• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 04 Қараша, 2021

Әлем алдындағы маңызды міндет

Премьер-министр Асқар Мамин Шотландияның Глазго қаласында климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Негіздемелік конвенциясының Әлем көшбасшылары саммитіне (СОР26) қатысты.

Қазақстан әлемде алғаш­қылардың бірі болып Париж келісімін ратификациялады. Үкімет басшысы өз сөзінде аталған құжатты жүзеге асыру үшін еліміз 2030 жылға қарай пар­ник­тік газ шығарындыларын 15%-ға қысқартуға ниетті екендігін жеткізді. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін еліміз ұлттық деңгейде айқындалған үлесін (ҰДАҮ) жаңартты, сондай-ақ жаңа экологиялық кодексті қабылдады. 

– Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергия көлемін 3%-дан 15%-ға дейін 5 есе, экологиялық таза көздерден өндірілетін энергия өндірісін 20%-дан 38%-ға дейін 2 есе арттырады. 2025 жылға қарай 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру әлеуеті артады. Көмірден өндірілетін энергия үлесі 70%-дан 40%-ға дейін төмендейді деп жоспарлануда, – деді А. Мамин.

Премьер-министр 2020 жылғы желтоқсанда өткен Климаттық амбициялар жөніндегі саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсатын жариялағанын атап өтті. Үкімет оны іске асыру үшін энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылығы, көлік, ТКШ және қалдықтарды кәдеге жаратуға баса назар аудара отырып, экономиканың барлық секторларында елеулі реформаларды көздейтін стра­тегиялық құжатты әзірлеуді аяқтауда. Қазақстанның көміртегі бейтараптығына жер мен суды пайдаланудың орнықтылығын, экономиканың энергетикалық тиімділігін арттыру, электрлендіру және экологиялық таза, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін кең ауқымды пайдалану арқылы қол жеткізілетін болады. Парниктік газ шығарындыларын азайту жоспарларын іске асыру кезінде нарық тетіктері мен жеке инвестициялардың әлеуеті барынша пайдаланылады.

Үкімет басшысы Қазақстанның орнықты даму бойынша Орталық Азияның Аймақтық климаттық хабы болуға бейілділігін растады. Бұл аймақ елдерінің күш-жігерін АХҚО Жасыл қаржы орталығының және климаттық күн тәртібімен айналысатын басқа да аймақтық ұйымдардың алаңында технологиялар трансферті, жасыл қаржыландыруды тарту, білім мен инновациялар алмасу арқылы «жасыл» экономикалық өсуді қамтамасыз етуде біріктіруге мүмкіндік береді. СОР26 шең­берінде Қазақстан Ормандар және жерді пайдалану декларациясына, сондай-ақ Жастарға білім беру және оларды тарту міндеттемесіне қосылды.

Әлем көшбасшылары саммиті кезінде үкімет басшысы Финляндия президенті Саули Ниинестёмен, Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Қыр­ғызстан президенті Садыр Жапаровпен, Латвия президенті Эгилс Левитспен, Нидерланды премьер-министрі Марк Рюттемен, Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен және АҚШ президентінің климат мәселелері жөніндегі арнайы уәкілі Джон Керримен кездесу өткізді.

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министр­лік конференциясына (Женева қаласы, 2021 жылғы 30 қараша-3 желтоқсан) төрағалық етуге дайындығы аясында А. Мамин ДСҰ бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен және Ұлыбритания­ның мемлекеттік сыртқы сауда  министрі Энн-Мари Тревельянмен кездесті. Сапар және екіжақты кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құ­рама Корольдігі үкіметтерінің стратегиялық серіктестік және климаттың өзгеруіне қарсы әрекет ету жөніндегі бірлескен күш-жігер туралы бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Құжат қоршаған ортаны қорғау, экономиканы декарбонизациялау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды, еліміздің жаңартылатын энергия көздерін дамыту, «жасыл» қаржыландыру, ормандарды сақтау, жерді пайдаланудың тиім­ділігін арттыру және тағы басқа салалардағы әлеуетін іске асыруды көздейді. «Қазақстан тәуелсіздік алған және дипломатиялық қа­тынастар орнатылған сәттен бас­тап 30 жыл ішінде Қазақстан мен Ұлыбритания өз байланыстарын өзара сенімге, ортақ құндылықтар мен тиімді ынтымақтастыққа негізделген берік серіктестікке айналдырды», – деп атап өтілген бірлескен мәлімдемеде.

423 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы