• Бизнес & Қоғам
  • 25 Қараша, 2021

ШАҒЫН БИЗНЕС ШАРАСЫЗ КҮЙДЕ ОТЫР

Биыл еліміздегі шағын кәсіпорынның үштен бірі жұмысын тоқтатты

 

«Дүниедегі ең тұрақты бизнес – қазақтың шағын бизнесі. Жарықтық жалақы да бермей, салық та төлемей жұмыс істей алады...» деп қыжыртқан екен бір сау­дагер карантинде үйінде қамалып жатып.

Өкінішке қарай, пандемияға байланысты енгізілген карантин әуелі шағын бизнесті тұралатқаны рас. Мәселен, биыл еліміздегі шағын бизнестің үштен бірі жұмысын тоқтатты. Бұ жолды таңдаған кәсіпорын саны, міне, екінші жыл болды, көбейіп келеді. 

Жыл басынан бері жұмысын уақытша тоқтатқан шағын кәсіпорын саны 15%-ға артқан. Тіркелген 340 мың серіктестіктің әрқайсысының кемінде 100-ден қызметкері бар. Міне, осындай ұйымның 120 мыңы жұмыс істемей қалды.

Статистикаға сүйенсек, жұмысын уақытша тоқтатқан компанияның ең көбі – шағын бизнес (99,9%). Жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған ұйымның саны пандемияның бірінші жылында 19%-ға өссе, биылғы қаңтар-қазан айында бұл процесс те жалғасын тауыпты (15%).

Ұлттық статистика бюросының жинағынан алынған ақпаратқа қарасақ, осы жолға түскен шағын және орта бизнес субъектісінің үштен бірі сауда ұйымына жатады (29,3%). Уақытша жұмыс істемейтіндер арасында мол  үлес – шағын құрылыс фирмаларында (19%).

Өңір бойынша қарасақ, жұмы­сын тоқтатуға шешім қабылдаған кәсіпкердің ең көбі Нұр-Сұлтанда, Алматыда және Шымкентте тіркеліпті.

Жабылып қалуға шақ қалған ЖШС саны биыл сәл азайған. Бұлардың саны биылғы қаңтар-қазанда 6,2 мың бірліктен 5,4 мың бірлікке дейін немесе 13%-ға төмендеген (былтырғымен салыстырғанда). Негізінен бұлар  –  сауда мен құрылыстағы шағын кәсіпорын.

«Шағын бизнесті дамыту үшін, кәсіпкердің кең ауқымды жұмыс істеуі үшін аз пайызды несиемен қаржыландыру жүйесі керек, ол бізде жоқ» дейді сарапшылар. Бұл ғана емес, шағын бизнес өніміне кең нарық қажет, ол да жоқ бізде, шағын кәсіпкер жасайтын қызметті әу басында мемлекет демеп жіберуі керек, ол да жоқ бізде...

Дегенмен карантин кезінде зардап шеккен шағын бизнеске кейбір мәселеде мемлекеттің көмек қолын созғанын да жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, «биылғы сәуір мен шілде аралығында экономиканың зардап шеккен секторының 547 шағын және орта бизнес субъектілері үшін банктердегі 9,3 млрд теңге несиесі бойынша жабу мерзімін кейінге қалдырды» дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков. 

Яғни жеке кәсіпкерге банктер мен микрокредиттік ұйымдарға деген несие қарызын кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. Шағын бизнес несие қарызын 30-дан 90 күнге дейін, яғни бір айдан үш айға дейін ұзарта алатын болды. Өкінішке қарай, соның өзінде шағын бизнес шет жағалап жабылып жатыр...

Шағын және орта бизнес субъек­тілерінің қызметін шектейтін басты фактор мыналар:

– ақша қаражатының жетіспеуі;

– айналым қаражатының же­тіс­пеуі;

– несиелер бойынша пайыздың көп болуы;

– нарықтық бәсеке;

– білікті кадрдың жетіспеуі;

Бәрі ақшаның жетпеуіне тіреледі. Бәрін қолдың қысқалығы ұстап тұр. Шағын және орта бизнесті несиелеу­ге сұраныс бастан асады. Былтырғы төртінші тоқсанда шағын және орта бизнес тарапынан кредит алуға сұ­раныс 3 есе өскен. Соған қарамастан, өтінімді мақұлдау коэффициенті өте төмен: тек 37%-ы ғана ала алған.

Еліміздегі «Даму» қорының қыз­меті шағын және орта кәсіпкер­лікті қолдауға арналғаны белгілі. Осы қордың өзі кәсіпкерді тек банк арқылы ғана қаржыландыра алады. Айналып келгенде, шағын бизнес пайызды несиемен буатын сол банктің босағасында тағы мөлиіп отыруға мәжбүр. Қалай болған да, мемлекетке шағын бизнестің ғимаратты жалға алу мен өзге де шығынының 50%-ын өтейтін кезі келді.

Мемлекет отыз жыл бойы бағдарлап отырған «қуатты орта тапта кәсіпкерлік өзегі бар экономика мен әлеуметтік өмірдің драйверіне айналу» мақсатына біздің шағын және орта бизнес әлі жете алмай отыр. Және, өкінішке қарай, жете алмайтыны да байқалады... Өйткені шағын және орта бизнестің еліміздегі 3,5 млн адамды жұмыспен қамтып отырғанын ылғи ұмытып кетеміз. Бұл 3,5 млн – жұмыспен қамтылған халықтың 40%-ы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнес субъек­тілерінің барлық кредиті (оның ішінде лизинг шарты) бойынша мөлшерлемені субсидиялауды үкіметке тапсырған болатын. Бұл субсидиялауға 29 сала кіреді, оның ішінде бөлшек сауда, қонақ үй бизнесі, туристік агенттік, кинотеатр, фитнес-орталық, техникалық қызмет көрсету станциясы, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру ұйымы және т.б. Өкінішке қарай, бұл тараптағы жұмыс та әлі ұзын арқан, кең тұсаумен келе жатыр.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

2886 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы