• Қаржы
  • 11 Қараша, 2021

Дүниежүзілік банк көмегі: алмақтың салмағы бар

Жетпісбай  Бекболатұлы,

әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ профессоры

e-mail:  Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ақпарат көздері Дүниежүзілік банк еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға гранттық қаражат есебінен 2 жылға есептелген техникалық көмек көрсететінін жарыса жазуда. Халықаралық сарапшылар осы салада жинақталған тәжірибені ескере отырып, субсидиялау жүйесіне терең талдау жүргізбек. 2021-2025 жылдар аралығында 500 миллион, яғни жыл сайын 100 миллион доллар көлеміндегі несие мал шаруашылығын дамытуға бөлінеді. Бағдарлама 20 мың шаруаны несиелендіріп, 100 мың фермерді оқытуды, шаруашылық инфрақұрылымын дамытуды және өнім өндіру мен өткізу жүйесін құруды көздейді. Дүниежүзілік банк қаражаты дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын шағын және орта бизнесті ынталандыруға бағытталған. Биылғы жылы үшбу несиені көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан да мақұлдады. Мәселен, ресми Ташкент алған 1 миллиард доллар қарыз да мал шаруашылығын дамытуға жұмсалмақшы.

Қазақстан үкіметі бұл несиені еуромен 6 жыл жеңілдік кезеңі арқылы алмақ ниетте екені атап өтілуде. Мұндағы либор мөлшерлемесі өзгермелі маржамен бекітілген. Бағдарлама ойдағыдай жүзеге асырыла қалған жағдайда экспортты дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсер етпек. Дегенмен, Қазақстан Республикасы Ет одағының бас директоры Мақсұт Бақтыбаевтың мәлімдеуінше, несие алудың жаңа жүйесі алаңдаушылық туғызып та отыр. Біріншіден, біздің атқамінерлердің мұндай бағдарламаларды жүзеге асырған тәжірибесі жоқ. Бағдарламаға сәйкес етті мал шаруашылығы саласында қайткен күнде де 20 мың шаруа қожалығын құру керек болады. Жоқтан бар жасауға құмар науқаншылардың арқасында мұның арты ұрдажық ұранға, даңғаза дүрмекке ұласып кетуі әбден мүмкін. Екінші мәселе түскен ақшаның қалай жұмсалуына қатысты. Құжаттамада қолға алынатын істің егжей-тегжейі көрсе­тіліп, нысана нақты айқындалмағандықтан әрі нәтижеге жету жолдары көрсетілмегендіктен, қаражаттың қайда кеткенін бақылап отыру қиынға соғады.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанның Дүниежүзілік банк алдындағы жалпы қарызы шамамен 3 миллиард 600 миллион долларды құрайды. Егер бұл жолғы техникалық көмек ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін болса, онсыз да қымбаттап бара жатқан ет өнімдерінің бағасы шарықтап кетпеуіне кім кепіл? Оның үстіне сыбайлас жемқорлық тәуекелі де шешілмеген түйіндердің бірі болып отыр. Жоғарыда айтылғанындай, халықаралық сарапшылар субсидиялау жүйесіне бекер үңілейін деп отырған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылғы халыққа Жолдауында да бұл мәселеге баса назар аударды. «Біздің аграрлық саясатымызда сабақтастық болмай отыр... Бірыңғай негізгі бағыт болуы қажет. Соған сәйкес субсидиялау мәселесін қайта қарау керек. Соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің көбі осы салада болып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Нормативтік негізін нығайтып, жоспарды нақты құруымыз керек. Субсидияны әзірлеу тәртібі түсінікті әрі ашық болуы тиіс. Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия қолжетімді болуы қажет» – деген болатын Мемлекет басшысы.

Жуырда Павлодар облысы Екібастұз қаласына барған жұмыс сапарында Президент ауыл шаруашылығын тиімді субсидиялау мәселесіне тағы да тоқталып, «бюджет қаражаты лезде жоқ болады, олардың жұмсалуы бойынша бірыңғай бақылау қойылмаған. Нақты экономикалық пайда да жоқ. Нарықтарымызда көршілес елдердің ауыл шаруашылығы өнімі басым. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне прокуратурамен және басқа да органдармен бірлесе отырып, осы салаға кешенді талдау жүргізуді тапсырдым. Бұл мәселеге жұртшылық пен аграрийлерді тарту қажет», – деді.

Соңғы кездері баспасөз беттерінде мал шаруашылы­ғын субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқырумен айналысқан қылмыстық топтардың құрықталғаны туралы ақпарат тарап жатыр. «Антикор» кең ауқымды арнайы операциясының нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық бағынысты бөлімшелері мен ұйымдарының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктері лауазымды тұлғаларының арасынан қылмыстық топтар әрекеті анықталды. Бұл жөнінде Президент «биліктің төменгі және орта буынындағы, жергілікті жерлердегі сыбайлас жемқорлық жоғары кабинеттердегі сыбайлас жемқорлықтан кем түспейді» деген болатын. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстарында тінту мен қамауға алу жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияны жымқыруға байланысты 30-ға жуық адам ұсталды. «Антикор» операциясы барысында жоқ мал субсидияланғаны анықталды. Бір мал екі, тіпті үш рет субсидиялаудан өткен. Субсидияланған мал бірден қайта сатылған, союға жіберілген немесе шетел асырылған. Мәселен, өзбек ақпарат құралдарының хабарлауынша, Өзбекстанға еттің басым бөлігі Қазақстаннан әкелінген. Ал, Қазақстанға әкелінген ет шетелге сатылған еттен төрт есе көп. Жергілікті малшылардың айтуынша, шетелден әкелінген беларусь етін қазақстандық мал шаруашылығының өнімі ретінде таңбалап, субсидия алу фактілері көп кездеседі.

Аталған мәселеге орай Президент Тоқаев «ауыл шаруашылығы саласына қыруар қаржы бөлсек те, азық-түліктің басым бөлігін сырттан аламыз. Өзге елдер субсидияның не екенін де білмейді. Білсе де, дәл осындай мол қаржы бөлінбейді. Бір жағынан адамдарды босаңсытып жібердік, екінші жағынан сыбайлас жемқорлыққа жол беріп алдық. Бұл мәселемен түбегейлі айналысуымыз керек», – деп қадап айтты. Бұл пікірге алып-қосарымыз жоқ.

 

 

1019 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы