• Қаржы
  • 18 Қараша, 2021

Кедейшілікпен күрес: баға мен шама

Қазіргі кездің ең өзекті тақырыбы – қымбатшылық, оның ішінде азық-түлік пен күнделікті сұранымға ие тауарлардың қымбатшылығы болып тұр.

Өткен айда үкімет дәл осы мәсе­леге байланысты ауқымды екі жиын өткізді. Ондағы мақсат – бағаны тұрақ­тандыру, қымбаттатпау. Алдымен басты назарға азық-түлік тауарларын өндірушілер алынғаны белгілі.

Қазір қарапайым тұрғындар арасында тараған басты да өзекті сауал мынадай: «Нан неге қымбаттайды? Астықты елде олай болуы мүмкін бе?»

Шынында да, биылғы жылды айтпағанда, бұған дейін Қазақстан егілген астығынан алынған өнімді жер-көкке сыйғыза алмай қинал­ғаны өтірік емес. Ішкі сұранымды былай қойғанда, қазақ астығы жарты әлемді асырап отырғаны тағы рас.

Таяуда депутат А.Қоңыров Пар­ла­ментт­ің кезекті бір мәжілісінде Қазақстан сыртқы нарықтан алмайтын, яғни өзінде өндірілетін тауарларды 50 процентке дейін қымбаттат­қанын айтып, қынжылыс білдірді. Әлбетте, оның ішінде тіршіліктің өзегі іспетті нан мен ұн өнімдері де бар.

Дегенмен, Ауыл шаруашылығы министрлігі халыққа елдегі нан баға­сының көтерілмейтінін айтып, сен­діріп бағуда. Алайда, нақты ақиқат басқаша. Демек, халық арасында қалып­тасып отырған жоғарыдағы сауал­дың туындауы заңды деген сөз.

Үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жыл­дығында елде 111 млрд тең­генің нан өнімдері шығары­лыпты. Ол өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 11,8 пайызға кем. Тіпті нан өнімдерінің нарқы әр облыста 6 проценттен 9,2 процентке дейін қымбаттағаны байқалады.

Жалғыз нан өнімдері ғана емес, елде шығарылатын басқа да тауарлардың, айталық, бірінші сұранымдағы тауарлардың қым­баттағаны көрініс беріп отыр. Өткен 8 айда бұл көрсеткіш 9,7 пайызға жетіпті. Атап айтқанда, бензин 20, дизель отыны 35 пайызға қымбаттаған. Шын мәнісінде, Қазақстан бензин мен солярканың шикізаты мұнайға да тапшы ел емес. Ал сонда бүгінгі еңсені езген қымбатшы­лықтың сыры мен себебі неде? Бұл енді дүйім жұртты ойландырып отырған, қазіргі күннің ең өзекті сауалы болып тұр.

Өткен айда облыстар шеттен 273,6 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауар сатып алыпты. Атап айтқанда, жұмыртқаны сатып алу мөлшері 70,6 млн данаға, картоп 17,4 мың тоннаға, сәбіз 7,2 мың тоннаға, қырыққабат 4,8 мың тоннаға бұрынғыдан артық сатып алынған.

Соған қарамастан азық-түлік баға­сының қымбаттауы тоқтар емес. Бір аптаның ішінде жұмыртқа 1,6, қырыққабат 3,5 пайызға қым­баттапты. Тіпті Алматы қала­сын­дағы қырық­қабат құнының қым­бат­тауы қайраң қалдырады. Бүгін­ге дейін оның деңгейі 19,3 пайыз­ға жетіп отыр.

Кейбір ет өнімдерінің құны 20 пайызға қымбаттағаны байқала­ды. Мәселен, тауық еті небәрі жарты жылдың ішінде 29, сиыр еті 12 пайызға қымбаттаған.

Бір сөзбен айтқанда, барша ша­раларға қара­­­мастан, бірін­ші қажет­тіліктегі тауарлардың қым­бат­тауы одан ары жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азық-түлік бағасының көтерілуін ең ауыр мәселеге жатқызғанын бәріміз білеміз. Оның ақыры тіпті әлеумет­тік дүрдараздыққа әкеліп соғуы да мүмкін.

Тиісті мамандар елдегі азық-түлік бағасының көтерілуін жанар-жағар майдың қымбаттауымен, ауыл шаруашылығы өндірушілері арасындағы жасырын келісім­дермен, бағаны жасанды түрде көтеретін ара делдалдардың әреке­тімен байланыс­­тырады.

Қазір үкімет дәл осы мәселе­лер­дің алдын-алуға қатысты әрекет­терге кірісті. Өйткені, бағаны одан ары көтеру – қауіпті, тіпті қатерлі. Тек өткен аптада ғана әлеуметтік маңызы бар тауарлар құны 1 процентке өскені байқалып отыр. Мәселен, жұмыртқа 0,7, қырық­қабат 0,8 процентке қым­баттаған. Сонымен қатар кейбір азық-түліктердің нарқының төмен түскені де байқалады. Мәселен, пияз 0,9, қарақұмық 0,6, сиыр еті 0,1 процентке арзандаған.

Премьер министр Асқар Мамин күн сайын үкіметте азық-түлік бағасын реттеуге байлнысты кеңес өткізеді. Онда мәселеге тікелей жауапты Ауыл шаруашылығы министр­лігінің өкілдері көңілді жұба­тар деректер беруден әлі де болса жалығар емес.

Соған қарамастан, ең басты қажет­тіліктегі нан мен нан өнім­дерінің қымбаттауы Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Батыс Қазақстан облысында, Павлодарда айқын байқалады.

Шынтуайтына келгенде, нан баға­сына байланысты айтылар уәж де жеткілікті. Мәселен, өткен жылы Қазақстан 20 млн тонна астық өндірді. Ал құрғақшылыққа байланысты биылғы көрсеткіш 16 млн тонна ғана.

Кейбір мамандар елдегі нан өнімдерінің қымбаттауын осымен де байланыстырады. Дегенмен, оған қарсы уәж айтушылар да бар. Қазақ­стан жыл сайын өндірілген өнімнің қомақты бөлігін экспортқа шығаратыны белгілі. Соған орай, кейбір тараптар «бидай аз болса, өзімізге жетпесе, шетелге сатудың қажеті қанша?» деген уәж айтуда.

Қысқасы, қазір елдегі әлеуметтік салаға қатысты ең актуальді мәсе­ленің бірі – азық-түлік бағасын қым­баттатпау болып отыр. Үкімет белгілеп отырған кедейшілікпен күрес шараларының шешуші тетігі нарықтағы баға мен тұрғындардың материалдық-қаржылық шамасында.

Обалы қанша, билік жыл сайын жалақы мен зейнетақы, жәрдем­ақы мөлшерін өсіреді. Алайда қымбат­шылық түріндегі «кері полюс» әлі де болса ырық берер емес. Дәл осы жерде қазіргі жұмыс­сыздық меңдеген замандағы аз қамтылғандардың «жанбағары» 42 500 теңге көлеміндегі ең төменгі жалақы мөлшеріне тоқтала кету керек. Үстіміздегі жылы елдегі ең төменгі жалақы 40 процентке өседі деген болжамдар айтылуда.

Әрине, үмітсіз – шайтан ғана, ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуінен үміт күтіп отырғандар аз емес. Әрі ол суға кеткен тал қармайды дегеннің үмітті тілегіне де ұқсайды.

Қазақстан Республикасында ең төменгі жалақы мөлшері соңғы рет 2019 жылы қаралыпты. Одан бері әлеуметтік тауарлар да айтарлықтай қымбаттағаны өтірік емес.

Іс жүзінде халықаралық стандарттар бойынша елдегі ең төменгі жалақы мөлшері үкімет белгілеген тіршілік минимумынан кем бол­мауға тиіс. Ал елде биыл тіршілік минимумы 32 668 теңгеден 34 302 теңгеге көтерілді.

Алдағы уақытта елдегі ең төменгі жалақы белгіленерде осы көрсеткіш есепке алынбақ. Заң бойынша белгіленген әртүрлі  салық мөлшері де ең төменгі жалақы мөлшеріне сәйкес белгіленеді.

Бір сөзбен айтқанда, азық-түлік бағасы қымбаттағанымен, алда­ғы қалыпты тұрмыс пен тірші­лік­­тен үміт бар деген сөз. Алды­мен үкіметтің бағамен қоса тұрғын­дар­дың әлеуметтік-тұрмыс­тық жағ­дайын ескеріп отырғаны да байқалады.

Өмірзақ МҰҚАЙ

1127 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы