• Бизнес & Қоғам
  • 22 Қараша, 2012

Ықпалдастық Интеграциялық кеңістік аумағы ауқымды Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Қазақстан, Ресей және Беларусь кедендік одағының жұмыс істеуі, сондай-ақ  Бірыңғай  экономикалық кеңістіктің қалыптасуы  аймақтық экономикалық интеграциялық  үдерістердің тереңдей түскендігін көрсетеді. Дегенмен өңіраралық  шаруашылық  байланыстармен қатар,  төрткүл  дүниенің  түкпір-түкпіріндегі елдер  арасындағы алыс-беріс ұлғая түскен қазіргі заманда интеграциялық  кеңістік  аумағы аса ауқымды.

       Біздің еліміз үшін интеграциялық үдерістің  кеңістігі тек кедендік одақпен шектеліп қалмайды. Биылғы жылы Ресей  Дүниежүзілік садуа ұйымына  (ДСҰ)мүше болды. 2012 жылдың аяғына дейін біздің еліміз де ДСҰ-ға  өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда шешімін таппаған жайлар қол байлады.

       Кедендік  одақ  және Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы  интеграциялық үдерістің  пайда-зиянын екшеген сарапшылар  пікіріне орай экономикалық интеграция істері  жөніндегі  министр Жанар Айтжанова ДСҰ-ға өту жолындағы келіссөздердің барысына тоқтала келе, бұл тұрғыда ең күрделі деген үш мәселені атап өтті. «Бірінші – бұл экспортқа  шығарылатын астықты тасымалдауға бөлінетін көлік субсидиясының көлеміне байланысты мәселе. АҚШ, Канада және  Австралия  мұндай субсидияларға қарсы. Алайда еліміз әлемдік  мұхиттардан алыс,  Еуразия құрылығының кіндігінде орналасқандықтан, біз  су жолдарына тіке шыға алмаймыз. Бір тонна астықты ең жақын деген Ресей портына жеткізудің құны біз үшін 136 долларға түседі, ал ДСҰ-ға мүше елдер үшін мұндай шығындар  небәрі 17-40 доллардың айналасында.  Сондықтан біз әзірше өтпелі кезеңді қалдыра тұру мүмкіндігін сақтап отырмыз, – деді Жанар Айтжанова. – Осы уақыт ішінде астық сақтауға қажетті инфрақұрылым құрылысын  қаржыландыра  аламыз».

       Екінші мәселе ауыл шаруашылығына субсидия беруге байланысты. Қазақстанда ет өндіру негізінен жеке қожалықтарда  шоғырланған.  Бізде ДСҰ елдеріндегідей  ауқымды өндірістер жоқ, яғни қол еңбегіне негізделген  ұсақ шаруашылықтардың шығыны өнім бағасында көрініс табады. Сондықтан ет өндірісін ірілендіру үшін біз ауыл шаруашылығын  субсидиялау деңгейін қалыпқа келтіруіміз қажет. Бұл үшін, әрине,  уақыт керек, қаржы керек.

         Үшінші мәселе қазақстандық қамтумен байланысты. Министрдің айтуына қарағанда,  мұнай және тау-кен ісіндегі келісім-шарттарда біз өндірушіні қазақстандық тауарды сатып алуға міндеттедік. Алайда бұл ДСҰ талаптарына қайшы келеді.

        – Тіпті бүгінгі күннің өзінде қазақстандық тауарды сатып алу бар болғаны 15 пайызды құрайды, қалған 85 пайызы сырттан әкелінеді.  Яғни шетелдік тауарлар құқына  ешқандай  нұқсан  келіп отырған  жоқ. Сондықтан келісім-шарттар қайта қаралмайды, – дейді Жанар Айтжанова.

         Ал Қазақстан, Ресей және Беларусьтің кедендік  одағына келер болсақ, министрдің айтуынша, бізде импорттық баж салығы  Ресейге қарағанда  біршама төмен,  бұл жалпы тауарлар атауының  25 пайызына қатысты. Сондықтан біз оларды үйлестіруміз керек,  сонда  Кедендік одақ  Қазақстан ДСҰ құрамына кіргеннен кейін де жұмыс істейтін болады.

         Кедендік одақтың  біз үшін пайда-зияны қандай дегенді екшеген сарапшылардың бірқатары Кедендік одаққа кірумен  елдегі әлеуметтік жағдай  нашарлай түсті дейді. Иә, расында одақ  жұмыс істей бастаған 2010 жылғы 1 шілдеден бергі кезеңде баға өсе түсті. Үшінші елдерден келетін импорт та қымбаттады, көлік  жайы да көпті алаңдатқаны бар. Жанар-жағармай бағасы  да өсіп отыр. Осыған орай  қоғамдық  мәселелерді сараптау орталығы директорының орынбасары, белгілі экономист-ғалым Қанат Берентаев өз ойын былай сабақтады:

     – Посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үрдістерді, оның ішінде кедендік одақты қолдамайтындар бұл жоба халықтың  әл-ауқатының төмендеуіне әкелді дегенді алға тартады. Меніңше, кедендік одақ пен  соңғы уақыттағы баға өсуінің, елде қалыптасып отырған экономикалық  жағдайдың  бірі-біріне тікелей қатысы жоқ. Қызбалыққа салынбай,  айтылып отырған мәселеге салмақты қараған адам, жанар-жағармай бағасының өсуі бізде отандық өндірістің жоқтығына байланысты екендігін көрер еді. Яғни  тапшылық қолдан жасалып отыр. Сөйте тұра, үкімет қашаннан бері отандық өндірісті жолға қою қажеттігін айтудан жалықпай келеді. Шымкент, Павлодар МӨЗ-дарын қайта құру, Атырауда мұнайхимия кешенін салу қажет дегенімізге қанша жыл. Енді келіп, бензин тапшылығы мен баға өсуін  Ресей экономикасымен байланыстыру дұрыс емес. Бұл өзіміздің экономикалық, өндірістік саясаттағы кемшілігіміздің нәтижесі.

       Мемлекет стратегиялық  мәндегі тауарлар мен қызмет түрлеріне баға мен тарифтерді реттеуден неге қашады?  Бұл жанар-жағармайға ғана емес, электр энергиясына да қатысты. Жыл сайын электр қуатына тарифті көтеру қажеттігі туындайды. Өйткені бізде тариф басқаларға қарағанда төмен. Сондықтан тиімді пайдаланбаймыз, энергетикалық қуаттар жетіспейді, бары тозған, жаңартуға қаржы керек.  Бұл жерде мына жәйтті атап өткім келеді. ҮИИД бағдарламасында электрстансаларының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету үшін тарифтерді жыл сайын 10-15 пайызға көтеру қарастырылған. Ал жақшаның ішінде энергетикалық ресурстардың бағасы өзгермеген жағдайда  деп көрсетілген. Яғни мұнайдың бағасы  өсетін болса, тарифтер 10-15-ке емес, 20-25 пайызға бірақ көтеріледі. Мұны қалай кедендік одақпен байланыстырамыз.

      Азық-түліктің қымбаттауына келер болсақ, бұған  да  кедендік одақты кінәлау қисынсыз. Тағам өндірісіндегі  шығынның негізгі бөлігін  жанар-жағармай, электр қуаты, тасымал шығындары құрайды. Мұның бәрінің өзіндік құны өсіп отырған күнде, тиісінше соңғы өнім  құны да қымбаттайтыны  белгілі.

      Қалай дегенмен де Кедендік одақтың  жұмыс істегеніне, міне, екі жылдан асып барады. Осы уақыт ішінде негізгі мәселелер принципті түрде  шешімін тауып, интеграциялық  үдеріс арнасы кеңи түсті. Қабылданған үкіметаралық шешімдердің аясында өзара тиімді іс-қимылдар жүзеге асырылуда. Мен бұл жерде  бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінің кез-келгенінде кәсіпкерлерге өз еліндегідей қарым-қатынас жасалатындығын айта кеткім келеді. Осы тұрғыдан келгенде, бірыңғай экономикалық кеңістік Қазақстанның егемен ел ретінде өмір сүруіне мүмкіндік беретін интеграциялық одақ  болып табылады. Өйткені, қазіргі әлемдегі жағдайды зерделеп қарасақ, болашақ дамудың негізі – жаһандық экономиканың  аймақтық  ірі одақтарға бірігуінде боларын байқау қиын емес.

          Жанар АЙТЖАНОВА, экономикалық интеграция істері  жөніндегі  министр:

     – Тіпті бүгінгі күннің өзінде қазақстандық тауарды сатып алу бар болғаны 15 пайызды құрайды, қалған 85 пайызы сырттан әкелінеді.  Яғни шетелдік тауарлар құқына  ешқандай  нұқсан  келіп отырған  жоқ. Сондықтан келісім-шарттар қайта қаралмайды.

 

         Қанат БЕРЕНТАЕВ, қоғамдық  мәселелерді сараптау орталығы директорының орынбасары: 

        –   Меніңше, кедендік одақ пен  соңғы уақыттағы баға өсуінің, елде қалыптасып отырған экономикалық  жағдайдың  бірі-біріне тікелей қатысы жоқ. Қызбалыққа салынбай,  айтылып отырған мәселеге салмақты қараған адам, жанар-жағармай бағасының өсуі бізде отандық өндірістің жоқтығына байланысты екендігін көрер еді.

431 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы