• Өндіріс өрісі
  • 25 Қараша, 2021

Қазақмыс: Алыптың жоспары ауқымды

Еліміздің ірі мыс өндірушісі, табиғи ресурстарды өндіру мен қайта өңдеудегі жетекші компания – Қазақмыс ағымдағы жылдың тоғыз айын табысты аяқтап, өндірістік қызметіндегі біршама жетістіктерін саралап көрсетті.

Жыл басынан бері «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС барлығы 22 миллион 714 мың тонна кен өндірген, 2020 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 21 млн 620 мың тонна болған-ды. Осылайша, кен өндіру бойынша өндірістік жос­пар 104,7% орындалды. Бұл ретте кендегі өндірілген мыстың орташа құрамы жоспар бойынша 0,90% болғанына қарамастан, 0,95%-ға жетті. Жалпы, биылдың 9 айында Қазақмыс байыту фабрикалары 23,4 миллион тонна кен өңдеді. Осы аралықта «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС 166,7 мың тонна катодты мыс және 4 394 кг құйма алтын өндірді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіндегіден 4 254 кг, 140 кг-ға артық (+3,29%). Сондай-ақ құймалар мен түйіршіктердегі күміс 207 748 кг, жоспарлы көр­сеткіштерден 10 761 кг-ға артты (+5%).

«Корпорация қызметінің тоғыз айлық көрсеткіштерін айтарлықтай табысты деп атауға болады, олардың көпшілігі бойынша біз берілген жоспарды асыра орындадық. Жалпы, жыл қорытындысында осы жылға жоспарланған көрсеткіштің арты­ғымен орындалатыны айқын болып отыр. Әрине, бұл әлі шек емес. Бізге көп жағдайда жаһандық нарықтағы мыс бойынша баға конъюнктурасы және әлемдік нарықтардағы металымыздың тапшылығы көмектеседі, сон­дықтан бізде өндірісті ұлғайту үшін негіз бар», – деп хабарлады «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары Андрей Гайдин.

Әлемдегі ең ірі күміс өнді­рушілердің бірі болып саналатын компания 2020 жылы 262,2 тонна тазартылған күміс өндірді. Ал катод эквивалентінде 258,36 мың тонна мыс өндірілді. Кен өндіруді және оны тауарлық металға қайта өңдеуді жүргізетін өндірістік нысандарды басқаратын алып корпорация құрамында – 13 кеніш, 4 байыту фабрикасы, 2 мыс балқыту зауыты, 2 көмір разрезі, отын-энергетика кешені кәсіпорындары бар.

Тағы бір атап өтерлігі, Қазақмыс жаңа кен орнында жұмыс істей бастады. Ботақара кентінен (бұрынғы Ульяновский) 27 км қашықтықта орналасқан мыс кенін алғашқы барлау 60-шы жылдардың соңында жүргізілген. 2013 жылы зерттеулер қайта бас­талды. Қазіргі есептеулер бойынша Хаджиконган кен орнында орташа мыс құрамы 1,52% болатын 6 млн тоннаға жуық кен бар, оның ішінде шамамен 1 млн тонна тотыққан кен және құрамында мыс 1,58% болатын 5 млн тонна сульфидті кен бар. Негізгі кен де­нелерінің жер бетінде ыңғайлы орналасуы қорларды ашық әдіспен өңдеуге мүмкіндік береді. Мыстың жоғары мөлшері және сульфидті кенді өңдеудің қарапайым технологиясы Хаджиконган кен орнын игерудің жоғары рентабельділігіне әсер етті.

Жыл соңына дейін кен қой­масына 400 мың тоннадан астам ілеспе тотыққан кенді тиеп, 3,5 млн текше метрге дейін аршу жұмыстары жоспарланған. Келесі жылы Хаджиконган кен орны 200 мың тонна көлемінде алғашқы сульфидті кенді береді. Ал 2023 жылы карьер өзінің жобалық қуаттылығын үдетеді. Сөйтіп, жылына 920 мың тонна сульфидті кен шығарып, 2028 жылға дейін Қарағайлы фабрикасын сапалы шикізатпен қамтамасыз етпек.

Жаңа кен орнының ашылуы өңірдің және жалпы еліміздің мамандарына жұмыс орындарын алуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде мердігер ұйым құрамына Қа­рағанды және Ақмола облыстарынан 170-ке жуық адам тартыл­ды. Ал корпорацияға геологиялық және техникалық сүйемелдеу мен бақылау жүргізу үшін инженерлік мамандықтардан 18-ге жуық маман қабылданды. Тау-кен жұмыстары көлемінің дамуы мен кеңеюімен жұмыс орындарының саны көбейе  түседі, бұл өңір халқының әл-ауқатын арттыруға көмектеседі.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

678 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы