• Қаржы
  • 18 Қараша, 2021

Қаржы нарығындағы ахуал әлі де құбылмалы

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

Төрткүл әлемді  жайлаған коронадағдарыс бізді  де айналып өткен жоқ. Экономикалық өсім  тежеліп, төлем қабілеті құлдыраған соңғы екі жылда  пандемия салдарын өңірдегі ең озық саналып келген еліміздің қаржы жүйесі де жақсы сезінгені анық. Қарашаның екінші жұмасында Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде бас қосқан сала майталмандары бүгінгідей құбылмалы  әлемде  қаржы секторына төнетін сын-қатерлер мен олардың алдын алу, қаржы нарығын дамыту міндеттерін ортаға салып, ой бөлісті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық валюта күні қарсаңында өткен қаржыгерлердің дәстүрлі жиынына қатысушыларға жолдаған құттықтауында жаһандық сын-қатерлер мен үрдістерді ескере отырып, қаржы саласын одан әрі дамыту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін, бұл ретте елдің экономикалық өсімін қолдау оның негізгі міндеті болып қала беретінін атап өтті. Осы тұрғыда біздің еліміз үшін де үлкен сын-қатер болған пандемиядан туындаған дағдарыс әсерін жұмсарту мақсатында Ұлттық банктің бірінші кезектегі міндеті – қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету, капитал мен банк өтімділігін, сақтандыру ұйымдарының және қаржы нарығындағы басқа қа­тысушылардың тұрақтылығын қолдау болды. Осыған орай 2020 жылғы наурыздан бастап қаржы ұйымдарының капиталына және өтімділігіне қойыла­тын талаптарды бәсеңдетуге бағытталған пруденциялық реттеудің уақытша шаралары енгізілді. Өйткені экономикалық белсенділік төмендеген дағ­дарыс жағдайында бизнес субъектілері үшін кредиттердің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты басымдық еді. Осы ретте Ұлттық банк экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларында кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Бизнесті жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын іске қосты, сондай-ақ қарыздарға кепілдік беру және субсидиялау бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» құралдары кеңейтілді. «Кәсіпкерлік субъек­тілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын іске асыру кезінде 1,5 мыңнан астам бизнес субъектісі 1,1 трлн теңге сомада қарыз алды. Бүгінгі күні экономиканың барлық дерлік секторлары өсу аймағында тұр­ғанын көріп отырмыз, осыған байланысты бағдарлама биыл 31 желтоқсанға дейін аяқталады», – деп атап өтті конгрестің ашылуында сөйлеген сөзінде Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев. 
Ұлттық банк осы кезеңде халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, ел ішінде жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу мақсатында қайтарымды негізде жергілікті атқарушы органдарды қаржы­ландыру арқылы 900 млрд теңге болатын Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға қатысты. Бұл бағдарлама да биыл аяқталады.

Бас банкир тұрғын үйді ұзақ мерзімді кредиттеуді ынталандыру үшін басталған «Баспана хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы да биыл аяқталатынын, оған бөлінген 600 миллиард теңгеге жуық қаржы толық игерілгенін айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық банк 2022 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» және жеңілдікті ипотекалық «7-20-25» бағдарламаларын жалғастыратын болады. Қазіргі таңда «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 940 млрд теңге сомаға қарыз беріліп, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 трлн 400 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Экономиканың зардап шеккен секторларында кәсіпкерлерді қолдау үшін барлық шағын және орта бизнес субъектілеріне мөлшерлемелер 6%-ға дейін субсидияланып, бұл қолдау биылғы 31 тамызға дейін көрсетілген. Осы ретте 4 839 компания 740 млрд теңге сома көлемінде субсидия алды. 
Жиын мінберінен сөз алған қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова дағдарысқа қарсы шаралар аясында банктер былтыр жыл бойы және биылғы жылдың бірінші жартысында зардап шеккен салаларда шағын және орта бизнес үшін кредиттерді кейінге қалдырып, қайта құрылымдағанын атап өтті. «Нәтижесінде 2019 жылғы 13% болған теріс мәнмен салыстырғанда 2020 жылды ШОБ кредиттерінің 7,2%-ға өсуімен аяқтадық. 2021 жылғы сәуірден басталған экономикалық өсуді қалпына келтіру аясында биылғы 9 айда ШОБ кредиттерінің өсуі 18,6%-дан, ал экономикаға кредиттердің жалпы өсуі 16%-дан асты», – деді ол.
Пандемиядан туындаған дағдарыс қалың көпшілікті төлем қабіле­тінен айырғаны жасырын емес. Қарыз­шыларының жағдайы осындай болғанда, банктердің ахуалы да айтарлықтай болмасы анық. Жиында айтылған мәселенің бірі осы – қаржы нарығын төлем жасауға қабілетсіз банктерден және проблемалық кредиттерден тазарту жұмыстары туралы болды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының айтуынша, коронавирус таралған соңғы екі жылда 5 банк нарықтан кеткен екен. Банк секторын төлем жасауға қабілетсіз банктерден және жинақталған проблемалық кредиттерден тазартып, қалпына келтіру жұмыстары биыл аяқталды. «Соңғы екі жылда нарықтан 5 банк кетті. 2017 жылдан бастап 8 банктің лицензиясы қайтарып алынды, 3 ірі банк шоғырландырылды. Жалпы алғанда, 2017-2021 жылдары 6,6 трлн теңге сомадағы кредиттер есептен шығарылды», – деді М.Әбілқасымова. 
 Банк секторын тазарту нәтижесінде NPL ауқымды анықтамасын сипаттайтын проблемалық және қайта құрылымдалған кредиттер деңгейі 2017 жылғы 40%-дан биыл қазанда 10%-ға дейін, 4 есе төмендеген. Бұл ретте 90 күннен астам мерзімі өткен NPL өзі 4,3%-ды құрады. «Жұмыс істемейтін активтерді банктер балансынан есептен шығаруға қарамастан, банк жүйесінің активтері соңғы үш жылда 41%-ға ұлғайып, 35,6 трлн теңгені құрады. 2019-2020 жылдары жүргізілген Активтер сапасын бағалау (AQR) капиталдың қажетті қоры бар екенін жүйелік және жеке деңгейде растады. AQR қорытындысы бойынша өткен жылы банктердің акционерлері банктерді 128 млрд теңгеге үстеме капиталдандырды, қосымша провизиялар әсері және активтер сапасын жақсарту бойынша шаралар 600 млрд теңге сомаға бағаланды. Нәтижесінде бүгінгі күні банктердің капитал жеткіліктілігі 25% болды, бұл ең аз талаптардан 3 есеге артық», – деді агенттік төрағасы.   
Биыл екінші тоқсаннан эко­номикалық белсенділік қалпына келе бастады, өнеркәсіптік өнім көлемі өсіп, тұтынушылық сұраныс артты. Төлем қабілеті біршама көтерілген осындай кезеңде халықты несиеге батырмау үшін қандай шаралар қарастырылуда? Көптің көкейіндегі осы сауал – агенттік басшысы тоқталып өткен мәселенің бірі болды. Екінші тоқсаннан бастап тұтынушылық сұраныстың қалпы­на келуіне байланысты халыққа бе­рілетін кредиттердің жылдам өсіп отырғаны байқалады. Биыл бірінші жартыжылдықта жеке тұлғаларға берілетін кредиттердің өсімі 13,6%-ды құраса, 9 айда ол 27,5%-ға жеткен. Ипотекалық кредиттер жеңілдікті ипотекалық бағдарламаларды іске асыру аясында жыл басынан бері 22,6%-ға өсті. Ипотекалық кредиттер бойынша мөлшерлемелердің азайтылуына қарамастан, жылжымайтын мүлік нарығында қоса жүретін баға өсімі халықтың баспанаға қолжетімділігін төмендетуі мүмкін. 
Осы ретте агенттік басшысы тұтынушылық және ипотекалық кредит берудің жоғары қарқыны қаржылық тұрақтылық үшін сын-қатерлер мен халықтың борыш жүктемесінің ұлғаюына әкеп соғуы мүмкін екенін айтты. Бұл тәуекелдерді тежеу үшін олардың халықтың кредит алу деңгейіне және қаржылық ұйымдардың жүйелік тұрақтылығына әсер етуіне байланысты макропруденциялық саясат құралдарын пайдалану қарастыры­луда. «Жалпы, 2020-2021 жылдары халықтың борыш жүктемесінің өсу қарқынын ұстап тұру үшін қарыз алушылардың құқықтарын қорғау бойынша бірқатар шара іске асырылды. Біріншіден, барлық кредиттер бойынша төлемдер сомасы қарыз алушының ай сайынғы кірісінің 50%-нан аспауын көздейтін борыш жүктемесінің 50%-дық коэффициенті енгізілді. Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз ұсынуға, сондай-ақ 90 күнге мерзімді кешіктір­геннен кейін тұрақсыздық айыбы мен комиссия есептеуге тыйым салу белгіленді. Борыш жүктемесін бұдан әрі бақылау мақсатында банктер мен микроқаржы ұйымдарына барлық қарыз алушылар бойынша КНҚ туралы есеп ұсыну талабы енгізіледі», – деді М. Әбілқасымова. 
Екіншіден, қиындықтар туын­даған жағдайда, мерзімі кешік­тірілген қарызды реттеу рәсімі күшейтілмек. Биыл мамырда мерзімі кешіктірілген қарызды бірыңғай сотқа дейінгі реттеуді көздейтін заң қабылданды. Бұл тәртіп 1 қазаннан бастап күшіне енді. Заң тәртібіне орай банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушыны мерзімнің кешіктірілуі туралы хабардар етуі және оның төлемқабілеттігін бағалап, қарызды қайта құрылымдау талаптарын ұсынуға міндетті. Агенттік мамыр айында енгізген жағымсыз кредиттік тарихы бар қарыз алушыларды оңалту тетігі 1,9 миллион азаматтың жағдайын оңалтуға мүмкіндік берді. 
Үшіншіден, аталған заң аясында коллекторлардың заңсыз іс-әрекеттерін шектеу мақсатында ең төменгі капитал мөлшерін белгілеу және қарыз алушылармен өзара іс-қимылды міндетті түрде тіркеу арқылы коллекторларға қойылатын талаптар қатаңдатылды. 
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы мамыр айы­нан бергі кезеңде заңсыз әрекет еткен 33 коллектордың қызметі тоқта­тылғанын, қазіргі уақытта коллек­торлық қызметті реттеу тәртібін қатаң­дату бойынша қосымша ұсыныс­тар әзірленгенін айтты. Бұл шаралар арқылы капиталдың ең төменгі мөлшері, қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен іскерлік беделіне қойылатын талаптарды біртіндеп арттыру көзделген. Осы ретте Бас прокуратура коллектордың заңсыз әре­кеттері үшін әкімшілік және қыл­мыс­тық жауапкершілік енгізуді ұсынды.

981 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы