• Халықаралық форум
  • 04 Қараша, 2021

Тұрақты даму және жасыл технологиялар

Үстіміздегі жылы қараша айының 1-3 күндері аралығында Қазақстан-Британ техникалық университетінің мәжіліс залында  «Орталық Азиядағы энергетикалық және гидротехникалық кешендердің инновациялары мен жаңғыртылуы» тақырыбында онлайн және оффлайн форматында халықаралық форум өтті.

Форумды Біріккен ұлттар ұйымы, Еуразиялық эконо­микалық одақ ЕЭК, БҰҰ АТМЭӘК, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ұлттық Ғылым академиясы, Халықаралық жасыл технология­лар және инвестициялық жобалар ор­талығы, энергетикалық инте­грацияның халықаралық ғылы­ми-зерттеу орталығы (IRDCEI) және Қазақстан-Британ тех­никалық университеті бірлесе ұйымдастырды.

Бүгінде Орталық Азия ел­дерінің экономикасын әр­тарап­тандыру және өзара то­лық­тыруды, өңірішілік сауданы ұлғайтып, өңірлік ынты­мақтастықты кеңейтуге бағыт­талған ұмтылыстарда шектеу­лер де жоқ емес. Мәселен, көлік және сауда байланыстары мен ескірген инфрақұрылымнан бас­тап өнеркәсіптік тиімділікті, энергетикалық қауіпсіздікті, на­рықтағы қолжетімділік пен сау­дадағы кедергілерді, климаттың өзгеруінен табиғи апаттар мен су ресурстары қорларының сар­қылуы қауіп төндіруде. Бұндай климаттық ауытқулар тіршілік көзі мен экономикаға тікелей әсер етіп, су және энергия саласын дамытуда айтарлықтай талап пен табандылықты қажет етеді. Осы мақсатта өткізіліп отырған бұл бас қосу болашақта өз нәтижесін берері сөзсіз.

Аталған форумды Қазақстан-Британ техникалық университеті ректорының міндетін атқаушы (басқарма төрағасы) Маратбек Габдуллин ашты.

Форумның алғашқы күнінде тұрақты даму мақсатын 7-ге қол жеткізуді қолдау үшін ТМД елдерінің энергия жүйелеріне жел және күн энергиясын енгізу есебінен энергетика саласындағы трансшекара­лық ынтымақтастықты кеңейту тұрғысында, БҰҰ ЕЭК Тұрақты энергетика бөлімінің басшысы Стефани Хельд шолу жасап, түс ауа БҰҰ ЕЭК REN 21 жаңартылатын энергия көздерінің жай-күйі туралы Франциядағы REN 21 атқарушы директоры Рана Адиб (онлайн) өз ойын білдірді. Форум спикерлері өндірістік секторлар мен жасыл технологияларға баса назар аудара отырып, өңірлік экономикалық ынтымақтастықты нығайтуды, өңірдегі тұрақтылықтың және өңірдің жаһандық өндірістік өткізу тізбектеріне одан әрі инте­грациялануының маңызды факторы екендігін атады. Орталық Азия елдері 2030 жылға қарай тұрақты даму мақсатына қол жеткізуде қызмет етіп, қалыпқа келтіру үшін құрылымдық экономиканы қайта құруға неғұрым кешендік тәсілді қолданудың маңыздылығына жете түсіністікпен қарайды. Ол тамыздағы Түркіменбашы қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары бас қосқан 3-консультатив­тік кеңесте, көлік-транзит, сауда, туризм секторында көпсалалы ынтымақтастықты одан әрі терең­детудің, инновациялық, энергия үнемдейтін электрондық технологияларды енгізудің маңыздылығы, инновациялық бағдарламалар мен жобаларды бірлесіп іске асыру үшін күш-жігерді біріктіру керектігін, сондай-ақ әлеуметтік және экономикалық өсудің жаңа көздерін іздену мақсатында ғылыми-технологиялар мен инновацияларды бірескен зерттеулер саласында тиімді жұмыс жасауды және осы жылдың 15 қазаны күні Ташкентте өткізілген Орталық Азия елдерінде энергетикалық, су мен жер ресурстарын тиімді дамыту жөнінде жоғары деңгейдегі диалогта нақтылай атап айтты.

Форумның екінші күні энергия мен суға аймақтық қажеттіліктерді анықтау және басымдылық беруде Орталық Азиядағы тұрақтылық үшін экономикалық ынтымақтастық пен жасыл технологиялардың рөлін жоғары деңгейде талқылаудан бас­талды. Интерактивтік пікірталаста KazEnergy атқарушы директоры Марат Калменов энергетика саласындағы басымдықтар мен мүм­кін­діктерді айқындау қажеттілігін атап өтті.

Өңірдегі тұрақтылық құралы ретінде экономикалық даму және экологиялық таза энергетикалық технологиялар жөнінде сөз алған Тәжікстан өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Фарход Билолзода, ҚР ҰҒА академигі Владимир Школьник, Самұрық-Энергоның басқарушы директоры Серік Төтебаев, Парижден (онлайн) энергетикалық нарықтар және қауіпсіздік жөніндегі директоры Кейсуке Садамори, Лондоннан Еуропалық қайта құру және даму банктің директоры Аида Ситдикова (онлайн) және тағы басқалар Орталық Азия және өзге елдерде энергетика, су, инновациялар сала­сындағы жобаларды бұдан әрі жетілдіріп, өңірлік тұрақтылық пен климаттық дағдарыстың алдын алуды, өнеркәсіптік инфрақұрылым, энергияны көп қажет ететін құры­лымдар мен технологиялық кластерлердегі көміртекті бейтараптандыру, мұнай, газ және көмір нарығын, қоршаған орта, су, сауда инновациясының өзара байланысты қарым-қатынас­тық негіздеріне тоқталды. Форумға қатысушы­лар 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты дамудың күн тәртібіне орай, аймақтың тұрақты экономикалық дамуы мен декарбонизация бағытындағы жол картасы мен олқылықтарды ашып, «толық аяқталған» жобаларды анықтауда презентациялар мен баяндамалар жасады. Орталық Азиядағы тұрақты энергетиканың күн тәртібіндегі прогресті қадағалауда Тәжікстан мен Қырғызстан елдеріне 7 тұрақты даму мақсатындағы жол картасын өңір үшін үлгі ретінде әзірлеуді БҰҰ АТМЭӘК экомикалық мәселелер жөніндегі маманы Анис Заман, Қазақстан және жаңа іргелі зерттеулер әлемдік энергетикалық секторы жөнінде Ұлыбританиядан (онлайн) Орталық Азия бойынша Кембридж форумының директоры Саксена Сиддхардт, 2030 жылға қарай Қазақстанның төменгі көміртекті да­муға энергетикалық көшуі және 2050 жылға қарай көміртекті бейтарапты­лық жөнінде Энергетикалық интеграциясы халықаралық ғылыми орталығының ғылыми үйлестірушісі Марат Көшімбаевтар өз ойларын айтты. Энергетикалық қауіпсіздік, декарбонизация, электр энергиясына байланысты көміртекті бейтараптылық пен энергияны аса қажет ететін орындарды, Азия-Тынық мұхит өңіріндегі электр желісіне қосылудың жол картасы Орталық Азия мен көршілес елдер үшін өзекті екендігін атады.

Форумның үшінші күні Орталық Азиядағы экологиялық таза энер­гетикалық технологиялар мен инно­вацияларға инвестициялар салу тақы­рыбымен басталды. Жаңартылған энергия көздері, оның ішінде күн, жел, су және биоэнергетика жобалары аясында өрбіді. Бұдан бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен Үкіметке электр генерациясындағы жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15%-ға дейін арттыруды тапсырдым. Бүгінгі таңда 2000 МВт жаңартылатын энергия көздері пайдалануға берілді. Алайда, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін тек жаңартылатын энергия көздеріне деген міндеттеме жеткіліксіз. Сондықтан Үкімет энергия өндіру, энергияны үнемді пайдалану, цифрландыру және орнықты экономикалық өсу сияқты түйінді бағыттарда ілгерілеуге ықпал ететін бірқатар ұлттық жобаларды әзірлеуде», — деген еді. Осы мақсатта форумға қатысушылар, Орталық Азиядағы су ресурстарын басқаруға арналған жел және гидроэнергетика, жаңартылатын энергия модельдерінің орталығы мен кремний күн батареяларын, жел трубинасын және жұқа пленкаларды жасау мен дамытуды қаржыландыратын өңірлік жобалар портфелін әзірлеу керектігіне тоқталды.

Сонымен қатар сейсенбі күні Шотландияның Глазго қаласында климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Негіздемелік конвен­циясы­ның Әлем көшбасшылары саммитіне (СОР26) қатысқан премьер-министр Асқар Мамин 2025 жылға қарай көмір­ден өндірілетін энергия үлесі 40% дейін төмендейтіндігін айтқан болатын.

Үкімет басшысы өз сөзінде Қа­зақстан әлемде алғашқылар­дың бірі болып Париж келісімін ра­тификациялағанын (2016 жылғы 6 желтоқсанда) және ондағы құжатты жүзеге асыруда еліміз 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 15% қысқартуға ниетті екендігін айтты.

«Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергия көлемін 3%-дан 15%-ға дейін 5 есе, экологиялық таза көздерден өндірілетін энергия өндірісін 20%-дан 38%-ға дейін 2 есе арттырады. 2025 жылға қарай 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру әлеуеті жоғарлайды. Көмірден өндірілетін энергия үлесі 70%-дан 40%-ға дейін төмендейді деп жоспарлануда», – деді Асқар Мамин.

 Премьер-министр 2020 жылы желтоқсанда өткен Климаттық амбициялар жөніндегі саммитте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсатын жариялағанын атап өтті. Үкімет оны іске асыру үшін энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл, орман шаруашылығы, көлік, ТКШ және қалдықтарды кәдеге жаратуға баса назар аудара отырып, экономиканың барлық секторларында елеулі реформаларды көздейтін стратегиялық құжат әзірленіп, аяқталуда екендігін атады.

 Қазақстан келешекте көміртекті бейтараптандыруға жер мен суды пайдаланудың орнықтылығы мен экономиканың энергетикалық тиім­ділігін арттыруда электрлендіру және экологиялық таза, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін кең ауқымда пайдалану арқылы қол жеткізетін болады. Соның арқасында парниктік газ шығарындыларын азайту жоспарын іске асыру кезінде нарық тетіктері мен жеке инвестициялардың әлеуеті барынша пайдаланылады.

Елімізде «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай электр энергиясын өндірудің жалпы көлемі 10 пайызға, ал 2050 жылы баламалы энергия 50 пайызды құрауы керек. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш 3 пайызды құрап отыр. 2020 жылдың соңында Қазақстан­да электр энергиясының өндірісі сағатына 108 млрд кВт құрады, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі сағатына — 3,15 млрд кВт. Таза энергетиканы дамыту­дағы айтарлықтай жетістіктерге қа­рамастан, оны дәстүрлі энерге­ти­каның толыққанды баламасы деп айтуға әлі ерте. Әзірге Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінен алынатын қуатты пайдалануға толық көшудің ауылы тым алыс, деп отыр мамандар.

Форум соңында үкіметтік, жеке және қаржы секторының сарапшылары өз пікірлерімен бөлісіп, аталған саладағы мүмкіндіктер туралы тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас орнатудың өңірлік теңгерімсіздіктерді қалай еңсере алатыны туралы сұрақтарға жауап берді. Басымдықтарды ілгерілету және өңірлік ынтымақтастықты нығайту үшін қажетті платформа ұсынылды. Осыған орай, қатысушылар қоғам­дық дамудың негізі ретінде энергия мен суға қатысты кең спекторлы жаңартылған энергия көздері мен энергияны аса қажет ететін құры­лымдарды декарбонизациялау, көміртектің экономикалық инновациясы мен саудаға қатысты пікір алмасты.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

1009 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы