• Аймақ тынысы
  • 11 Қараша, 2021

ТЕРІСКЕЙ-ШЫҒЫСТАН БАСҚА БАРЛЫҚ ӨҢІРГЕ ГАЗ ТАРТЫЛМАҚ

Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарына  көгілдір отынның жетуіне Үкімет неге құлықсыз?

«Еліміздегі газ ресурсы елдің ішкі қажеттілігін жабуға толық жеткілікті» деген болатын былтыр бұрынғы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев. Биыл енді газ жетпей қалуы мүмкін деген қауесет шығып отыр. Бұл қалай?

Газ қорының 98 %-ы Қазақ­станның батысында жатыр, оның 87 %-ы ірі мұнай-газ (Теңіз, Қашаған, Королевское, Жаңажол) және мұнай-газ конденсаты (Қарашығанақ, Имашев) кен орындарында шоғырланған.  Еліміздің ірі кен орындары – Қашаған, Қара­шығанақ, Теңіз қоры елдің барлық газ қорының 75%-ын алып тұр.

Елімізде соңғы бес-алты жылда газды тұтыну 12,1 млрд текше метрден 16,3 млрд текше метрге дейін немесе 35%-ға өсіпті. «Елді газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған Бас схемасын іске асыру шеңберінде жыл сайын мемлекеттік бюджеттен газдандыруға қаражат бөлінеді» деген болатын энергетика министрлігі.

Газдандыру деңгейінің 90%-дан астамы мына аймақтарға тиесілі: Атырау облысы (99,6%), Маңғыстау облысы (99,0%), Алматы (98,8%), Батыс Қазақстан облысы (96,2%), Шымкент (92,1%) және Ақтөбе облысы (90,1%).

Соңғы бес-алты жылда елімізде 1 334 км газ құбыры және 20 мың км астам тарату желісі салыныпты. Магистралды газ құбыры 7 %-ға, тарату желісі 50 %-ға өсіпті. Республикалық бюджет есебінен 2015-2020 жылдары газдандыруға деп әкімдіктерге 125 млрд теңгеге трансферт бөлінген.

Үкімет бес жыл ішінде елімізді газдандыруды 60%-ға дейін жет­кізуді көздеп отыр. Премьер-министр Асқар Мамин «жоспарға сәйкес 2025 жылға қарай газданды­ру деңгейі 2120 елді мекенді немесе 11,7 млн тұрғынды қосу арқылы 60%-ға жетуі тиіс» деген еді.

Энергетика министрлігінде солтүстік өңірді газдандыру үшін «Сарыарқа» магистралды газ құ­бырының 2-кезеңін салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Халыққа газ беру үшін «Сарыарқа» газ құбырының 1-кезеңі бойынша Нұр-Сұлтан қа­ласында, Қарағанды және Ақмола облыстарында газ тарату желісінің құрылысы жүріп жатыр. Қарағанды облысында газ тарату станцияларынан Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларына желі салу көз­делген.

Бірақ Қазақстанның теріскей-шығыс бөлігі, яғни Павлодар мен Шығыс Қазақастан облыстары газдандырылмаған күйінде қалып отыр. Және газдандыру жоспарда да жоқ.

«Бұл өңірлерді газдандыру­дың оңтайлы нұсқасы – Барнаул – Рубцовск – Семей – Өскемен бағыты бойынша Ресей федерациясы­нан газ құбырын салу» деген еді экс-министр Н.Ноғаев.

«Бұл ретте газ құбырын Семей аумағынан Павлодар облысына қарай бұрамыз деп отырмыз. Осы бағыт бойынша газ құбырын салу 2,1 млн адам тұратын халықты газбен қамтуға мүмкіндік береді. «ҚазТрансГаз» бен «Газпром» жұмыс тобы құрылды. Мәселе ресейлік тараппен пысықталуда» деп түсіндірген еді ол.
Өкінішке қарай, ол жоспар жүзеге аспайтынын Ресей тарапы былтыр күзде де, биыл көктемде де кесіп айтты. Ресейден Қытайға «Союз Восток» газ құбыры Моңғолия арқылы өтетін болды. Ресей Қазақстан арқылы өтетін бағытты экономикалық тұрғыдан орынсыз деп таныды және транзиттік ел ретінде Моңғолияны таңдады.
– Ресей мүддесін көздейтін дұрыс шешім қабылданды. Моңғолия ар­қылы өтетін жол Шығыс Сібірді, соның ішінде Красноярск өлкесін газбен қамтиды. 3 миллионға жуық адам тұратын бұл аймақта тек Норильск аймағы (шамамен 200 мың адам) газдандырылған болатын. Ал Қазақстанның өз ресурстары бар ғой, – деді Ресейдің ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қоры бас директорының орынбасары Алексей Гривач.
Барнаулдан Рубцовск арқылы бері – Семей қаласына (арасы 150 км) газ тарту жобасын да қайтарып тас­тады ресейліктер. «Барнаулдан газ құбырын сіздерге тартудан Ресей үшін экономикалық пайда жоқ» деп жауап берді Алексей Гривач.
Біз өзге елдің газына тәуелді емеспіз. Газ қоры бізде молынан жетеді. Қазақстан мен Ресейдің бірлескен «ҚазРосГаз» кәсіпорны Қарашығанақ газын алып, Орынборда тазартып, Еуропаға экспортқа сатып жатыр. Оны неге еске алмаймыз? Бұл ғана емес, Argus энергетикалық агенттігі жазғандай, сұйытылған газдың ірі өндірушісі саналатын «Теңізшевройл» Украинаға сұйытылған көмірсутек газын сатып жатыр... «Теңізшевройл» әзірге тек Нұр-Сұлтан қаласына ғана газ бермекші. Жақында Нұр-Сұлтан әкімдігі мен «Теңізшевройл» компаниясы астанаға қосымша 2,3 мың тонна газ бөлу туралы келіссөз жүргізді (бұл туралы елорда әкімдігінің хабарламасында жазылған).
Шындығында, біздің оңтүстік өңір өзбек газының арқасында отыр. Ташкент ертең газын экспорттауды тоқтатса, не болады? Өйткені үш жылдан кейін Өзбекстан табиғи газды шетелге сатуды тоқтатады. Екі апта бұрын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев осылай деп мәлімдеді.
– Бұрын біз газ сататынбыз, енді сатып алуға дайынбыз. Біздің өнер­кәсіпке газ қажет. Газ – болашақ ұрпақтың байлығы, оны түрлі келісім­мен шет елге сатудың еш қажеті жоқ, – деді ол. 
Қазақстанның бүкіл оңтүстігі совет кезінен өзбек газымен жылытылады. 90-шы жылдары Өзбекстан бізге газ беруді жапқан кезде Шымкент халқы көп қабатты үйдің ауласында тамақ дайындағаны әлі көз алдымызда. Құдай сақтасын, ертең осы жағдай басымызға қайта туса, күніміз не болады? Халыққа, кешіріңіздер, «ҚазРосГаз» Қарашығанақ газын Еуропаға сатып жатыр, сәл шыдай тұрыңыздар, дейміз бе?

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

432 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы