- Өндіріс
- 25 Қараша, 2021
Атом дамуындағы жаңа кезең

Елімізде атом станцияларына арналған ядролық отынның бірегей өндірісі құрылды. Жаһандық нарықта жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын ұлттық ауқымдағы жоба Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Үлбі металлургиялық зауытында бастау алды.
Өскемендегі ҮМЗ аумағында Үлбі-ЖБҚ зауытының салтанатты ашылу рәсімі Самұрық-Қазына, Қазатомөнеркәсіп, ҮМЗ, Қытайдың Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, China General Nuclear (CGN), Framatome және аймақ әкімдігі басшыларының қатысуымен өтті.
Еліміз қосылған құны жоғары уран өнімін өндіру мен өткізуге мүдделі. Сондықтан ұлттық әл-ауқат қоры үшін атом саласын дамыту стратегиялық басымдыққа ие. Нәтижесінде Қазатомөнеркәсіп шетелдік әріптестермен бірлесіп, бұл жобаны табысты іске асырып отыр. Үлбі-ЖБҚ зауытын іске қосу арқылы Қазақстан бұл салада АҚШ, Қытай, Франция, Ресей секілді елдермен қатарласа алады. Жоба сала үшін де, еліміз үшін де экономикалық және әлеуметтік тұрғыда зор пайда әкеледі, делінуде.
– Инновациялық өндірістің ашылуы Қазақстанның әлемдегі атом станцияларына арналған ядролық отын өндіруші және жеткізуші мемлекеттердің шектеулі тобы қатарына кіруіне мүмкіндік береді. Жоба атом өнеркәсібіндегі әлемнің жетекші компанияларының табысты әрі көпжақты кооперациясының жақсы үлгісі болып табылады. Ғылымды қажетсінетін өндірісті ұйымдастыру біздің еліміз үшін атом саласындағы басқа мемлекеттермен ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мәжит Шәріпов.
CGN компаниясы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-пен уран өндіру, табиғи уранды сату және таблетка өндіру саласында 2006 жылдан бері ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Енді Үлбі-ЖБҚ зауытының құрылысы бойынша бірлескен жобаны іске асыру серіктестікті тың тарихи деңгейге шығарады. «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС – Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны, құрылтайшылары – 51% үлесі бар «ҮМЗ» АҚ («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес компаниясы) және 49% үлесі бар CGNPC-URC (China General Nuclear Power Corporation еншілес компаниясы). ҮМЗ өнімнің бірнеше түрін, отын таблеткаларын шығаруға маманданған. Үлбі ЖБҚ зауытының жылу құрамалары үлгісінде осы отын таблеткалары пайдаланылады. Бір ЖБҚ құрамында 264 ЖБЭл (жылу бөлетін элемент) бар. ЖБЭлдер – ұзын металл шыбықтар, олардың қуысына ҮМЗ шығаратын отын таблеткалары орналастырылады. Осылайша, жаңа зауыт өз қызметімен қатар Үлбі металлургия зауытының қуатын қосымша жүктеуге де ұйытқы болады.
Зауыт құрылысына Қытай, Франция және АҚШ шығарған жоғары технологиялық жабдық пайдаланылды. Өндіріс үшін жылу бөлетін құрамаларды дайындаудағы әлемдік көшбасшылардың бірі – француздық Framatome компаниясының озық технологиясы таңдалған. Зауытта жылу бөлетін құрастырмалар (ЖБҚ) – ядролық реакторда жылу энергиясын алуға арналған инженерлік құрылымдар шығарылатын болады. «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС ие болған Framatome компаниясының сертификаты зауыттың жылына 200 тонна уран көлемінде AFA 3GTM дизайнындағы ЖБҚ дайындай алатынын растайды. Сондай-ақ ЖБҚ сатып алушы CGNPC-URC компаниясының барлық талаптары орындалып, ҚХР үшін сертификатталған өнім жеткізіп беруші мәртебесі алынды. «Үлбі металлургия зауыты» АҚ басқарма төрағасы Сергей Бежецкий атап өткендей, Қазатомөнеркәсіптің шетелдік серіктестермен ынтымақтастығының арқасында Қазақстан қызметтердің интеграцияланған пакетін жеткізуші болып отыр. Ұзақмерзімді келісімшарттарға сәйкес, барлық өндірілген отын құрамалары: 200 тонна уран, 440 ЖБҚ қытайлық серіктестерге жіберіліп, аспанасты елдерінің атом электр станцияларына отын ретінде қолданылады.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

13750 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *