• Аймақ тынысы
  • 25 Қараша, 2021

Үшарал әуежайы жаңартылмақ

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында өткен Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Алматы облысының дамуы туралы брифингте журналистердің 30-дан астам сұрағына жауап берді.     

Өңір басшысы өз баяндамасында Президент Жолдауының орындалу барысы, облыстың 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы айтты. Баяндамадан кейін спикер журналистерді қызықтырған сауалдарға жауап берді. Сұрақтардың басым бөлігі инфрақұрылымды дамыту, газдандыру, «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы инвестициялық жобалар, Гейт сити серіктес қаласының құрылысы мен болашақ жоспарлары, Балқаш көлінің жағалауын дамыту, ирригация жүйелерін жаңғырту, соның ішінде Балқаш ау­данындағы каналдарды тазарту мәселесі, ет өңдеу бағытындағы жобалар, халықты көмірмен қамтамасыз ету, қоқыс өңдейтін зауыттардың құрылысы, отандық вакцина шығару, әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тұрақтандыру, үш ауысымды мектептерді жою, қолжетімді баспанамен қамту шаралары туралы болды. Сол сияқты журналистерді тәуелсіздік жылдарындағы облыс жетістіктері қызықтырды. Мәселен, «СТВ» телеарнасы тілшісінің трансұлттық компаниялармен бірлесіп өңірде қолға алынған жобалар туралы сұрағына облыс әкімі немістің «Бауманн» концернінің ұсақ мал етін өңдейтін «Жетісу Қой» және америкалық «Тайсон Фуд» компаниясының ірі қара етін өңдейтін  жобалары іске асырыла бастағанын айтты.

Сол сияқты «Литер» газеті тіл­­шісінің Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағын жаңғыртуға қатысты қойған сұрағына да спикер кеңінен жауап берді. Өз жауабында әкім Үкімет тарапынан жаңғырту жұмыстарына қолдау жасалып, 1-ші транш бойынша 4,7 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. «Қазір жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес қарқынды жүріп жатыр. Келесі демалыс маусымы басталғанға дейін құрылыс жұмыстары аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықор­ған қалаларынан Үшаралға ұшақ қатынайды. Бізге Омбы, Томск, Новосібір қалаларынан да ұсы­ныстар түсіп жатыр. Жаңғырту жұмыстары аяқталғанда, Үшарал әуежайының үлкен ұшақтарды қабылдауға мүмкіндігі болады», – деді А.Баталов.

Сұраққа жауап беру барысында спикер Балқаш көлінің жағалауын дамыту шаралары туралы да айтып берді. Амандық Баталовтың сөзіне қарағанда, инвесторлармен бірлесіп, жағалау­да заманауи демалыс аймақтарын салу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар «Балқаш» туристік-рекреациялық демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық жүйелері құрылысының жобасы мемлекеттік сараптамадан өткен. Жобада сумен қамту желілері (16,4 шақырым), кәріз жүйесі (16,4 ша­қырым) электрмен қамту желісі (16,1 шақырым), автокөлік жолын (9,3 шақырым) төсеу қарасты­рыл­ған. Жол инфрақұрылымын жақ­сарту мақсатында «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» (35-110 аралығындағы шақырым) және «Лепсі ауылы – Балқаш көлі жағалауы» (27 шақырым) автожолдары қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр.

НҰРЛАН ҚҰМАР

416 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы