• Бизнес & Қоғам
  • 22 Қараша, 2012

Аймақ тынысы БАҒДАРЛЫ ЖОБАЛАР – ИГІЛІК БАСТАУЫ Ботагөз БДІРЕЙҚЫЗЫ

Премьер-Министрдің орынбасары Қырымбек Көшербаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы Алматы облысындағы бірқатар нысандарды аралап, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуы барысымен танысты.

Аграрлы аймақтағы ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жобалар ретімен Қ. Көшербаевты Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов таныстырды. Қазірде Алматы мен Талдықорғанның азық-түліктік белдеулерін құру аясында көптеген жобалар қолға алынып, жемісін бере бастады. Үкіметтік топ барып көрген «Жер­ұйық - Талдықорған» АӨК» серіктестігі осындай тиімді де қайтарымды жобалардың бірін жүзеге асырып отыр. Серіктестіктің Талды­қорған қаласының шығыс жағында орналасқан өндірістік алаңында бірнеше көкөніс сақтау және бір жеміс-жидек сақтайтын қоймалар бар. Осы уақытта қоймаларға 517 тонна көкөніс пен 270 тонна картоп, ал жеміс қоймасына 26 тонна алма мен алмұрт сақтауға қо­йылды. Көлемі 4800 шаршы метрді құрайтын жылыжай жаңа технологиямен жабдықталған. Онда қызанақ пен қияр өсірілуде. Жыл соңына дейін серіктестік  90 тонна қиярды сатуға шығармақшы.

Қ. Көшербаев бастаған жұмыс тобы одан кейін «Асыл» жауап­кершілігі шектеулі серіктес­тігін­е арнайы барып сүтті және етті бағыттағы асыл тұқым­ды мал­дарды көрді. Жетісу жерінде асыл тұқымды мал басын көбейтуге өзіндік үлесін қосып отырған бұл орталық жалпы облыс бойынша асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар сұранысын өтеуде. Сонымен қатар мамандарды оқыту сыныбы, тұқым сақтау орны, зертхана және тағы басқа да қосалқы ғимараттар қазіргі заманғы құрал-жабдықтардың ең соңғы үлгілерімен жабдықталған. Ор­талықтың барлық аумағын аралап көрген үкімет мүшелері мұндағы жұмыстың ұйымдастырылуын жоғары бағалады.

Алматы облысында мемле­кет­тік және салалық бағдарла­ма­лар­ тиісті деңгейде әрі дер кезінде атқарылуда. Соның бір дерегі ретінде өңірдегі құрылыс саласының қарқынын айтуға болады. Атап айтқанда, жыл басынан бері құрылыс жұ­мыстарының көлемі 136,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылға қарағанда 102,8 пайызға артқан. Талдықорған қаласы Қаратал шағын ауданында кө­ле­мі 12861,5 шаршы метр бес қабатты, құны 244 млн. 877 мың теңге болатын жалға берілетін 40 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жуық арада аяқталмақ. Үкіметтік топ жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін осы тұрғын үйді аралап көрді. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы шеңберінде салынған бұл тұрғын үйдің бағасы нарықтағыдан едәуір арзан және оны сатып алушыларға берілетін Тұрғын­үй­құрылысжинақбанк несиесінің пайызы да әлдеқайда төмен. Қ. Көшербаев халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі Елбасының ерекше назарында екендігін, бұл бағыттағы шаралардың өңірде нақты жолға қойылып, дұрыс өрбіп отырғандығын атап өтті.

Талдықорған қаласының жылумен қамтамасыз ету мәселесін толық шешу үшін жылу өндірудің жалпы көлемінің 85 пайызын шығаратын «Басқуат» орталық қазандығын, онымен қоса жалпы жылу жүйесі кешенін қайта жаңғырту қажет болып отыр. Ол үшін 5,5 млрд теңге қаржы керек. Қала басшылығы Премьер-Министрдің орынбасарына осы мәселені жеткізді.

Қырымбек Көшербаев сапар барысында Ақсу ауданындағы Қызыла­ғаш суқоймасының құрылыс алаңын ара­ла­ды. Бұл нысанды тұрғызуға республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінген. Су қоймасы 2014 жылдың сәуір айында толығымен іске қосылмақ. Үкімет құрамында болған Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың айтуынша, жаңа су­ қоймасы мемлекет қарамағына алынып, Ақсу ауданының дамуына нақты ықпал етпек.

Үкіметтік топ Қызылағаштағы су тасқыны құрбандарына арналған мемориал-ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ауылдағы мәдениет үйін, І. Жансүгі­ров атындағы орта мектепті келіп көрді. Мектеп ғимаратына рес­публикалық маңызы бар қа­лалар мен облыстардан мақсат­ты трансферттер бойынша түс­кен қаржы есебінен 224,4 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргі­зі­ліп, құрал-жабдықтар сатып алу­ға облыстық бюджеттен 20 млн. теңге бөлінген. Қырымбек Елеуұлы бастауыш сынып оқушыларымен жүздесіп, ұстаздармен сұхбаттасты. «Мемлекетіміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Өйткені сіздер оқытып, тәрбиелеген жастар ертең осы жерге иелік ететін азаматтар болмақ. Сондықтан жұ­мыстарыңызға асқан жауапкершілік та­нытып, мәртебелі істі абыроймен атқа­рыңыздар», - деді ол.

Талғар ауданының аумағында орналасқан отандық ав­токөлік құрастырумен айналысатын «Hyundai Auto Trans» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстанның мәшине құрастыру өнеркәсібіне елеулі үлес қосып келеді. Зауыт іске қосылған уақыттан бері мұнда 737 жүк көлігі мен автобус құрыстырылыпты. Кәсіпорын ұжымы алдағы жылы бұл көрсеткішті екі мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Ал 2015 жылы он мың жүк көліктерін жасау қосымша 200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осы жылы зауытта орташа сы­йым­дылығы 19-28 орындық жолаушыларға арналған Hyundai County автобусын құрастыруды қолға алып, бұл базада «жедел жәрдем» автокөліктері мен реанимобильдер шы­ғарылуда. Ал биылдан бастап кәсіпорында құрастырылған көліктердің жартысына жуығы Ресей, Белоруссия, сонымен бірге Орта Азия елдеріне экспортқа шығарылмақ. Қырымбек Көшербаев аумағы 10,2 га жерді алып жатқан автокөлік құрастыру зауытының жұмысымен танысып, аймақтық индустрияландыру шеңберінде іске қосылып, нәтижелі жұмыстар атқарып отырған кәсіпорынның келешегі зор екендігін ерекше атап өтті.

Қырымбек Көшербаев Жетісу өңіріндегі жұмыс сапарын Іле ауданында жалғас­тырып, осы ауданның аумағында тұрғы­зылатын Алматы қаласының серіктес қалаларының үлгілерімен және жобаларымен танысып шықты. Одан соң «Даму» логистикалық орталығында болды.

- Мемлекет басшысының бас­тамасымен Үкімет бірқатар әлеуметтік маңызды бағдарла­ма­ларды қабылдап, жүзеге асыруда. Алматы облысы ауыл ша­руа­шылығы мен өндірісте ұзақ мер­зімді және стратегиялық міндет­терді тиімді орындап қана қой­май, индустриялық-инновация­лық жобаларды да нәтижелі жү­зеге асырып келеді. Мәселен, 2010-2011 жылдары 216,3 млрд. теңгелік 22 инвестициялық жоба іске қосылып, 3635 жаңа жұмыс орны ашылды. Негізгі капиталға салынған инвестиция 2012 жыл­дың 9 айында 266,6 млрд. тең­ге­ні құрады немесе былтырғы жыл­дың сәйкес мерзімімен са­лыстырғанда 101,3 пайызға артты», - деді Вице-премьер облыс активінің жиынында. Жиында шешілуі қажет бірқатар мәселелер талқыланып, өңірді одан әрі дамытудың басым бағыттары сараланды.

387 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы