• Бизнес & Қоғам
  • 18 Қараша, 2021

Pfizer вакцинасы қаншалық қауіпсіз және тиімді?

Бұл тұрғыда қазақстандық ғалымдар не дейді?

Соңғы екі жылдан бері әлемді дүрліктірген вирусты жұқтырғандар саны дүниежүзінде 120 миллионға жетіп, 8 миллионға жуығы өмірден өткен екен. Ал әлемдік ғалымдар мен сарапшылардың бірлесе дайындаған 270-тен аса вирусқа қарсы вакцинасының  індетті түбегейлі жоюға күші жетпей тұрған сыңайлы. Бірақ өткен жылдарға қарағанда екпіні бәсеңдеп, өлім-жітімнің саны төмендегендей. Еліміз қолданып отырған «QazVac», «Спутник V», «Hayat-Vax», «Коронавак» және «Спутник Лайт» вакциналары 18 жасқа дейінгі балаларға егілмегендіктен, бүгінгі күні балалар арасында түрлі штамдардың таралуына байланысты Pfizer вакцинасын 12 жастан асқан балаларға салу жылдың аяғына дейін жүргізілуі тиіс деп айтылған болатын. Жоспарлағандай-ақ өткен аптада Pfizer вакцинасының 400 мыңға жуық дозасы Қазақстанға жеткізілді.

Жуырда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында халықты COVID-19-ға қарсы вакцинациялау науқанының барысы туралы ақпар беріп, онда еліміздегі халық санының 41,5 пайыздан астамы екпе алғандығын және ТМД елдері арасында Қазақстан екпенің екі дозасымен қамту бойынша көш бастап тұрғандығын жеткізді. Осы ретте, індетке қарсы вакциналанған 207 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес Қазақстан 104-орында тұрғандығын атады.

Өткен аптада Алматы қала­сының бас мемлекеттік сани­тарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында, вирустың төмендегеніне қарамастан оңтүстік астанада эпидемиологиялық ахуал бұрынғысынша күрделі күйінде қалып отырғандығын, қала елдегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасының «сары» аймағында орналасқанымен індеттің таралуы жалғасуда, ал бұл вакциналанбаған азаматтар үшін ерекше қауіпті екендігін айтты. Ол ересектерді одан әрі вакциналау, 12 жастан асқан жасөспірімдерге, жүкті және емізулі аналарға екпе салу арқылы ұжымдық иммунитетті 80%-ға дейін жеткізу қажеттігін алға тартты. Қалада коронавирусқа қарсы ревакцинация 22 қарашадан басталады. Вакцинаның екі компонентімен егілген 2680 адамның 360-ы қайта ауырған. «Ревакцинация өте қажет. Бұл ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға көмектеседі және вирустың одан әрі мутациясына жол бермейді»,–деді қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері кездесу барысында.

Қалада 12 қарашадан бастап COVID-19 вирусына қарсы Pfizer екпесін салу басталды. Қала бойынша 300-ден астам жасөспірім, жүкті әйелдер мен емізулі аналар «Comirnaty» (Pfizer, США) екпесімен егілген. Мамандардың айтуынша «Comirnaty» (Pfizer, АҚШ) коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинациялауға жүкті әйелдер – жүктіліктің 16 - дан 37-аптасына дейін, емізулі аналар бала туылғаннан бастап 42 күннен кейін және 12-ден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер жатады. Оларды вакцинациялау тек ата-анасының немесе заңды өкілінің алдын ала ақпараттандырылған келісімімен ғана егіледі.

Алматыда коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитетті қалып­тастыру үшін Профи­лактикалық медицина акаде­миясының президенті, академик Алмаз Шарман ревакцинациядан өтуді, сондай-ақ жасөспірімдерге екпе салуды ұсынды.«Біз балалар қоғамның ең мобильді бөлігі екенін,олардың ересектермен де, қатарластарымен де байланыс жасайтынын және мектепке баратынын ескерсек, олдардың инфекция тасымалдаушы екенін түсінуге тиіспіз. Сондықтан көптеген елдерде балаларды вакциналау туралы шешім қабылданды. 2000-нан астам балаға жүргізілген клиникалық зерттеулер Pfizer вакцинасының қауіпсіз және тиімді екенін көрсетті», – деді А.Шарман.

Академик барлық егулер имму­нитетті өмір бойын қалып­тастырмайтынын, кейбір инфекциялардан әр бір бес немесе он жыл сайын, ал тұмау сияқтылардан жыл сайын егілу керектігін атап өтті.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні оңтүстік астанадағы індеттің таралуы бойынша 116 симптомдық, 3 симптомсыз белгілері бар 119 жаңа жағдайы тіркелген. Қаладағы инфекциялық стационарларда ( 1774 төсек-орын) 664 адам (оның ішінде 16 бала) емделіп жатыр. Hiqh flow-да 17 аппарат үздіксіз жұмыс істейді. Алматыда бір тәулік ішінде 1-компонентті 2 202, 2-компонентті 1814 адам екпе салдырған. Биылғы жылдың 1-ші ақпан 16-шы қараша айлары аралығында екпенің 1-компонентін 1013983, 2-компонентті 953075 адам алған. Оның ішінде 121 676 адам 60 жастан асқандар. Медициналық мекемелер, мектептер, мәдениет және спорт нысандарында, базарлар мен қаланың сауда ойын-сауық орталықтарында 132 екпе пункттері қамтамасыз етіліп, 205 вакциналау бригадасында 733 медицина қызметкерлері жұмылдырылған.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

2739 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы