• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 11 Қараша, 2021

НЕГІЗГІ ӨСІМ – НАҚТЫ СЕКТОРДА

Үкімет ағымдағы бірқатар мәселелерді талқылады. Дәстүрлі отырыста санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, еліміздің өткен қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуы, заң жобалау жұмыстарының алдағы жылға арналған жоспарының жобасы және ұлттық халық санағының нәтижесі тыңдалды.

Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақты. Вирустың репродуктивті индексі – 0,90, инфекциялық төсектер 30%, реанимациялық төсектер 26% толы. Коронавирустың таралуы тұрғысынан Шымкент қаласы, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстары жасыл аймаққа енген, Нұр-Сұлтан мен Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстары сары аймаққа орналасқан. Ал Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары қызыл аймақта тұр. Қазіргі сәтте шамамен 8,5 млн адам вакцинаның бірінші компонентін, 7,7 млн-нан астам адам екінші компонентін алған.

Еуропаның бірқатар елінде, сондай-ақ Қазақстанмен шекаралас мемлекеттерде сырқат­танушылықтың өсуін ескере отырып, үкімет басшысы санита­риялық талаптар шаралары­ның жаппай сақталуын қамтамасыз етуді, мониторингтік топтардың талаптардың сақталуын бақылау жөніндегі жұмысының тиімділігін күшейтуді және бұзушыларға қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. «22 қарашадан бастап бұған дейін екпе алған азаматтарды ревакцинациялау басталады. Осыған байланысты егу пункттерінің, медициналық ұйымдардың және медицина қызметкерлерінің дайындығын қамтамасыз ету қажет», – деді А.Мамин.

Биылғы қаңтар-қазандағы әлеу­меттік-экономикалық дамудың және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындыларын қарау барысында ұлттық экономика министрі Ә.Ерғалиев, ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, қаржы министрі Е.Жамаубаев экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы баяндады.

Үкімет басшысы Қазақстан экономикасы сенімді өсу қарқынын сақтап келе жатқанын атап өтті. Биылғы он айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 3,5% болды. Нақты секторда өндірістің орнықты өсу қарқыны байқалып отыр. Осылайша, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 5,3%-ға өсті. Өсім машина жасауда 19,5%, оның ішінде автомобиль жасауда 23,4%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде 59,0%, құрылыс материалдары өндірісінде 9,3%, фармацевтикада 33,6%, пластмасса бұйымдары өндірісінде 36,5%, киім өндірісінде 11,4%, жиһаз өндірісінде 11,8%, дайын металл бұйымдары өндірісінде 16,4% байқалады. Карантиндік шараларды біртіндеп жеңілдету­дің арқасында қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділік 3,4% өсіммен қалпына келген, бұл байланыс қызметтері (+12,9 %) мен саудадағы (+9,5 %) серпіннің жоғары болуына байланысты. Құрылыс саласы 7,6%-ға өсті. 10 айда елімізде 11,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9%-ға артық. Инвестициялардың өсу қарқыны біртіндеп қалпына келуде – өсім 2,5%, ал тау-кен өндіруді есептемегенде – 14%. Негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімінің жоғары көрсеткіштері құрылыста (+120,6%), өңдеу өнеркәсібінде (+78,6%), ауыл шаруашылығында (+41,9%), саудада (+31,4%), жылжымайтын мүлік операцияларында (+17,4%), қаржы қызметінде (+12,1%) байқалады.

Осы жылғы қаңтар-қазанда Алматы және Жамбыл облыстары, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстары және Алматы қаласы 6 көрсеткіш бойынша, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Ең төменгі көрсеткіштер Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген.

Ұлттық банк сақталып отырған теңгерімсіздік пен үдеп келе жатқан инфляциялық күтулерді ескерумен 2022 жылы Қазақстанды қоса алғанда, дамушы елдерде инфляциялық қысым жоғары болатынын болжауда. Қазанда айлық инфляция 0,7% болды. Жылдық инфляция азық-түлік бағасының 11,5%-дан 11,3%-ға дейін баяулауы аясында соңғы 6 айда алғашқы рет өсімін тоқтатып, 8,9% деңгейінде сақталды. Бұл ретте азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,5%-дан 7,8%-ға дейін, ақылы көрсетілетін қызмет инфляциясы 6,8%-дан 6,9%-ға дейін жеделдеуін жалғастырды. Жаңа өскен көкөніс пен жұмыртқа бағасының өсуі аясында азық-түлік инфляциясы 0,7% болды. Құс фабрикаларында өндіріс көлемінің қысқаруынан, жем құнының артуынан, сондай-ақ 2022 жылдан бастап субсидияларды алып тастау ықтималдығынан жұмыртқаның бағасы көтерілді. Қияр мен помидор бағасы 22%-ға жоғарылады. Дизель отынының бағасы 16,6%-ға немесе 34 теңгеге күрт өсуінен азық-түлікке жатпайтын инфляция бір айда 1% болды. Дизель отыны бағасының айтарлықтай өсуі осы жылғы қазанда жылдық инфляцияны төмендетуге мүмкіндік бермеді.

Ал 10 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржыны орындау көрсеткіштеріне келсек, мемлекеттік бюджетке 8 трлн 719 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 102,9% атқарылды. Республикалық бюджетке 5,6 трлн теңге түсті немесе жоспар 100,2% атқарылды. Жалпы, кірістер бойынша жоспар 13 млрд теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салықтар – 24 млрд теңгеге. Бұл ретте салықтық емес түсімдер 14 млрд теңгеге атқарылмады. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,7%, республикалық бюджеттің шығыстары 99,6%, жергілікті бюд­жеттердің шығыстары 98% атқа­рылды. Республикалық бюджет бойынша шығыстар 12 трлн теңгені құрады. Атқарылмау – 50 млрд теңге, оның ішінде 10 млрд теңге – үнемдеу.

Үкімет басшысы азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеуді, отандық өндірісті қолдауды қамтамасыз етуді, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауды және тұрақты жұмыс орындарын құруды тапсырды.

Отырыста Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспарының жобасы қаралды. Әділет министрі М.Бекетаев Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспары 31 заң жобасын әзірлеуді және Парламентке енгізуді көздейтінін, оның ішінде 11-і – бірінші жартыжылдыққа, 20-сы – жылдың екінші жартысына жоспарланғанын айтты. Заң жобалары мемлекеттік қызмет, жылу энергетикасы, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларын одан әрі дамытуға және реттеуге, терроризмді қаржыландыруға және кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл тәсілдерін, агломерация­ларды дамытуға, азаматтық және қылмыстық заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

Үкімет басшысы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына заң жобаларының сапасын және олардың Парламентке уақытылы енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Тағы бір маңызды мәселе – ұлттық халық санағының алдын ала қорытындысы. Стра­те­гиялық жоспарлау және ре­фор­ма­лар агенттігінің ұлттық ста­­тис­­тика бюросының басшысы Н.Ай­дапкелов халық санағын өткізу жөніндегі жұмыстың аяқталғаны туралы баяндады. Халықтың 60%-ға жуығына дәстүрлі санақ жүргізілді. Елімізде тұңғыш рет халық санағы электронды түрде өткізілді. Ха­лықтың 40%-дан астамы санаққа sanaq.gov.kz сайтында электрондық санақ парақтарын өздері толтыру арқылы қатысты. Халық санағына санақ персоналының 25 мыңға жуық адамы, сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелері мен орта­лық аппаратының қызметкерлері қатысты. Алдын ала қорытынды­сы барлық тексеру аяқталғаннан кейін желтоқсан айының соңында шығарылады.

А.Мамин күрделі эпи­демио­логиялық жағдайларда өткен ұлттық халық санағы мейлін­ше сапалы ұйымдас­тырыл­ғанын атап өтті. Премьер-министр қазақстан­дықтарға осы маңызды науқанға белсенді қатысқаны үшін, сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері мен осы науқан­ға жұмыл­дырылған азаматтарға атқар­ған жұмысы үшін алғыс білдірді.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

406 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы