• Қаржы
  • 18 Қараша, 2021

Төл валюта сыннан сүрінбей өтуде

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Соңғы жылдары төл валюта мерекесі салтанатпен атап өтілген кездері биік мінберлерден жалынды сөздер естілгенде екіұдай күй кешетінімізді, бұл ретте көкейде үміт пен күдік арбасып тұратынын несіне жасырамыз. Пандемия індетінің өршуі  әлемдік қаржы жүйесін тығы­рыққа тірегені жасырын емес. Айдарынан жел есетін алпауыт елдердің өзінде инфляция апта сайын өсіп келеді. Қарызшыларының  дені төлем қабілетінен айырылған банктер  әупіріммен күн кешуде. Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы биыл онлайн тәсілмен өткізген, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жолдап, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігінің басшылары алда тұрған міндеттерге шолу жасаған дәстүрлі конгресте қаржы секторына төнетін стратегиялық сын-қатерлерге,  атап айтқанда теңгенің тұрақтылығына  қатысты пайым-пікірлерге ден қоюымыздың бір себебі де осы еді. 
Қай елдің болмасын валютасы егемендікті бейне­лейтін мемлекеттік рәміз саналады. Сондықтан да әрбір қазақстандық бүгінде теңгенің тілеуін тілеуде десек, артық айтқандық болмас. Конгресте сөйлеген дуалы ауыздардың нақты мәліметтерге негізделген  оңтайлы  макросаясат модельдерін баяндай келе, экономиканың ұзақ мерзімді өсуі туралы болжам жасауын жақсылыққа балап, көңіл демегеніміз рас. Болашақ – цифрлық теңге, ашық банкинг, орталықтандырылмаған қаржынікі. Бірақ, бүгінгі күніміз басты экспорттық өнім – мұнай-газ шикізатына тәуелді. Даму сценарилері соған орайластырылады. Үстіміздегі жылдың соңына дейін брент маркалы мұнайдың бағасы бір баррель үшін 60 АҚШ доллары кезіндегі базалық сценариге сәйкес 2021 жылы Қазақстанда экономикалық белсенділіктің өсуі 3,5-3,8 пайыз көлемінде. Тұтынушылық сұраныс, сондай-ақ нақты экспорт 2021 жылдың екінші жартысында ішкі жалпы өнім өсімінің драйвері болды. Экспорт 2021 жылғы екінші тоқсанда өсу аймағына шықты, ал үшінші тоқсаннан бастап экспорттың ұлғаюы ОПЕК+ келісімшарты бойынша мұнайдың тәуліктік өндірісі шектеулерін жеңілдету нәтижесінде Қазақстандағы мұнай мен газ конденсатын өндіру қарқынының қалпына келуіне тәуелді  болмақ. Өнеркәсіптік сектордың белсенді өсуі кезінде Еуроодақ экономикасының қалпына келуіне орай сыртқы сұраныстың кеңеюі экспорт өсуінің қосымша факторына айналуы тиіс.  
Мұнымен қатар әлемдік экономиканың даму келешегіне және шикізат тауарларына деген сұраныс серпініне байланысты тәуекелдерді ой елегінен өткізген сарапшылар өз баяндамаларында  базалық сценариден басқа мұнай бағасының баламалы сценарилерін де қарады. Пессимистік сценарий ретінде 2021 жылы мұнай бағасы бір баррель үшін 50 АҚШ долларына дейін құлдырауы және оның осы деңгейде болжамды келешектің соңына дейін сақталуы қарастырылады.  Covid-19 жаңа штамдарының пайда болуы аясында әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы, халықаралық экономиканың баяу өсуі және мұнай нарығында елеулі теңгерімсіздіктің пайда болуы осы сценаридің іске асырылуына әкелуі мүмкін. Пессимистік сценаридің іске асырылуы кезінде Қазақстанның Еуроодақ, Қытай, Ресей сияқты негізгі серіктес елдері тарапынан сыртқы сұраныстың төмен деңгейі  экспорттың қалпына келуін шамалы тежейді. Базалық сценаримен салыстырғанда тау-кен өндіру секторы кәсіпорындары кірістерінің неғұрлым аз өсуі өндіріс пен инвестициялардың қысқаруына әкеледі, бұл құрылыс, көлік, сауда және өзге де қызметтер салаларына, одан әрі бүкіл экономикаға теріс әсер етеді. Халықтың нақты ақшалай табысы серпінінің инфляция салдарынан төмендеуі тұтынушылық сұраныстың өсуін біршама шектейтін болады. Нәтижесінде, базалық сценаримен салыстырғанда 2021-2022 жылдары Қазақстан экономикасы баяу қарқынмен қалпына келеді. 2021 жылы экономиканың өсуі 3,1-3,4 пайыз, 2022 жылы 3,7-4,0 пайыз болады. Бұл – пессимистік сценарий болса да, нашар көрсеткіш емес.  
Оптимистік сценарий іске асырылған жағдайда мұнай бағасының болжамы  бір баррель үшін 70 АҚШ доллары деңгейінде болады деп күтілуде. Мұндай баға ОПЕК+ мұнай өндіруді жоспарлы түрде ұлғайтуына ғана емес, сондай-ақ эпидемиологиялық шектеулерді алып тастау аясында әлемдік экономиканың қалпына келуіне байланысты болады. Мұнайдың жоғары бағасы және саудадағы әріптес елдер тарапынан күшті сыртқы сұраныс базалық сценаримен салыстырғанда Қазақстан экономикасы өсуінің неғұрлым жоғары қарқынына алып келеді. Ішкі жалпы өнім өсімі 2021 жылы 3,7-4,0 пайыз және 2022 жылы 4,4-4,7 пайыз болады. Оптимистік сценарий іске асырылған кезде инфляция базалық сценаримен салыстырғанда барынша баяулайды. Бұған теңгенің айырбастау бағамының неғұрлым берік серпіні және Ресейдегі инфляцияның  жылдам баяулауы аясында сыртқы инфляциялық қысымның төмендеуі ықпал етеді. Болжамды келешек ішінде инфляция нысаналы дәліздің жоғары шекарасында қалыптасатын болады. Инфляцияның қысқа мерзімді болжамдары өсу жағына қарай қайта қаралды. Болжамды жаңарту кезінде инфляцияның монетарлық емес факторларын тұрақтандыру үшін инфляцияға қарсы шаралар алынды. Шұғыл шаралар биылғы жылдың соңына дейін азық-түлік инфляциясын 8 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жылдың соңғы айларында инфляция 7,5-8,5 пайыз шегінде қалыптасады. Осы шаралар кешенін тиімді іске асыру кезінде 2021 жылы жылдық инфляция болжамды дәліздің төменгі шекарасына жақын қалыптасады. Сонымен қатар, инфляциялық үдерістерді, тұтынушылық сұранысты және электр энергиясының бағасы көтерілуін ескере отырып, инфляцияның жыл соңына дейін ағымдағы серпіні сақталуы ықтимал. Сонымен, тілге тиек етіліп отырған деректер мен дәйектер экономикамыз бен төл теңгеміздің уақыт сынына төтеп беріп келе жатқанына айғақ болады деп айта аламыз.

732 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы