• Тұрғын үй
  • 29 Қазан, 2021

ҮЙ НАРЫҒЫНЫҢ «КӨПІРШІГІ» ЖАРЫЛҒАЛЫ ТҰР

Пәтер бағасы тұрақтай ма, жоқ, қымбаттай бере ме – сарапшылар не дейді? 

Кейбір сарапшының күткеніне қарамастан биыл үй бағасы тағы өсті. Баға «көбігі» бетіне шығып кетті... Ал «үрленіп, ауаға толып тұрған көпіршік» қашан жарылмақ? («Баға көпіршігі»  – тауар бағасы оның шын құнынан едәуір асып кететін құбылыс екені мәлім).

Жалпы, үй мен пәтер неге қымбаттай береді? Оның себебі бірнешеу.

Біріншіден, үлкен сұраныс бар. Басты себеп: ипотека нарығы қатты қызып тұр. Оның 52%-ы Нұр-Сұлтан мен Алматыда. Нарықтың төрттен бір бөлігі Маңғыстау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында қалыптасты. Банктер биылғы қаңтар – тамыз айларында 893 млрд теңгеге ипотека қарызын берген.

Екіншіден, биылғы бағаның өсуіне зейнетақы қаржысын мерзі­мінен бұрын алу процесі себеп болды. Банктер соңғы сегіз айда 265 мың азаматтың зейнетақы жинағын үй сатып алу үшін пайдаланды. Зейнетақы шоттарынан 1,7 трлн теңге аударылған.

Үшіншіден, құрылыс ма­те­риалының көктемнен бастап қым­баттауы. Құрылыс материалының кейбір түрі бойынша еліміздің импорт үлесі 80%-дан асады. Мысалы, әйнектің өзі толығымен шетелден келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылдың жеті айында құрылыс материалының импорты 368,5 млн долларға жеткен, бұл экспорттан 16 есе көп. Құрылыс материалын өндіретін өз зауытымыз жоқтың қасы.

Еліміздегі үй қорының жалпы ауданы – 373 млн шаршы метр, оның басым бөлігі (64%) қалаға шоғырланған. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент – осы үшеуі қала үйінің 40%-ға жуығын қалыптады. Бірақ бұл жерде банктер ақша таратушы ретінде әрекет етеді, ал нарыққа мемлекет қаражат құйған. Ол қаржыландыратын «7-20-25» және «Баспана Хит» жеңілдетілген ипотека бағдарламасы, Отбасы банкінің несие беру бағдарламасы үй бағасына қатты әсер етіп отыр.

Жылжымайтын мүлікті бас­қару компаниясының иесі Талғат Боранқұлов қазір баға шарықтау деңгейіне жетті деп санайды.

– Ипотекаға немесе бөліп-бөліп үй сатып алуға жұмсалған ақша эйфория жағдайында жұмсалды, өйткені қаражат зейнетақы қорынан бөлінді. Алушының 70 пайызы ақшаны үй сатып алу үшін бастапқы жарна ретінде қолданды. Меніңше, қазір олардың көбі ай сайынғы несиені төлеуге 200-300 мың теңге шығарады, бұл - 15-20 жылға арналған несие. Ал шамамен 1,5 жылдан кейін кейбір ел «несие күйзелісіне» ұшырап, несие төлеуден шаршай бастайды. Соның салдарынан пәтердің көбі сатылымға шығарылады, –  дейді Талғат Боранқұлов.

Сарапшы алдағы 1,5 жылда үй бағасының шамамен 15-20 пайызға түсетініне сенімді.

Қазақстан Жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов еліміздің қалаларында шаршы метрдің құны дұрыс бағаға сәйкес келмейтінін, сол себепті қайта бағаланғанын мәлімдеді. Пәтерді элит-класс, бизнес-класс, комфорт-класс және эконом-класс санатына бөле отырып, сарапшы «баға көпіршігі» үшінші және төртінші санатқа әсер етеді деп отыр.
Е.Мүсірепов тұрғын үйдің өзіндік құнын былай деп көрсетті: 4-санат: шаршы метріне 220 000 теңге; 3-санат: шаршы метріне 250 000 теңге; 2-санат: импорттық құрылыс материалын пайдалануға орай бір шаршы метр үшін 270 000-нан 350 000-ға дейін; 1-санат: импорттық құрылыс материалын пайдалануға орай бір шаршы метр үшін 300 000-нан 700 000-ға дейін.
– Соңғы үш жылда сатып алынған ипотека пәтерінің бағасы енді сабын көпіршігіндей басылып кетуі мүмкін. Төлем қабілетіміз қазір нөлдік деңгейде, ипотекаға пәтер сатып алғандар табысынан айрылып қалуы ықтимал, сонда барлық салмақ нарыққа шығарылады. Сол кезде баға 30-40 пайыз түседі, –  дейді Ермек Мүсірепов.
Қазақстан Жылжымайтын мүлік федерациясы президентінің пікі­рінше, пәтер бағасы бір жылдан кейін түсуі мүмкін. 
– Нарықтың 90 пайызы ипотека арқылы сатып алынады. Тіпті соңғы екі-үш жылда ипотеканы субсидиялау басталды. «7-20-25», «Баспана», «Баспана Хит» секілді мемлекеттік бағдарлама бүкіл на­рық пен құрылыс индустриясына әсер етті. Енді бүгін үй нарығында тоқырауды көріп отырмыз. Карантин процесі жүріп жатқандықтан елдің біразы жұмысынан айрылады, ал көпшіліктің табысы тіпті мемлекеттік бағдарламамен пәтер сатып алуға жетпейді. Қолма-қол есептесуді айтпағанда, – деді ол.
Қазақстан Риэлтор қауымдас­тығының президенті Нина Лукьяненко «тұрғын үй бағасы енді өспейді, бірақ бағаның түсе қоюы да неғайбіл» дейді. Ал сарапшы Андрей Чеботарев болса, жеңілдетіл­ген бағдарламалар «жойылмайды, керісінше, оңтайлы ұсыныстарымен нарықты кеңейтеді, сондықтан қазір бағаның түсуіне алғышарт жоқ» деп отыр. 
– Жаңа бір қаржылық дағдарыс келмесе, алдағы екі жылда үй бағасын түсіретін себеп көріп тұрғаным жоқ. Дағдарыс жағдайында ғана үйдің бағасы төмендейді, – дейді ол.
Сарапшылардың пікірі әзірге осылай екіге жарылып тұр.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

841 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы