• Өндіріс өрісі
  • 11 Қараша, 2021

ҚАЗАЗОТ: БИЗНЕС ТИІМДІ БАСҚАРЫЛУДА

Заманауи бизнесте автоматтандырылған жүйелерге жылдам көшіп, уақыт пен қаржыны үнемдеуге әрбір кәсіпорын ұмтылары хақ. Аммиак пен аммиак селитрасының отандық ірі өндірушісі ҚазАзот бизнес-процестерін оңтайландырып, өндіріске инновацияларды енгізуді жалғастыруда.

Өндірістік шығындарды, шаруашылық операцияларды бақылап, есепке алу үшін ауқымды бағдарламалық жүйенің болмауы жұмысты қиындатады. Бұған дейін кәсіпорынның құрылымдық бөлімшелерінің әрқайсысы оқшаулы мәліметтер базасында жұмыс істеген.

Қоймалардағы шикізат пен дайын өнімнің бар болуы және қал­дықтары туралы ақпараттарды жинау автоматтандырылмаған, басқа бөлімшелер үшін кірістер бойынша есептер қолмен толты­рылған, құжатты бекіту процесі ұзақ уақыт алған.

Сөйтіп, тиімділікті арттыру үшін кәсіпорын басшылығы бизнес процесіндегі қолмен атқарылатын жұмыстан барынша алшақтауға тырысты. Алдымен ағымдағы бизнес-процестерге талдау жүргізілді, оның нәтижелері бойынша оң­тайландырылған процестердің схемалары әзірленді. Бірінші кезеңде өндірістің рентабельділігін арттыру басты міндет етіп қойылып, өтінімдерді қарауды жылдамдатуға, қоймалар бойынша түсімдер мен қалдықтар туралы ақпаратты тиімді түрде алуға бет бұрылды. Мұнымен қатарласа, бөлімшелер арасында құжаттар алмасуды жеделдетуге, келісімшарттар мен өтінім­дер­ді бекітуге кететін уақытты қысқартуға, тапсырыстардың орындалуына бақылауды кү­шейтуге мүмкіндік беретін құжат айналымының тиімді жүйесін енгізу қажет болды. ҚазАзот штатында автоматтандыру жоспарын жүзеге асыру үшін бар шешімді толығымен өзгерту және қолдау мақсатында IT мамандар тобы құрылды. 1С, өндірісті басқару, яғни, сатуды, сондай-ақ сатып алуды басқару, тауарлы-материалдық қорларды, негізгі құралдарды, ақшалай қаражатты, персоналды басқару, бюджеттеу, кадрлық ұйымдар, қызметкерлердің жалақысы, бухгалтерлік есеп және салық есебі секілді шағын жүйелер кәсіпорын қажеттілігі бойынша модификацияланды.

Қазіргі күні кәсіпорында бір­ыңғай ақпараттық кеңістікте әкім­шілік және өндірістік бизнес-процестер сәтті біріктірілген. Өнеркәсіптік өндірісте ACS mobil автоматтандырылған жүйесі енгі­зіліп, ол үш негізгі міндетті: қой­малық есеп жүйесін, емдік-профилактикалық тамақтану жүйе­сін және вагондарды жөнелту қондырғысының жұмысын авто­маттандыруды жүзеге асырып отыр. Жүйе қоймалық есепке алуды уақытылы, сапалы және дәл жүргізуге, адамдық факторға байланысты операцияларды орындау кезінде уақыт шығындары мен қателіктерді барынша азайтуға, персонал жұмысының статистикасын дәлірек жүргізуге мүмкіндік берді.

Келесі қадам – вагондарды тиеу қондырғысын толық автоматтандыру және оны қазіргі жүйемен біріктіру болды. Вагондарды тиеу, ондағы өнімдердің сапасын сақтап, жөнелту туралы барлық ақпарат жүйеде шоғырланған, бұл ретте бөлімшелер бір-бірімен тез әрекеттесе алады. Бизнес-процес­тер мен автоматтандыруды үнемі жетілдіру компания үшін еңбек өнімділігін арттыруға, өнім сапасын жақсартуға және басқару процестерін оңтайландыруға бас­тайтын озық шешім екендігі сөзсіз. Аммиак – химия өнер­кә­сібі­нің маңызды өнімдерінің бірі еке­нін, минералды тыңайтқыштар мен құрамында азот бар көптеген өнеркәсіптік заттар алу үшін шикізат ретінде қызмет ететінін ескерсек, Қазақстанда минералды азот тыңайтқыштарын, оның ішінде аммиак шығаратын жалғыз өндіруші үшін тиімді өндірістік орта құру – маңызды меже болып қала бермек.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

408 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы