• Азық-түлік белдеуі
  • 25 Қараша, 2021

Стандарттау саласында ұлттық жоба іске асырылуда

Халық күнделікті тұтынатын өнімдер мен тауарлардың зиянды-зиянсыздығын зерттейтін, халықаралық саудада техникалық кедергілерге жол бермейтін, нақтылап айтқанда әрбір азаматтың, тұтастай алғанда қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стандарттау саласында атқарылып жатқан істер мен алдағы міндеттер жөнінде Қазақстан стандарттау және метрология институты бас директорының орынбасары Жанат Бегайдаровқа бірнеше сұрақ қойған едік.

– Жанат Айдарханұлы, әңгі­мемізді стандарттау мен метро­логияның мақсат-міндет­терінен бастасақ.

– Қазіргі уақытта стандарттар халықтың өмір сүру деңгейі мен өнімнің сапасын сақтауда және бүкіл әлемдегі экономикалық процестерді басқаруда маңызды рөл атқарып келеді. Нормативтік құжаттарға сәйкес өнімді тасымалдауды, сатуды, сақ­тауды, пайдалануды, тіпті таңбалануына дейін бақылап отырады. Ал құ­рылыс, энергетика, электронды және ауыл­шаруашылық техникасы мен басқа да жабдықтардың өлшем құралдарына салыстырмалы тексеруді қамтамасыз ететін – метрология саласы тауарларды өндіру процесінде маңызды орынға ие.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 2 қазан­дағы №639 қаулысына сәйкес «Қазақстан стандарттау және метрология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология ко­митетіне қарасты құрылды. Кәсіпорын техникалық реттеу, өлшем бір­лігін қамтамасыз ету және стандарттау саласында өндірістік-шаруашылық қызметін жүзеге асырады.

Еліміздегі стандарттау мен метрологияның құқықтық не­гіз­дері алғаш рет 1993 жылы қа­былданған «Стандарттау және серти­фикаттау туралы» Қазақстан Республикасының заңымен бе­кітілген болатын. Еліміз бір жылдан кейін заңнамалық негізде стандарттау және метрология жөнінде халықаралық ұйымға кіріп, төрт жылдан соң, яғни 1998 жылы ай­мақтық метрология ұйымының толық құқықтық мүшесі болды. Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен Қазақстандық метрология және стандарттау институты құрыған болатын.

Институт еліміздің азаматтары мен экономикасының мүдделерін өлшем нәтижесінің сәйкессіздік салдарынан қорғауда, отандық және импортталатын өнімдер­дің, процестердің, көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуде, сонымен қатар ұлттық стандарттау жүйесін дамытуда жұмыстар жүргізіп келеді.

2000 жылы елімізде фи­зикалық шама бірліктерінің алғашқы мемлекеттік эталоны құрылды. Оның негізінде барлық мүдделі тұлғалар үшін бір көзден техникалық регламенттер, стандарттар және салалық нормативтік-техникалық құжаттар туралы нақтылы әрі уақтылы ақпаратпен қамтамасыз етуде мемлекеттік стандарттар қоры қалыптасты. Осыған орай сол жылы «Стандарттау» және «Сертификаттау» туралы қабылданған Заңға сәйкес өнімді сертификаттау және сынау жұмыстары бәсекелестік ортаға беріліп, ТМД аумағында бұрын-соңды болмаған 1500-ден астам кәсіпкерлік субъекті және 30000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Артынша техникалық реттеу субъектілеріне, оның ішінде саудадағы техникалық кедергілерді жоюда «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданып, заңнамалық және нормативтік құжаттар­дың ашық екі деңгейлі жүйесі құрылды, оның жоғары сатысы – техникалық регламент, төменгі сатысы – өндірушіге тех­никалық регламенттердің талаптарын дұрыс түсінуге және орындауға көмектесуге арналған халықаралық талаптармен үйлес­тірілген ерікті стандарттар жұмыс істеді.

2006 жылы республикалық бірегей эталондық орталық пайдалануға беріліп, онда мемлекеттік эталондық база, нормативтік-техникалық құжаттардың бірыңғай мем­лекеттік қоры және саудадағы техникалық кедергілер мен санитарлық-фитосанитарлық шаралар жөнінде ақпараттық орталық өз жұмысын бастады. 2010 жылы Индустрияландыру картасы шеңберінде серпінді жобалардың бірі болып есептелетін мемлекеттік эталон Қарағанды филиалының базасында салыстырмалы тексеруден өтетін газ қоспаларын өндіру жұмысы іске қосылды. 2015-2018 жылдар аралығында институт Қаржы министрлігі мемлекет­тік кірістер комитетінің және KAZENERGY-дің қолдауымен мұнай өнімдерін өндірушілердің өндірістік объектілерінің, мұнай өнімдері базалары мен май құю станцияларының резервуарларын (жылжымалы үлгідегі май құю станцияларынан басқа) есепке алуды бақылау және аспаптармен жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп, осылайша акциздік тауарды айқын есепке алу жүзеге асырылды.

Белгіленген заңдарға сүйене отырып, ішкі және сыртқы нарықтар тарапынан отандық тауарлардың сапасы мен қауіп­сіздігіне қойылатын талаптар артты. Кәсіпорын қай кезде де өнімге қойылатын міндетті талаптарды, техникалық реттеу саласындағы сәйкестікті бағалауды және мемлекеттік бақылау мен қа­дағалау кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеумен айналысып келеді.

Техникалық регламент бойынша тек тиісті талаптардан өткен, қауіпсіздігі дәлелденген өнімдерге ғана ішкі нарықта сатылымға рұқсат беретін кәсіпорынға қарасты 13 аймақтық филиал жұмыс істеп отыр.

 Қазіргі таңда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай стандарттау мен өлшем бірлігін қамтамасыз етуде, 102 мемлекеттік эталон, 73 мың нормативтік құжат, 57 ұлттық техникалық комитет, 165 халықаралық мемлекеттік техникалық комитеттер, ISO 121 комитеттері мен кіші комитеттері, 41 жоғары оқу орны стандарттау және метрология саласында мамандар дайындаудың ұлттық жүйесі құрылған.

– Халықаралық ISO стандартын мемлекет қалай пайдаланады?

– Халықаралық стандарттарды стандарттау саласының халықаралық ұйымдарындағы сарапшылар әзірлейді. Халық­аралық стандарттар – ең үздік халықаралық тәжірибелер мен технологияларды қамтудың ар­қасында жаңа инновацияларды енгізіп, өндірістің экономикалық тиімділік пен әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін арт­тырудағы басты құралы болса, ДСҰ-ның келісілген ережесіне сәйкес халықаралық саудадағы техникалық кедергілерді жоюдың маңызды құжаты. Біздің елімізде 2018 жылға дейін халықаралық стандарттар қабылданған ұлттық немесе мемлекетаралық стандарттар ретінде және техникалық реттеу жөніндегі уәкілетті органда есептік тіркеу арқылы қолданылды. Бизнеске әкімшілік қысымды төмендету мақсатында 2018 жылғы 5 қазандағы «Стандарттау туралы» Қазақстан Республикасының жаңа заңы қабылданып, нәтижесінде халықаралық стандарттарды есептік тіркеу алынып тасталды және халықаралық стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттарын ұйымдардың стандарттары ретінде қолдану мүмкіндігі енгізілді. Өткен жылдың желтоқсанындағы ҚР Заңына өзгерістер күшіне енгеннен кейін, 2021 жылдан бастап стандарттау жүйесінің субъектілері ұйымның мақсаттары үшін халықаралық стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттарын тікелей қолдана алады, бұл туралы стандарттау жөніндегі ұлттық органды хабардар етеді. Бүгінгі күні елімізде ISO халықаралық стандарттары негізінде 2 909 ұлттық стандарт қабылданды.

–Тағы бір тоқталатын жайт, елімізде көлік құралдары жоғары қауіптілік көзі болып есептелгендіктен сәйкестікті бағалауды талап етеді. Осы орайда көліктерге халықаралық сәйкестендіру кодтары қалай беріледі?

– Әрбір көлікке қажет болған жағдайда кез келген елде дайындаушыны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін WMI (World Manufacturers Identification) көлік құралын жасаушының халықаралық коды салынады. Кеңес Одағы кезінде көлік құралдарының сәйкестігін бағалау Бірыңғай орган арқылы жүзеге асырылды, бірақ КСРО ыдырағаннан бері әр ел сәйкестікті бағалаудың өзіндік тәсілдерін іздеді. Қазақстандық автотехника өндірушілері соңғы уақытқа дейін басқа мемлекеттердің әртүрлі компанияларының делдалдық қызметтеріне жүгінген. Қазіргі уақытта WMI кодын Қазақстан Республикасының құзыретті органы береді. Осы құзыретті стандарттау және метрология институтының техникалық хат­шылығы Халықаралық стандарттау ұйымының (ISO) өкілеттігі бойынша әрекет ететін автокөлік инженерлері қоғамымен (Society of Automotive Engineers) (SAE) бірлесіп жүзеге асырады. WMI алу үшін көлік құралдарын өндірушілер техникалық хат­шылыққа жүгіне алады, ол ха­лықаралық сәйкестендіру кодтарын беру жөніндегі қағидаларға сай өтінімді қарағаннан кейін белгіленген тәртіппен WMI кодын және куәлікті береді. Қазақстандық көлік құралдарын өндірушілерге WMI халықаралық кодын беру құқығын алу елеулі жетістік. WMI коды көлік құра­лының өндірушісін анықтау үшін қолданылады. Дайындаушыда халықаралық сәйкестендіру кодын беру туралы куәліктің болуы, VIN көлік құралының сәйкестендіру нөмірі мен өз өнімін таңбалауды жүзеге асыруға мүмкіндігі бар.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев­тің Жарлығымен бекітілген «10 ұлт­тық жоба» аясында қандай жұмыстар қарастырылып отыр?

– Иә, Ұлттық жоба шеңбе­рінде сала бойынша эта­лондық база жаңғыртылатын болады. Эталондарды жаңғырту метрологиялық сипаттамаларды жақсартудан, дәлдікті арттырудан, өлшем диапазондарын ұлғайтудан және бақыланатын өлшем параметрлерін кеңейтуден тұрады. Қазақстанда меншікті эталондық базаны дамыту 2000 жылдан басталды, ол кезде масса, ұзындық, уақыт және жиілік бірліктерінің мемлекеттік эталондары құрылып, қолданысқа енгізілді. Содан соң 2006 жылы еліміздің Тұңғыш президенті – Елбасы Астанада жетілдірілген және толықтырылған эталондары бар жаңа Эталон орталығын ашты. Бүгінгі таңда эталондық базада 102 мемлекеттік эталон бар, оның ішінде Қазақстанның АҚШ, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Жапония және т.б. сияқты елдермен халықаралық салыстырмалы тексерулерге қатысуына мүмкіндік беретін бірнеше «кванттық эталондар» деп аталатын эталондар енген. Мұндай мемлекеттік эталондардың болуы ел ішінде халықаралық деңгейдегі жоғары дәлдіктегі өлшеулерді жүргізуге мүмкіндік береді. Эталондық базаны жаңғырту – бұл үздіксіз еңбекті талап ететін жұмыс. Жаңғырту процесі бірнеше негізгі іс-шаралардан тұрады. Бірінші өнеркәсіп салалары мен өндірістің технологиялық деңгейіне талдау жүргізіледі, белгілі бір саланың техникалық деңгейі және тежеуші техника­лық факторлар анықталады. Бұдан әрі табылған проблемалық мәселелердің шешімдерін әзірлеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Анықталған шешім негізінде мемлекеттік эталондардың (елдегі ең дәл өлшеу аспаптарының) техникалық параметрлерін жаб­дықпен толықтырып жарақ­тандыру немесе жаңа не­ғұрлым дәл жабдықты әзірлеу арқылы жетілдіру жүргізіледі. Эталондық базаны жаңғырту мақсатының арасында өнеркәсіп салаларын дамытуға талдаулар іске асырылатын болады. Мемлекеттік органдардан, квазимемлекеттік және жеке сектор ұйымдарынан, өндірістік кәсіпорындардан, сынақ, салыстырмалы тексеру және калибрлеу зертханаларынан дәлдікті арттыру, белгілі бір түрдегі өлшем деңгейін дамыту қажеттілігі туралы ұсыныстарды жинау жұмыстарын атқарады. Әрі қарай шешімдер әзірленеді және эталондарды техникалық жарақтандыру жүргізіледі. Мұндай көлемді жұмысқа адами ресурс­тар мен басқа да қолдаулар аса қажет болғандықтан, көбіне Сауда және интеграция министрлігі мен Техникалық реттеу және метрология комитеті қамтамасыз етеді. Келешекте аталған Ұлттық жоба аясында стандарттық өлшем деңгейінің сапасы нығайып, оның арқасында метрологиялық тәуелсіздікке қол жеткізіледі, яғни өлшем құралдарын калибрлеу үшін алыс-жақын шетелдерге шығару азаяды. Жалпы алғанда, энергия ресурстарын тасымалдау кезінде, ТКШ саласында, сауда-коммерциялық және есептік операциялар кезінде шығындарды қысқартуға, тамақ өнеркәсібінде, медицина саласында жүргізілетін зертханалық зерттеулердің сапасын жақсартуға, сонымен қатар мемлекеттік және жеке компаниялардың жабдықтарын тасымалдауға жұмсалатын шы­ғыстары мен шетелдік ком­па­­ниялардың қызметтеріне төле­нетін төлемақыларын қысқартуға мүмкіндік береді.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА
 

475 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы