдардың үлесін азайтуға әсер етеді.
Бұдан басқа, мұндай практика объективті нарықтық баға индикаторларын қалыптастыруға ықпал ететін болады. Биржадан тыс бағалар Биржамен салыстырылады. Нәтижесінде биржадан тыс бағалар биржадағыға жақын болады, бұл нарықтағы баға жағдайын теңестіреді.
Ұлттық жоба шеңберінде тауар биржаларында негізгі тауарларды өткізу үлесін 2025 жылға қарай 20%-ға дейін жеткізу жоспарлануда, бұл нарықтың тәуелсіз қатысушыларына сатып алу-сату бойынша мәмілелерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ реттеуші органдар тарапынан мониторинг рәсімін айтарлықтай жеңілдетеді.
РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

1256 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *