• Бизнес & Қоғам
  • 25 Қараша, 2021

Негізгі мақсат – туберкулезді түбірімен жою

Алматы қаласында Туберкулез және өкпе ауруларының алдын алу, анықтау және емдеудің стратегиялық мәселелері туралы халықаралық конференция өтті. Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы, Жаһандық қор грантының Қазақстандағы «Туберкулез» компоненті бойынша жобасын жүзеге асыру тобы ұйымдастырған шараға республикамыздың және шетелдің ғалымдары қатысты. 

Елімізде туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы 10 жылда осы аурумен ауырған­дардың саны жыл сайын 8-10 пайызға кеміп келеді. 2010 жылы 100 мың тұрғынға шаққандағы құрт ауруын жұқтырғандар саны 95,5 болса, былтырғы жылы бұл көрсеткіш 35,7-ге дейін кеміді. Сонымен қоса туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші 2010 жылғы 100 мың адамға шаққанда 10,6 көрсеткішінен 2020 жылы 1,9-ға дейін түсті. Осындай өзгерістерге қарамастан елі­міз әлі де көптеген дәріге көн­бейтін туберкулездік ауырт­палығы жоғары 30 мемлекет­тің қатарында қалып отыр. COVID-19 індетінің салдарынан Қазақ­стандағы туберкулезге қарсы күрес нәтижесінде қол жеткен табыстардың бүкіл әлемдегі секілді жоққа шығу қаупі туып отыр. Жаңа індеттің кесірі­нен туған шектеулер 2020 жылы туберкулезді дер кезінде анықтауға кері әсерін тигізді, одан бөлек, фтизиопульмоно­логия қызметінің ресурсы коронавирус жұқпасымен бірге күреске жұмылдырылды. 

Дегенмен де, туберкулезбен күрес жөніндегі ұлттық және халықаралық бағдарламалардың және ҮЕҰ-ның тиімді жұмы­сы­ның нәтижесінде биылғы жыл­дың 9 айының алдын ала қоры­тындысы бойынша был­тырғымен салыстырғанда құрт ауруын анықтау көрсеткіші 5,8%-ға жақсарған. 2035 жылға дейін Қазақстанда туберкулез індетін түбегейлі жою көзделген. «END TB» стратегиясының түпкі нәтижесіне қол жеткізу үшін, COVID-19 індетін әкелген жаңа тәуекелдер мен мәселелерді ес­кере отырып, Денсаулық сақтау министрлігінің, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, фтизиопульмонология орталық­тарының, медицина оқу орын­дарының, емханалардың және басқа да ұйымдардың арасында басқосулар өткізілуі қажет.

НҰРЛАН ҚҰМАР

2745 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы