• Аймақ тынысы
  • 11 Қараша, 2021

ЖАҢҒЫРҒАН ДӘСТҮРДІҢ ТАБЫСТЫ ЖОЛЫ

Моноқала Текеліде бірнеше жылдан бері сүт өндірісімен айналысып, халықты табиғи өнім­дермен қамтамасыз етіп отырған «Текелі» сүт зауытының 60 жылдық тарихы бар. Кәсіп­орын­да «Текелі» брендімен сүт тағамдарының 23 түрі шығарылып, соның ішінде сүт, айран, май, қаймақ, сүзбе және басқа да көптеген түрлері жетіп артылады. Алдағы уақытта балмұздақ пен ірімшік шығару жоспарланып отыр.

«Текелі» сүт зауытының тарихы сонау 1953 жылдан басталады. Алғашында сүт жинайтын сауда орны ретінде құрылып, 1987 жылы оған жеке кәсіп мәртебесі берілді. Ал қазіргі «Текелі сүт зауыты» деген атауы көпке кеңінен таныс. Ұжымның тынымсыз еңбегі­нің және басшылықтың білікті ұйымдастыруының арқасында 1990 жылдардағы күрделі кезеңде де кәсіпорын жұмысы ақсаған жоқ.

Ал тәуел­сіздік жылдары зауыт қайта түлеп, жұмысы жаңаша қарқын алды. Облыс әкімдігінің қолдауы­мен «Өндіріс» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиеге ие болды. Өндіріс толықтай қайта жаңғыртылды. Заманауи техноло­гиялармен жабдықталды. Бұдан соң зауыт өнімдеріне деген сұраныс артып, кәсіпорын бүгінгі нарық талабына сай дами түсті.

«Текелі сүт зауытының» өн­дірістік жұмыстар жөніндегі директоры Валентина Кубрак: «1990 жылы зауытқа өндіріс шебері ретінде қабыл­дандым. Бұл – еңбек жолымды алғаш басқан қадамым еді. Содан бері 30 жыл бойы осы зауыттың қабырғасында еңбек етіп келемін.

Еліміз тәуелсіздік алған­нан кейін мемлекет қолдауының арқасында зауыттың шығаратын өнімінің көлемі едәуір артты, өндіріс іргесі кеңейді. Бүгінгі күні тәулігіне 10 тоннадан 20 тоннаға дейін өнім шығарамыз. Зауытта тәжірибелі мамандар жеткілікті. Олардың алды кемінде 20 жылдан бері осында еңбек етіп жүр. Бұл ретте 45 қызметкердің 30 пайызын  жастар құрап отыр. Бұл – қуантарлық жайт. Қызметкерлеріміздің әлеуметтік жағдайларына да көңіл бөліп, қолдап отырамыз. Кәсіпорын есебінен бір мезгіл ыстық тамақ және тегін жүру билеті беріледі», – деді.

Директор өз сөзінде зауытқа сүт­тің қайдан әкелінетінін де айтып берді. Оның айтуынша, шикізат қала маңындағы шаруа қожалықтарынан, жеке аулалардан жиналады. Зауытта сүттің сапасын тексеретін арнайы зертхана бар. Тек зертханалық тексеру қорытындысы шыққаннан кейін ғана сүт өндірісте қолданылады.

Мәселен, зауыт облыстың ірі шаруашылықтарының бірі «Хильниченко және К» шаруа қожалығымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сүт зауытқа жеткізіліп, тиісті зерттеу жүргізілгеннен кейін сепаратордан өткізіледі. Соның арқасында сүт табиғилығын сақтайды. Мұнан кейінгі өнімнің стандартты майлылығына қол жеткізу үшін қалыптандыру, сүт­тің ұйып қалмауы үшін гомогениза­ция, сүттің максималды қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пастерлеу үде­рістері жүргізіледі. Бұдан әрі дайын өнім қапталып, маркасы қойылып, сауда орындарына жөнелтіледі.

«Текелі сүт зауыты» өнімінің бас­ты ерекшелігі – оның ешқандай қоспасыз, өнімінің табиғи қалпы сақталынады. Сондықтан сүтте табиғи дәрумендер сақталатындықтан, өнімді сақтау мерзімі шектеулі. Мәселен, зауыттың сүт өнімдері 5 күн, ал айраны 7 күн ғана сақталады.

«1953 жылдан бастап біз таза мемлекеттік тапсырысқа жұмыс істедік. Біздің сүтімізді балабақшада, мектептер мен ауруханаларда пайдаланды. Өйткені біз өз өнімімізді таза табиғи сүттен дайындадық. Және әлі күнге сондай сапаны ұстанып келеміз», – деп атап өтті кәсіпорын директоры.

Зауыт өнімдерін тұрақты тұты­натындар қатарында жеке сатып алушыларды айтпағанда, «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Текелі» санаториі, кон­дитерлік цехтар, ірі сауда дүкен­дерінің желісі және тағы да басқалары өнімді алады. Сонымен қатар Алматы мен Талдықорған қалаларында да сұраныс жоғары.

Өткен жылы «Текелі» сүт зауыты» ребрендинг жасап, өзінің барлық өнімінің сыртқы қаптауын толықтай өзгертті. Соның арқасында өнім қаптамасы бұрынғыдан гөрі айқын, танымал, қолайлы бола түскен. Қазір сүт зауытының тауарларын интернет желісі арқылы кеңінен жарнамалай бастады.

Кәсіпорын індет жағдайында үлкен сынақты бастан өткерді. Індетпен күрес жағдайында да зауыт жұмысын тоқтатқан жоқ. Қайта отандық тауарға деген сұраныс екі есеге артып, өнім шығару көлемі де ұлғайтылды. Кәсіпорын қызметкерлерінің бәрі коронавирусқа қарсы вакцина алды.

Келесі жылдан бастап зауыт бал­мұздақ пен ірімшік шығаруды бас­тамақ. Сонымен қатар жаңа техно­логияның көмегімен өндіріс көлемін тағы да ұлғайта түсіп, нарық­тағы позицияларын нығайтып, тауар­дың жаңа түрлерін меңгеруге көшпек.

Атап өтсек, кәсіпорын «Алтын сапа» байқауының жүлдегері, көптеген марапаттарға ие болған.

«Биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Ал біздің кәсіпорнымыз үшін – екі есе қуаныш. Осы жылдар ішінде Текелі қаласы да өсіп-өркендеді, жаңа арнаға бағыт алды. Кәсіпорындар көбейіп, жаңа үйлер, әлеуметтік нысандар  салынды. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде, қызметкерлердің күнделікті тынымсыз еңбегінің арқасында зауытымыздың іргесі кеңейіп, жаңа мүмкіндіктерге талпынуда. Сапалы өнім шығарып, жас мамандарды оқытып-үйретіп, жаңа жұмыс орындарын құрдық. Біз отандық өндірісті дамытуға үлес қосып жүргенімізге қуаныштымыз. Осы 30 жылда мен қарапайым маманнан директорға дейінгі қызметтік баспалдақтардың бәрінен өттім, кә­сібімді терең меңгеруге мүмкіндік алдым, өз-өзімді дамыттым, сөйтіп табысқа жеттім. Осындай даму жолдарының бәрі біздің береке-бірлігіміздің, бір-бірімізді қолдау­дың, мемлекеттің жағдай жасағаны­ның арқасы деп білемін. Мереке қарсаңында барша жерлестеріме зор денсаулық, табыс, отбасыларына қуаныш пен бақыт тілеймін», – деді Валентина Кубрак.

Күнделікті таңғы сағат 5-те сүт зауытының өнімдері көлікке тиеледі, таңғы асқа жеткізіп үлгеру үшін сағат 6-да тиісті нүктелерге, дүкендерге таратылады. Бұл – зауыттың бірне­ше жылдан бері үзілмей келе жатқан дәстүрі.

Атап өтсек, Текелі қаласы әкім­дігінің мәліметіне сәйкес, биылғы 9 айдың қортындысы бойынша құны 307,2 млн. теңге болатын 1100 тоннадан астам сүт, қаймақ, сары май, сүзбе және басқа да сүт тағамдары өндірілген.

Ал облыс бойынша қазіргі кезде 74,1 мың басқа арналған 116 мал бордақылау алаңы, 26,1 мың басқа лайықталған 84 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Соның есебінен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 72 пайыз, сүт зауытының жүктемесі 85 пайызға жетті.

Жалпы Текелі отандық өндірістің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Бұған мысал, «Суффле Қазақстан ашытқы зауыты» акционерлік қоға­мы, «Шарықтас», «Текелі Гранит», «Мрамор Тас», «Монтан Минерал», «Гипсо-Газ-Синтез», серіктестіктері мен «Қазақстан Тексти Лайн» тігін фабрикасы тәрізді бағдары айқын кәсіпорындардың кірпіш, таурит, габбро, шунгит, жылтыратылған тақтатас, мәрмәр, мәрмәр ұны, ашытқы, тігін бұйымдары, электр қуаты және жылу қуатының өндірісі дамып, өнім көлемі артуда. Өңірдегі тауар өндірісінде ашытқы, мәрмәр, табиғи тас өндірісі бойынша Текелінің үлесі басым екенін де мақтанышпен айтуға болады.

Нұрлан ҚҰМАР

585 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы