• Қаржы
  • 18 Қараша, 2021

ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛЫ НЕГЕ ҚЫМБАТТАП ЖАТЫР?

Бұл саладағы кейбір шикізат бағасы биыл екі есеге дейін өскен

Базар бағасына қарасақ та, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының дерегіне үңілсек те, құрылыс материалының бағасы биыл қатты өскен. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Арман Мәмбетаев «жылдық мәнде кейбір материалдың құны екі есеге дейін өскен» дейді. «Оның үстіне өсу күн сайын дерлік байқалады» делінген Energyprom.kz. зерттеуінде.

Неге бұлай? Қымбаттаудың себебі неде? Себеп көп... Мысалы, біздегі цемент зауыттары бағаның өсуін электр энергиясы құнының биыл 30%-ға, темір жол тарифінің  17%-ға, вагон жалдаудың 13%-ға артуынан көреді.

Кейбіреуінің себебі негізді. Мысалы, болат прокатына бағаның өсуі тікелей әлемдік конъюнктураға байланысты екені рас. Өйткені биыл болат әлемде күрт қымбаттады. Жыл басында Қытайда, іле-шала АҚШ-та, Еуроодақта металл бағасы өсті. Кейін шикізаттың өсу динамикасы мыс, алюминий, темір, болат прокаты, түрлі қазбалар мен ағаш материалдарында байқала бастады.

– Еліміздегі кәсіпорынның басым бөлігі өзіміздің нарықты толық қамтамасыз ете алады. Дегенмен әлемдік нарықтағы бағаның өсуінен елімізге қымбат импорт өнімдер келіп жатыр, – дейді индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин.

Қазір елдегі кәсіпорындар ішкі нарық мұқтажын базалық құрылыс материалымен, яғни бетонмен, цементпен, кірпішпен, қабырға тұрғызуға қажет басқа да дүниемен толық жаба алады. Отандық зауыттың (тоғыз кә­сіп­орынның) арматура өндірісінің жобалық қуаты – 1,9 миллион тонна, ал жыл сайынғы ішкі қажеттілік 1,2 миллион тонна (2020 жылдың қортындысы бойынша 770 мың тонна өндірілген, экспорт 195 мың тонна, импорт 550 мың тонна.) Бірақ мамандар темірдің тапшылығынан іс жүзінде зауыттар ішкі нарықты тек 60 пайызға ғана қамтып отыр, дейді.

– Сонымен бірге кәсіпорындар өндіріс көлемін былтырмен салыс­тырғанда екі есеге арттырды (керамика – 717 миллионнан 1 713 миллион данаға дейін; силикат - 11 миллионнан 24 миллион данаға дейін). Жыл басынан бері кірпіш импортының ұлғаюы байқалады (керамика - 13,4 миллион данадан 43 миллионға дейін; силикат – 3,2 миллионнан алты миллион данаға дейін), бұл ішкі нарықтағы тұтыну көлемінің күрт өсуіне байланыс­ты, – дейді Тимур Қарағойшин.

«Алюминий есіктерге, қара металдан жасалған заттарға, құрғақ құрылыс қоспаларына баға бір жарым, екі есеге дейін өскен» дейді сарапшылар. Саз бен ұсақ тас, лак пен бояу, болат профиль мен мұнай битумы, т.б. заттың бағасы шамамен 40%-ға өсіпті.

Шыны бағасының біздегі импорт үлесі – 97,6%. Импортты шыны табақтың үштен екісі елімізге Ресей федерациясынан келеді. Лак-бояу өнімдері сегментінде жыл қорытындысы бойынша 17%-ға қымбаттаған,  майлы бояулар бағасы да осы шамада өскен.

Әсілі, елімізде басты 32 құрылыс материалының 28-інде бағаның өсуі байқалған. «Пандемия бағаның күрт өсуіне алып келді» дейді біреулер. Әйтеуір «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» деп бәрін пандемияға жаба беретін болдық. 
Темір рудасына әлемдік бағаның өсуінен кейін металл прокаты қымбаттады дедік. Арматура бағасы да шарықтады.  Бір жыл ішінде оның құны шамамен 80%-ға өсті (брендке байланысты). Мысалы, швеллер биыл 75% қымбаттаған.  Өйткені  темір рудасының әлемдік бағасы 70%-ға өскен. 
Дегенмен кейбір позицияның қымбаттауы әлі түсініксіз. Мәселен, қиыршық тас бағасы 3,5 есеге, әктас бағасы 2,4 есеге өскен. Неге? Мұның бәрі шетелден келмейді ғой. Биыл құмның бағасы да күрт өсті. Құм мен қиыршық тастың орташа бағасы құбылып тұр.  
Импортпен келетін мате­риал­дың бәрі қымбаттады. Мә­селен, шыны импортының үлесі – 97%, ағаш материалдары – 65%, иленген арматура – 53%. Өйткені аталған тауарлар мен осы төңіректегі шикі­затқа әлемдік бағаның өскені бай­қалады.
Ал елімізде құрылыс сала­сындағы өндіріс биыл жанданды. Гипсокартон (112%), шлаковат, минералды силикат және блоктардағы мақта (110%), бетоннан жасалған құрылыс құрама конструкциясы (102%) бойынша өндірістің ұлғайғаны байқалды. «Құрылыс ұйымдарына арналған материалдарға баға индексі 100,6% болды» деп жазады Еnergyprom.kz.
Бірақ тауарлы бетон мен портландцемент, шлак және гидравликалық цемент өндірісі төмендеп қалды, содан болар, бұлардың бағасы көтеріліп кетті. Ал бір өсіп алған бағаның түсе қоюы екіталай екені мәлім...

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

1467 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы