• Білім & Ғылым
  • 02 Желтоқсан, 2021

Биік белестерді бағындырды

Жастар – еліміздің әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық өмірінің барлық салаларына қатыстылығы жағынан алғанда болашағы зор қоғамның маңызды буыны. Қазіргі таңда жаңа көзқараспен қарайтын жалынды жастар еліміздің жаңару үдерістеріне белсене қатысып келеді. Еліміздің бүгінгі жастары жаңа жағдайда мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында алысқа қол сермеп, әлемдік деңгейдегі ұстанымды игеріп, келешектің кілтін өз қолдарына алуда.

Елімізде жоғары оқу орындары мен мектепте оқып, білімін ұштап, әртүрлі білім сайыстарына қатысып, топ жарып жүрген жастар аз емес. Осыған дәлел, отандық студенттер электрохимиялық материалтану бойынша халық­аралық олимпиаданың же­ңімпаздары атанды. Назарбаев Университетінің сту­денттерінен құралған топ химия және химиялық технология бойынша XI Бірімжанов атындағы халықаралық конгресс аясында ұйымдастырылған электрохимиялық материалтану бойынша халықаралық олимпиаданы бағындырды. Алматыда өткен білім сайысына Израиль, Франция, Ресей және Қазақстан командалары қатысты. «Иондар» деп аталатын НУ тобының құрамында магистратура студенттері Әсел Серікқазиева, Еркежан Еркінбекова, Ақтілек Ахметова және PhD студенті Нұрбол Толғанбек болды.

«Біздің топ жарысқа бірнеше күн қалғанда құрылды, алғаш рет бірге жұмыс жасадық. Университетімізде және аккумуляторлар тобында олим­пиадаға қажет барлық химиялық заттар мен құрал-жабдықтар болған­дықтан, қиындық көрген жоқпыз және оны бағалаймыз», – деді Н.Толғанбек. Олимпиада барысында төрт сағаттық онлайн телекөпір өтті және сол уақыт аралығында студенттер электрохимия және материалтану бойынша үш тәжірибе­лік жұмысты шешіп, жақсы нәтиже көрсетті. «Олим­пиада есептерін шешудің ең қолайлы әдісте­рін жылдам таңдау керек, сондықтан негізгі міндет электрохимия және материалтану бойынша алған барлық білімдерімізді сұрыптау болды. Уақыт шектеулі болған кезде, бұл біршама күрделі екен. Дегенмен, жеңіске ұмтылған төрт адам тапсырмаларды тиімді ұйымдастырып, тарата алатынына көзіміз жетті», – деп Ақтілек Ахметова өз ойымен бөлісті.

Сонымен қатар еліміздің бас шаһары – Нұр-Сұлтанда республикалық STEM олим­пиадасының қорытын­дысы шығарылды. Олимпиа­даның ақтық сайысы «Quantum STEM School» мектебінде өтті. Білім сайысына еліміздің әр түкпірінен 470 жасөспірім қатысты. Жарыстың барлық тур­ларының қорытындысы бойынша бас жүл­дені Қара­ғанды қаласының «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының 17 жастағы оқушысы Асанәлі Алмаз жеңіп алды. «Мен 11-сыныпта оқимын. Болашақта экономист болғым келеді. Францияда оқуды жоспарлап отырмын. STEM олимпиадасына бірнеше мәрте қатыстым. Жылдан жылға тапсырмалар күрделене түсетіні және қызықты болатыны қуантады. Осы олимпиададағы үй тапсырмасы ре­тінде біз робот жасауымыз керек еді. Елордада біз алдымен тест­тер­ді шештік, содан кейін робот­та­рымыз қызыл және сары жарыққа тоқтайтын ралли өтті, арқан тартып, арифметикалық есептеулер көмегімен салынған, ағаш таяқшалардан жа­салған көпірді беріктікке сынап көрді», – деді Алмаз. Жүлдегерлер қатарында «Дарын» МИ-дың тағы бір тәр­биеленушісі Еділ Сабдалы да бар. Ол қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ қарағандылық оқушылар қоржынында екі ынталандыру медалі бар. Оларға Нығмет Нұрмақов атын­­дағы мамандандырылған мек­теп-интернатының және Шәкәрім атын­дағы гимназияның оқушы­лары Арғынғазы Бақдәулет және Михаил Востриков ие болды.

Осылайша STEM республи­калық олимпиадасында қа­раған­дылық оқушылар гран-при, үшінші орын және екі ынталандыру медалін жеңіп алды.

НҰРЛАН ҚҰМАР

5234 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы