• Өндіріс
  • 25 Қараша, 2021

Әуелгі баға тұрақты болып қалады

Күн суытып, отынға сұраныс артты. Сол-ақ екен көмір бағасы көтеріліп, ел бұны тапшылықтың әсері деп қабылдады. Осыған орай қараша айының басында Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде әкімдіктердің, көмір өндіруші кәсіпорындардың және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдерінің қатысуымен халықты көмірмен қосымша қамтамасыз ету мәселесі қаралған болатын. Күні кеше аталмыш ведомство тарапынан көмір бағасы мен оны жеткізуге қатысты бірнеше сауалға жауап берілді.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігі хабар­лағандай, еліміздің көмір кеніш­терінен көмірді сату бағасы тұрақты болып қалады. Бұл көмір бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында ірі көмір өндіруші компаниялармен жасалған меморандумда қарастырылған. Ми­нистрлік­пен қол қойылған осы келісімге сәйкес өндіруші компаниялар көмірді өңірлердегі көтерме сатып алушыларға белгіленген бағамен жеткізеді.

Осы ретте негізгі көмір өнді­рушілер өз өнімін қандай бағамен сатады деген сұрақ туындайды. Ұлттық статистика бюросының де­ректеріне сәйкес, көмір өндіруші кәсіпорындардың, оның ішінде «Шұбаркөл Көмір», «Қаражыра», «Майкөбе-Вест» және «Богатырь Көмір» компаниялары өнімінің орташа бағасы тоннасына 5 600 теңгені құрайды. Сонымен қатар көмірді тауар биржасында сату кезінде баға дәлізі белгіленеді. Онда көмір сатуға берілген өтінім бағасы базалық бағаның 98%-нан төмен және 102%-дан жоғары болмауы тиіс. Осылайша, бағаның нарықтағы ауытқу тетігі (бағаның өсуі және төмендеуі) көзделеді және сатып алушылардың сұранысы ескеріледі. Мысалы, сұраныстың болмауына байланысты «Сат-Көмір» және «Кузнецк разрезі» компаниялары өндірген көмір сатылмаған.

Екінші, көмір өндіруші компа­ниялардың бағалары неге әртүрлі? Бұл көмір өндірудің өзіндік құнының әр кәсіпорында әртүрлі болуына байланысты. Өнімнің өзіндік құнына кен орнының тау-кен геологиялық жағдайы, өндіріс технологиясы, механикаландыру кешені, кенішті игеру жүйесі және басқа да факторлар әсер етеді. Сондай-ақ өзіндік құнға құрал-жабдықтарға, электр энергиясына, отын-суға, әлеуметтік міндеттемелерге кететін және өзге де шығыстар кіреді.

Үшінші, өңірлерде көмір ба­ғасының айтарлықтай жоғары болуы неге байланысты? Көмірдің бөлшек саудадағы бағасы оны сату, аймаққа жеткізу, теміржол тұйық­тарын ұстау немесе жалға алу құны, қызметкерлер жұмысының ақысы, көмірді тиеп-түсіруге ар­налған техникаға кететін шығын, сондай-ақ көмірді өткізетін өңірлік компаниялардың сауда үстемесіне байланысты қалыптасады.

Көмір бағасының өсуіне тон­насын 25 мың теңгеге дейін көтеріп жіберген жергілікті жер­лердегі «алыпсатарлар» әсер етіп отыр. Мәселен, теміржол тұйық­тарындағы көмірдің орташа бағасы тоннасына 13 мың теңге (Нұр-Сұлтан қаласы).

Төртінші, биыл көмір тапшы­лығы неден туындады? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің түсіндіруіне қарағанда, елімізде көмір тапшы­лығы жоқ және болмауы тиіс. Жылу беру маусымына дайындық осы үдерістің әрбір қатысушысының өз құзыреті шеңберінде нақты және үйлесімді жұмысын талап етеді. Атап айтқанда, көмір кәсіпорындары көмірдің қажетті көлемін өндіруге, ал теміржолшылар көмірді өңірлерге дер кезінде тасымалдауға жауапты. Жергілікті атқарушы органдар болса, тұтыну көлемін жоспарлауға, көмір сатып алуға арналған тендерлерді уақытылы өткізуге, сондай-ақ өз өңіріндегі көмір қорларын бақы­лауға міндетті. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистр­лігі жергілікті атқарушы орган­дардың өтінімдеріне сәйкес көмір өндіру және оны өңірлерге жеткізуді қадағалайды.

Еліміздегі көмір өндіруші компаниялар биылғы жылдың 10 айында 89,3 млн тонна көмір өндірді. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 101,4% (2020 жылы – 88,1 млн тонна).

Қазіргі таңда энергия өндіруші және өнеркәсіптік кәсіпорындар, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмір жеткізу жөніндегі өтінімдерді орындауда кідіріс жоқ.

Бесінші, көмірге деген қазіргі сұраныс пен тапшылықты азайту үшін қандай шаралар қарастырылып жатыр? Қыркүйек айында ауа-райының күрт суытуына байланысты еліміздің орталық және солтүстік аймақтарында көмірге сұраныс артты. Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ күзгі-қысқы кезеңде көмір тиеп, жөнелту туралы өтінімдердің артуына байланысты жүк жөнелтушілерге жылжымалы құрамды уақытылы беру үшін «Қазтеміртранс» АҚ-ны 16 мыңнан астам вагонмен қамтамасыз етті.

Көмірді сату кезінде халық арасында қолайсыз жағдайлар туғызбау үшін министрлік көмір өндіруші кәсіпорындармен және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, жылу беру маусымының басында әкімдіктерге коммуналдық-тұр­мыстық көмір қорын алдын ала уақытында жинақтап алуды ұсы­нды. Осы ретте әкімдіктердің мәлімет­теріне сәйкес, биылғы 22 қарашадағы жағдай бойынша жалпы жоспарға қатысты (2021 жылғы 1 мамырдан бастап 2022 жылғы сәуірге дейін) көмір қорымен қамтамасыз ету көлемі коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін 97,4%, тұрғындар үшін – 93,9%-ды құрады.

Осы қараша айының 6-да ми­нистрлікте әкімдіктердің, көмір өндіруші кәсіпорындардың және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдерінің қатысуымен халықты көмірмен қосымша қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Министрлік бұл мәселе бойынша тұрақты түрде кеңестер өткізіп келеді. Нәтижесінде өңірлерге көмір жөнелту көлемін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Осылайша, ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен толық қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тұрақты назарда ұстап отыр.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

25045 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы