• Қаржы
  • 25 Қараша, 2021

Ақша-кредит саясатының тиімділігі артты

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Қазіргі әлемді қарызсыз көзге елестету қиын. Айдарынан жел есіп тұрған елдердің өзі басы артық қаражаты құралмаған кездері еурооблигацияларға және  халықаралық қаржы институттары – Дүниежүзілік банк пен басқа да даму мекемелерінің несиелеріне жүгінеді. Қазақстан борышқорлар тізімінде 13 қазандағы дерек бойынша 35 орында. Салыстыру үшін Ресей 26, ал Түркия 30-шы орында екенін айта кетсек болады. Негізгі қарыз беруші – Халықаралық валюта қоры әр елдің экономикалық әлеуетіне баға беру үшін әрбір жарты жылда шаруашылық жүргізу нәтижелері мен есеп-қисап қорытындыларын сарапқа салып тұрады. Жуырда еліміздің Ұлттық банкінің, мемлекеттік органдары мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының және қаржы нарығының қызметі електен өткізіліп, онда құзырлы мекемелердің Covid-19 пандемиясына қарсы дер кезінде қабылданған шешуші шаралары жағымсыз сыртқы әсерлерді бәсеңдетуде және кейінгі экономикалық белсенділікті қалпына келтіруде шешуші рөл атқарғаны атап өтілді. Ақша-кредит саясатының тиімділігі артқанына назар аударылды. 
Мұның өзі жалпы ішкі өнімнің 3,5 пайызға өсуіне  және экономикалық дамудың пандемияға дейінгі көрсеткішке оралуына себепкер болды. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша биылғы жылдың қыркүйек айында инфляция 0,4 пайыз болды. Жылдық инфляция 8,9 пайыз деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 11,5 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар  7,5 пайызға, ақылы қызметтер 6,8 пайызға өсті. Алдын ала деректер бойынша Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері 2021 жылдың қыркүйек айында 3,4 пайызға төмендеп, 35,6 млрд АҚШ долларын құрады. Резервтердің төмендеуі негізінен қазынашылық облигациялар кірістілігінің өсуі және АҚШ долларының нығаюы салдарынан бағалы металдар бағасы құлдырап, алтын қоржыны құнының төмендеуі есебінен болды. Еркін конвертация­ланатын валютадағы активтер мемлекеттік борышты төлеу есебінен төмендеді. Алдын ала деректер бойынша елдің жалпы халықаралық резервтері, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін – 55,1 млрд АҚШ долларын қоса алғанда, қыркүйектің соңында 90,6 млрд АҚШ долларын құрады. Ақша базасы 2021 жылғы қыркүйекте 3,8 пайызға кеңейіп, 10 689,7 млрд теңге болды.  Екінші деңгейлі банктердің Ұлттық банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 7,7 пайызға, яғни 5 815,6 млрд теңгеге дейін тарылды. Ақша массасы 2,8 пайызға ұлғайып, 28 850,3 млрд теңге болды, айналыстағы қолма-қол ақша 2984,3 млрд теңгеге дейін 1,0 пайызға төмендеді. Теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 12,7 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі 2,8 млрд АҚШ долларына, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі 9,8 млрд АҚШ долларына теңесті. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 70,6 пайыз немесе 6,9 млрд АҚШ долларын құрады, бұл олар­дың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы немесе ұсынысы арақатынасына әсер етпейді. Халық нетто-негізде 302,5 млрд теңгеге балама боларлық қаржыға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Валюталардың түрлері бойынша бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алу шығысы 34,4 пайызға, Ресей рублін алу шығысы 2,3 пайызға және еуроны алу шығысы 23,2 пайызға өсті. 24 қарашада Қазақстан қор биржасындағы доллар-теңге валюта жұбының биржадағы сауда-саттығында АҚШ долларына қатысты ұлттық валютаның бағамы 429,62 теңге деңгейіне жетті. 
Бағам серпіні энергия тасымалдаушылар нары­ғындағы ағымдағы үрдістерді және халықаралық нарықтағы ахуалды көрсетеді. Бір жағынан, қазанның соңынан бастап мұнай бағасын белгілеу Байден әкімшілігінің мұнай бағасының өсуін тежеу жөніндегі ықтимал шаралары туралы алыпсатарлық аясында, сондай-ақ ОПЕК пен Халықаралық энергетика агенттігінің мұнай нарығында артық ұсыныстың жуық арада пайда болатыны туралы болжамдарына байланысты соңғы 7 жылдағы ең жоғары көрсеткіштен 5 пайыздан астам көрсеткішке төмендеді. 16 қарашада осы елдердің басшылары арасындағы соңғы келіссөздер кезінде келісілген АҚШ пен Қытайдың стратегиялық резервтерінен мұнайды сату нарық қатысушыларының алаңдаушылығын тудырды. Екінші жағынан, инфляция­ның жоғары көрсеткіштеріне жауап ретінде АҚШ-та мөлшерлемелерді өсіру кезеңінің жақын арада басталуын күту дамушы елдер валюталарының тартымдылы­ғын төмендетеді және теңгенің әлсіреуін тудыратын қосымша фактор болып табылады. 30 жылдағы ең жоғары мән болып табылатын АҚШ-тағы инфляцияның 6,2 пайызға қарқын алуы АҚШ-та мөлшерлемелерді өсіре бастаудың күтілген күнінің жақындауына және облигациялар кірістілігінің өсуіне алып келді. АҚШ долларының нығаюы дамушы елдер валюталарына барлық жақтан қысым көрсетуде. Дамыған елдер орталық банктерінің қатайту кезеңі басталуына орай дамушы нарықтардан капиталдың әкетілуіне қатысты инвесторлардың алаңдаушылығы аясында дамушы елдер валюталарының индексі қазанның соңынан бері 2,1 пайызға әлсіреді. Дамушы елдердің нарықтарындағы жағдайдың өзгеруі аясында Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына бейрезиденттер қызығушылығы төмендеді, олар айдың басынан бері инвестицияларды 23 млрд теңгеге немесе 3 пайызға қысқартты. Жалпы алғанда, қазіргі теңге бағамы іргелі факторлардың әсерінен және энергия тасымалдаушылар нарығындағы  тәуекелдер аясында қалыптасатынын көрсетуде. Бұл Ресейге, сондай-ақ достастықтың өзге де елдеріне тән ахуал болып отыр.

1195 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы