• Отандық өнім
  • 11 Қараша, 2021

Өнім көлемі ұлғайып келеді

Коронавирус инфекциясымен күрес фармацевтика өнеркәсібі дамуын үдете түсті. Нәтижесінде салада дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нарығының сыйымдылығы үнемі өсіп, фармацевтикалық өнімнің жиынтығы кеңейе бастады.

Кеселді тежеуге қажетті өнім көлемін қамтамасыз ету үшін өндіріске қосымша қарқын қосылды. QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығынан мәлімделгендей, биылғы тоғыз айда барлық фармацевтикалық өнім түрлері: гормондардан тұратын дәрілер (+70,4%-дан 169,4 тоннаға дейін), антибиотиктерден тұратын дәрілер (+8,2%-дан 1 444 тоннаға дейін), алколоидтерден тұратын дәрілер (+5%-дан 27,3 мың тоннаға дейін), таңу материалдары (+2 есе 165 тоннаға дейін) бойынша заттай көріністе өсу байқалды. Егер 2020 жылы отандық фармацевтикалық өндірушілер 141,9 млрд теңгенің өнімін шығарып, нақты өсуді көрсететін өнеркәсіп өндірісінің индексі 147,3% болса, ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйекте бұл 160,4 млрд теңгеге, ФКИ – 138,1%-ға жетті. Дәрумендерден және продәрумендерден тұратын дәрілер өндірісі 70%-ға, таза және аралас өнімдерден тұратын дәрілер өндірісі 13%-ға, жүрекке арналған дәрілер өндірісі 3%-ға ұлғайды.

Ағымдағы жылы Қараған­ды облысының фармацевтика өнеркәсібі алғаш рет өңірлер арасында көшбасшы болып, коронавирусқа қарсы вакцина (Спутник V), қант диабетін, инфаркт пен инсультті, сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған препараттар сияқты жаңа өндірістерді іске қосу есебінен 2021 жылғы тоғыз айда 73,9 млрд теңге деңгейіне жетті. 2020 жылы елдегі фармацевтика нарығының көлемі $1,8 млрд құрады, оның 15,5%-ы – отандық өнімге тиесілі. 2021 жылғы сегіз айда фармацевтикалық нарықтың сыйымдылығы $1,4 млрд жетті, ал отандық тауар өндірушілер үлесі 21,1%-ға дейін өсті.

Фармацевтикалық нарық құрылымына жүргізілген талдау көрсетіп отырғандай, бүгінде қазақстандық өнім қоржыны негізінен дженериктік препараттармен (аналогтар) ұсынылған. Қазіргі уақытта қазақстандық дәрілік заттардың негізгі үлесін (70%) «Химфарм» АҚ, «Нобел АФФ» АҚ, «Келун Қазфарм» ЖШС, «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС сияқты дженериктік препараттарды өндіретін компаниялар береді. Сондай-ақ өсімдік шикізаты негізінде бірқатар бірегей препараттар («Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ЖШС, «Фитохимия ҒӨО» ЖШС, «Фитолеум» ЖШС, «Қызылмай» ӨК және тағы басқалары) әзірле­ніп, өндіріске енгізілген. Фарма­цевтикалық нарық әртүрлі өнімдерге толы. Мемлекеттік тізілімге сәйкес елімізде дәрілік заттардың 7 449 түрі тіркелсе, 978 аталымы (13,1%) – отандық өндірістен, ал медициналық бұйымдардың 9 686 аталымы болса, оның ішінде ОТӨ – 1 054-ін (10,9%) шығарады. Тіркелген препараттардың ең көп саны жүйелі қолдануға арналған микробқа қарсы (125), тыныс алу жүйесін емдеуге (123), жүйке жүйесін емдеу­ге арналған препараттарға (108), дерматологияда қолданылатын препараттарға (99) тиесілі.

Қазіргі күні елімізде онко­логиялық ауруларды, қант диабетін, қан ауруларын, тыныс алу органдары ауруларын, несеп-жыныс жүйесі ауруларын, ас қорыту органдары ауруларын емдеуге арналған препараттар, сондай-ақ адамдарға арналған вакциналар, қабынуға қарсы препараттар және ыстықты түсіретін препараттар барынша сұранысқа ие. Сондықтан отандық өндірушілер қолданыстағы және өсіп келе жатқан сұранысты одан әрі қанағаттандыру үшін аурулар құрылымындағы дамып келе жатқан осындай тенденцияларға назар аударуы керек. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған қуаттарды ұлғайту және саланың одан әрі дамуына оң әсер беретін бірқатар инвестициялық жобалар іске қосылмақ.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

431 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы