• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 25 Қараша, 2021

Жергілікті қамту жұмыс деңгейін көрсетеді

Үкіметтің кезекті отырысында елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай туралы айтылды. Бұдан бөлек, жиында жергілікті қамтуды дамыту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне назар аударылып, жауапты органдар қажетті жүктемелер алды.

Денсаулық сақтау министрі А.Цой әлемде КВИ-дің 258 млн астам жағдайы тіркелгенін айтты. Тәулігіне 400 мыңнан астам жағдай тіркелуде, 5 млн астам адам қайтыс болды. ДДСҰ Еуропалық аймағында аурудың өсуі жалғасуда. Қазақстан, 10 өңір жасыл аймаққа орналасты. 4 өңір – сары аймақта (Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы). Қызыл аймақта 2 өңір (Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) қалып отыр. Репродуктивтілік саны – 0,93. Жалпы, республикада соңғы айда ауруды жұқтыру 2,4 есеге, стационарлардағы нау­қастар 1,4 есеге, амбулаторлық науқастар 1,8 есеге төмендеді. Инфекциялық төсек-орындар – 30%, реанимациялық төсек-орындар – 25% қамтылып отыр. Халықты КВИ-ға қарсы вакциналау жалғасуда. 1-компонентпен 8,7 млн адам егілді, тиісті ересек халықты қамту халық санының 76%-ын немесе 46%-ын құрайды, екінші компонентпен 70% немесе халық санының 42,2%-ын қамтитын 7,9 млн-нан астам адам екпе алды. Министр атап өткендей, Қазақстанға Comirnaty (Pfizer) вакцинасының 645 мың дозасы келіп түсті. Бүгінгі таңда вакцина алуы тиіс 35 012 адам, оның ішінде 26 354 бала және 8 658 жүкті және бала емізетін әйелдер екпе алды. Вакцинаны апта сайын жеткізу  жалғасуда. Сонымен қатар тұмауға қарсы вакциналау аяқталды, 2 млн 500 мыңнан астам адам егілді. КВИ және ЖРВИ ауруларын бақылау бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда.

Отырыста сатып алулардағы жергілікті қамтуды дамыту тарапындағы жұмыстар жайында индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, энергетика министрі М.Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы А.Сәтқалиев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, Қызылорда облысының әкімі Г.Әбдіқалықова баяндады. 2021 жылдың 9 айында жергілікті қамтудың өсу қарқыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ды құрады – 51,9%-дан 58,3%-ға дейін артқан. Қарапайым заттар экономикасының 7 саласында, оның ішінде машина жасау, фармацевтика, жеңіл, жиһаз, химия және тамақ өнеркәсіптерінде жергілікті қамтудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жетті. Үкімет басшысы саланың әлеуеті өте зор және нарықта сұранысқа ие болғанымен, құрылыс материалдары өндірісінде 77,3% (нақты көрсеткіш – 73%) мақсатты көрсеткішке қол жеткізілмегенін ескертті. Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары (77% және 62%) қарапайым заттар эко­номи­касының тауарлары бойынша жергілікті қамту үлесінен өңірлер рейтингінде көшбасшы болып табылады. Бұл ретте ең төмен көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласында (47% және 42%). Отандық тауар өндірушілердің ірі жобаларға қатысу үлесінің төмендігі шетелдік және отандық өндірушілер арасында қалыптасқан дискриминациялық жағдайларға байланысты болып отыр. Осылайша, ірі операторларға берілген кедендік преференция­лар нәтижесінде олар шетелдік тауарларды қосылған құн салығын нақты төлемей сатып ала алады. Ал отандық өндірушілерден тауарларды сатып алу кезінде 12% мөлшерінде салық төленеді. Бә­секеге қабілеттілік деңгейін арттыру жолдарының бірі – Салық кодексіне өзгерістер енгізу. Бұл өзгерістер ірі жобалар үшін тауарларды жеткізу кезінде отандық өндірушілердің ішкі айналымын қосылған құн салығынан босатуды қамтиды. Бұл шара шетелдік және отандық компаниялар ара­сындағы жағдайды теңестіруге мүмкіндік береді. Энергетика министрі М.Мырзағалиевтің айтуынша, жергілікті қамтуды дамыту бойынша бірқатар шаралар мен бас­тамалар жүргізілуде. Олардың негізгілерінің бірі – кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімдер жасасу. Қазірде көмірсутектер мен уран бойынша 282 келісімшарт­тың 164-і бойынша келісімге қол жеткізілді.

А.Мамин жергілікті қамту үлесін арттыру үшін барлық қажетті шаралар, оның ішінде заң­намалық шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Осылайша, офтейк-келісімшарттар, тауар­лардың электрондық каталогы, жер қойнауын пайдаланушылармен келісімдер сияқты жаңа құралдар енгізілді (234 шарт жасалды). Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы, Жергілікті қамтуды дамыту қоры («Шеврон» компаниясымен) құрылды. Соның нәтижесінде, «Самұрық-Қазына» тобындағы компанияларының жалпы сатып алу көлемінің 75%-ы отандық тауар өндірушілерде жүзеге асырылады. Үкімет басшысы әкімдіктерге жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңір­лік комиссиялардың жұмысын күшейтуді, олардың қызметіне өңірлік бизнес өкілдерін барынша тартуды тапсырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика министрліктеріне, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ-қа жер қойнауын пайдаланушылармен ерікті келісімдер жасасуды қамтамасыз ету тапсырылды. Индустрия министрлігіне Энергетика министрлігімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, жер қойнауын пайдаланушылардың отандық тауар өндірушілермен офтейк-келісімшарттар жасасуының барлық қажетті мәселелерін пысықтау тапсырылды. «Жер­гілікті қамтуды дамыту – бұл әкімдердің негізгі міндеттерінің бірі, соған сәйкес олардың жұ­мысы бағаланады», – деп атап өтті А.Мамин.

Тағы бір маңызды мәселе – тұтынушылардың құқығын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.Смоляков, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов баяндады. Атап өтілгендей, тұтынушылардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы заңнамаға түзетулер енгізілген, Үкімет жанынан ведомствоаралық кеңес құрылып, тұтынушылардың құ­қығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілген. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап «бір терезе» – e-tutynushy қағидаты бойынша тұтынушылардың өтінішін қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі қолданысқа кірді. Жыл сайын тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша азаматтардың өтініштерінің саны артуда. Мәселен, Сауда және интеграция министрлігі 2019 жылы 6 мыңға жуық, 2020 жылы – 20 мың­нан астам, осы жылдың 10 айында – 21 мыңнан астам өтінішті қарады. Тұтынушыларды ТКШ, бөлшек сауда, медициналық, туристік қызметтер, байланыс және көлік салалары алаң­датады. Тұтынушылардың құ­қығын қорғау туралы заңның жаңа редакциясының жобасы Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізуді көздейді. «Қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру адал және бәсекеге қабілетті кәсіпкерлікті дамытудың индикаторы болып табылатын тұтынушылардың құқығын қорғау деңгейін арттырумен тығыз байланысты. Өз құқықтарына сенімді тұтынушылар сапалы тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге бел­сенді сұранысты қамтамасыз етеді. Бұл экономиканың дамуына ықпал етеді», – деді А.Мамин.

Интернет-сауда саласында тұтынушылардың құқығының бұзылуына жол бермеу мақсатында Үкімет басшысы Сауда және интеграция министрлігіне мүд­делі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін элек­трондық сауда сегментінде құ­қықтық реттеуді жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді тап­сырды. 2022 жылдың бірінші жар­ты­жылдығында «е-tutynushy» жүйесін азаматтардың өтініштерін жүйелеу және мемлекеттік органдар тарапынан жедел әрекет ету үшін бірқатар мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерімен біріктіру қажет. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сауда министрлігімен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және әкімдіктермен бірлесіп, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша халықты ақпараттандыруды күшейту және азаматтардың қаржылық сауат­тылығын арттыру тапсырылды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

415 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы