• Аймақ тынысы
  • 04 Қараша, 2021

Алып шаһардың жүгін жеңілдетпек

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашовтың төрағалығымен Gate city серіктес қаласының болашақтағы дамуына қатысты жиын өтті. Кездесуге «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ, «Алатау» АҚ, «BI Group» холдингінің өкілдері, тиісті басқарма, департаменттердің басшылары қатысты. Жиында серіктес қаланың бас жоспарын өзгерту, оның аумағында тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды дамыту мәселелері  қаралды.

Биыл тамыз айында Алматы облысының әкімдігі мен «BI Group» холдингі арасында Gate city серіктес қаласындағы тұрғын үй кешендері­нің құрылысы туралы меморандум жасалған болатын. Онда 450 мың шаршы метр тұрғын үй, бірнеше мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, сол сияқты саябақтар мен скверлер салу жоспарланған.

«BI Development Almaty» бас директоры Айдос Мұқатаевтың айтуынша, тұрғын үй кешені 36 га жерде орналасады. Қазіргі кезеңде жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, геологиясы зерттелуде, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті барлық көмек көрсетіліп жатыр. Инвестор компанияны инженерлік желілерді Іле ауданы әкімдігінің балансына беру мәселесі алаңдатқан, себебі содан кейін ғана болашақ үйлерді желілерге қосуға мүмкіндік туады. Сол сияқты Айдос Мұқатаев компания облыспен барлық мүмкін болған бағыттарда ынтымақтастық байланысты кеңейтуге ниетті екенін де жеткізді.

Өз кезегінде «Алатау» АҚ басқарма төрағасы Асқар Тұтұбаев жалпы ұзындығы 84,5 шақырымды құрайтын Gate city инженерлік желілерінің бүгінде бәрі салынып, іске қосылғанын атап өтті. Бұл жұмыстарға 36 млрд теңге қаржы жұмсалған. Соның ішінде  су желісі – 25, электр желісі – 16, жылу  жүйелері – 12,5, газ желісі – 10,2 және су тарту желісі 18,3 шақырымды құрайды. Қазіргі кезде олардың бәрін Іле ауданы әкімдігінің балансына өткізу-қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Барлығы 21 нысан берілуі тиіс болса, бүгінгі күнге соның 3-еуі толық өткізіліп болған.  Атап айтқанда, Көкпа-1 қосалқы электр стансасы, қуаты тәулігіне 2 мың текше метрлік «Ынтымақ» бас тоғаны және өндіру қуаты сағатына 35 мың текше метр болатын  автоматты газ тарату стансасы. Қарашаның соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады, яғни келесі жылыту маусымы басталғанға дейін барлық желілерге жүктеме беріледі.

Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Темерлан Бектасовтың сөзіне сүйенсек, серіктес қаланың бас жос­парына Алматы агломерациясын дамыту жоспарына сәйкес түзетулер енгізіліп жатыр. Жоспар бойынша оның жалпы аумағы 2370 гектарды құрап, халқының саны 95 мың адам болмақ. Жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу, 900 орындық мектеп пен 280 орынға арналған балабақшаның және 250 орынға лайықталған емхананың құрылысына қажетті жерлерді анықтап, белгілеу жұмыстары аяқталды.

Бас жоспарды түзетумен айналысып жатқан «ГРАДО» жобалау фирмасы» ЖШС бас директоры Аркинжан Маметов бас жоспарға Gate city аумағында тұрғын және рекреация­лық аумақ пен әлеуметтік нысандар салу жөніндегі инвестициялық ұсыныстарға байланысты өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты. Оның аумағында қаланы Қапшағаймен жалғастыратын метрополитен, жеңіл рельсті көлік трассасы салынады деп жоспарланған. Жалпы бас жоспарда Алматы қаласына жақын аумақтардың дамуы назарға алынып, оның барлық ұсақ-түйегіне дейін ескерілді. «Бірінші кезекте серіктес қаланың бас жос­парына тиісті түзетулерді толық енгізіп, бекітіп алуымыз керек. «BI Group» холдингінің өкілдері, сіздер өздеріңізге бөлініп берілген жерлерге салынатын құрылыстардың егжей-тегжейлі жоспарын тездетіп бізге ұсыныңыздар. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Бұл мәселе облыс әкімінің тұрақты бақылауында», –  деді Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов.

Сонымен бірге жиын барысында «BI Group» холдингі еншілес компаниясының өкілі Адат Әділхан Алматы облысында модульді блок шығаратын  «ModeX» зауытын салу мүмкіндіктері туралы айтты. Оны Талғар ауданындағы «Қайрат» индустриалды аймағында орналастыру жоспарланып отыр. Модульді блоктар мерзімінде өндірілген жағдайда шудан оқшаулауды қамтамасыз ете отырып, бір тәулікте көпқабатты үйдің бірінші қабатын жинақтауға болады. Сөйтіп 16 қабатты ғимаратты 2-3 аптада тұрғызуға болады. Мұндай құрылыстар қазір Жапонияда қарқынды жүргізілуде, бұл жалпы халықаралық озық тәжірибе болып саналады. Модульді блоктарды қолдану көпқабатты үйлер мен жеке коттедждерді салуда ғана емес, шағын жинақты мектептер мен емханалар құрылысында да қолайлы.

Айта кетейік, осындай алғашқы көпқабатты үй еліміздің бас қаласында салынған болатын.

Нұрлан ҚҰМАР

414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы