• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 18 Қараша, 2021

Ауыл ауыз сумен толық қамтылуы керек

Сейсенбідегі Үкімет отырысында ағымдағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай баяндалды. Сонымен қатар жиында ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау қызметтерін қолжетімді ету, жоғары білім беру сапасын арттыру сынды әлеуметтік маңызды мәселелер қаралып, бұл бағыттарда нақты міндеттер жүктелді.

Әдеттегідей, денсаулық сақтау саласының басшысы А.Цой елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға толығырақ тоқталып, негізінен ахуалдың біртіндеп тұрақтала бастағандығын хабарлады. Айтуынша, инфекциялық төсектер 30%, реанимациялық төсектер 27% толған. Коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары әлі де қызыл белдеуде қалып отыр, сары аймақта – Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Атырау облыстары бар. Қалған өңірлер және жалпы республика – жасыл статусқа ие. Қазірде 8,5 млн-нан астам адам вакцинаның бірінші компонентін алды – бұл ересек адамдардың 75%-ы, сондай-ақ 7,8 млн-нан астам адам немесе ересек адамдардың 69%-ы екінші компонентті алды.

Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жүргізілетін 207 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес, Қазақстан халықты КВИ-ға қарсы екі дозамен вакциналау бойынша 104-орында және халық санының 41,5%-дан астамы егілді. ТМД елдерінің ішінде Қазақстан, Ресей және Әзербайжан ғана халықты вакциналау көрсеткішінің 40%-дан астамын құраған.

Еуропаның көптеген елде­рінде сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, Үкімет басшысы санитарлық талаптарды қамтамасыз ету және мониторингтік топтардың оларды сақтауын бақылау бойынша шаралар қабылдауды одан әрі жалғастыруды тапсырды. Халықты вакциналаумен және ревакциналаумен қажетті көлемде қамтамасыз етудің маңыздылығын атай келе, А.Мамин: «Біз қазір ДДСҰ ұсынысы бойынша вакци­налауға жататын адамдар санатын кеңейтіп жатырмыз. Жас­өспірімдерді, жүкті және бала емі­зетін аналарды вакциналау бас­талды. Адамдардың өздерінің тандауы бойынша қажет вакцинаны ақылы түрде алу мүмкіндігі болуы үшін вакцинаны коммерциялық нарық сегментіне жеткізу туралы ұсынысты қолдаймын», – деді.

Қазақстанда ревакцинация­ны биылғы 22 қарашада бас­тау жоспарланған. Бұған дейін салынған вакцинаның түріне қарай, екінші компонентті алған сәтінен бастап 6-9 ай өткен азаматтар егілетін болады.

Жиын талқысына арқау болған келесі тақырып – ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау қызметтерін қолжетімді ету мәселесі. Бұл жөнінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешев, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаев баяндама жасады.

Премьер-министр Үкіметтің алдына 2025 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ын таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қойылғанын атап өтті. Оның шешімі Nur Otan партиясының бағдарламасында және өңірлерді дамыту бойынша қабылданған ұлттық жоба аясында қарастырылған. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша ауылдар 91,8%, қалалар 98% ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қалған 1922 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы жалғасады. Үкімет басшысы ауыз сумен қамтамасыз етілу пайызы төмен өңірлерге, әсіресе Қостанай (64,7%), Шығыс Қазақстан (81,4%), Солтүстік Қазақстан (82,1%) және Жамбыл (82,2%) облыстарына келесі жылы көрсеткіштерді орташа республикалық деңгейге жеткізуді тапсырды. Бұл ретте елді мекендердің ішіндегі сумен жабдықтау жобаларын (барлау жұмыстары, ЖСҚ әзірлеу) іске асырудың барлық сатылары топтық су құбырларының инфрақұрылымын жүргізу жос­парларымен үйлестірілуі тиіс. Әкімдіктерге ауылдарды сумен жабдықтау бойынша ЖСҚ уақытылы әзірлеу жұмысын жандандыру қажет екені айтылды. Үкімет басшысы автоматтандыру деңгейін арттырудың және сумен жабдықтау саласына инновациялық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. А. Мамин барлық өңірлерге тарату үшін Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларын мысалға келтірді, онда өндірістік процестерді автоматтандыру және есептеу құралдарын орнату есебінен тұтынушылардың қаражаты едәуір үнемделген, су шығыны мен қызмет көрсету шығындары төмендеген. Үкімет басшысы орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және осы жылдың қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Ұлттық экономика министрлігіне индустрия, экология министрліктері­мен және өңірлердің әкімдік­тері­мен бірлесіп, инвестициялық шығындар, оның ішінде суды пайдаланудың цифрлық технологияларын енгізу қажеттілігін ескере отырып, судың тарифтік саясатын жетілдіру мәселелерін пысықтау тапсырылды. Индус­трия министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, ауылдарды сумен жабдықтау объектілерін салу кезінде бақылауды күшейту шараларын қабылдау және тұ­тынушылармен кері байланыс функцияларын қоса отырып, елді мекендерді сумен жабдықтаудың интерактивті картасын өзектендіру міндеттелді.

Жоғары білім беру сапасын арттыру мәселелері бағы­тында білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов пен респуб­ликалық жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Р.Алшанов баяндады. Премьер-министр жоғары білім беру саласын дамыту бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Заңнамалық деңгейде университеттерге академиялық және басқарушылық дербестік берілді. Сонымен қатар мамандарды даярлау сапасын одан әрі арттырып, ЖОО-лардың студентті даярлау сапасы үшін жауапкершілік тетіктерін енгізу қажет. Білім беру сапасының төмендігі анықталған 15 университет жабылды. Студенттердің білімін тексеру арқылы оқыту нәтижесіне қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды. «Түлектердің білім деңгейі нарық пен жұмыс берушілердің талаптарына сай болуы тиіс. Төртінші өнеркәсіптік революция мен жаппай цифрландыру мүлде жаңа тәсілдер мен дағдыларды талап етеді. Өмір бойы оқу қағидатын енгізген жөн», – деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігіне, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-ға мамандарды даярлау сапасы байланысты болатын жаңа кәсіби стандарттарды өзектендіру және әзірлеу жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды. Премьер-министр түлектерді сертификаттаудың тәуелсіз жүйесін дамыту, ұлттық кәсіптер сыныптауышын жаңарту, қашықтан оқыту, оның ішінде жоғары білім беруде қашықтан оқыту форматтарын заңнамалық регламенттеу қажеттігін атап өтті. Білім және ғылым министрлігіне Білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар мен индикаторларды қарастыру, қаржы, ұлттық экономика министрліктерімен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биылғы 22 қарашаға дейін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған жол картасын пысықтау және Үкіметке енгізу тапсырылды. А. Мамин 20 мықты өңірлік жоғары оқу орындарын құру бойынша қаржыландыру мәселелерін пысықтауды және Петропавл мен Шымкентте Назарбаев университеті үлгісінде екі жоғары оқу орнын ашуды, екі дипломды бағдарламаларды және оқытушылар мен студенттердің академиялық мобильділігін дамыту жұмыстарын жалғастыру­ды тапсырды. Үкімет басшысы университеттердегі ғы­лыми зерттеулер көлемін ұлғайту және жас­тарды ғылымға белсенді тарту жөніндегі нақты шаралармен ғылым мен жоғары білімнің бірыңғай цифрлық платформасын құру мәселесін пысықтауды тапсырды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

391 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы