• Қаржы
  • 02 Желтоқсан, 2021

Сарапшылар экономика өсімін болжайды

Әдетте жыл аяғы жақындаған сайын  жылдың қалай қорытындыланары  мен алда не болары туралы болжамдар мен талдаулар  көбейе түседі. Өткен аптаның соңын ала «ЕАДБ биылғы жылы Қазақстанның экономикасы 3,8% деңгейінде өсетінін болжайды», деп мәлімдеді қаржы институты өз сайтында. 

Бұл Еуразиялық даму банкінің 2022 жылға арналған Аймақтық макроэкономикалық болжамында жарияланды. Осы қаржылық институттың талдаушылары «әлемдік экономика биылғы жылы қалпына келудің шарықтау шегінен өтті және жаһандық ІЖӨ өсімі біртіндеп тежеледі. Ин­фляциялық қысым әлемде 2022 жылы сақталады, бірақ жаһандық сұраныстың серпіні қалпына келуіне және ұсыныстың ұлғая түсуіне қарай әлсірейді.

Сарапшылар болжауынша, Қазақстан экономикасының өсімі 2021 жылы  3,8%, 2022  жылы – 4,2%, 2023 жылы – 5%-ды құрайды. Банктің қыркүйек айындағы болжамында 2021 жылы ІЖӨ 4% деңгейінде болады деп болжанса, 2022 жылы – 4,2% деңгейінде болады делінген. «2021 жылдың ортасында Қазақстанның ІЖӨ 2019 жылдың IV тоқсаны деңгейіне шықты. Өңдеуші өнеркәсіп пен құрылыс секторындағы тұрақты жыл ішіндегі өсім серпінін қам­тамасыз еткен биліктің іскерлік белсенділікті қолдау шаралары экономикаға екпін берген», – делінген баяндамада.

Экономикаға қолдау мем­лекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы одан әрі де жалға­сын таба бермек. «2022 жылы іскер­лік белсенділікті қолдау «Қа­ра­пайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары арқылы көр­сетіліп, оларды жүзеге асыруға қосымша 1 триллион теңге (ІЖӨ-нің 1,2%-ы) бөлінді. Ішкі сұра­ныс, соның ішінде бюджеттік сала қызметкерлерінің төменгі еңбекақысы мен еңбектері үшін жалақыны көтеру есебінен арттырылатын болады. Мұнайға жоғары бағалардың жағымды әсері 2022 жылдың бірінші жартысында одан әрі жалғасады», – деп болжайды сарапшылар.

Одан әрі, ЕАДБ бағалауынша, мұнайға жоғары бағалардың біртіндеп төмендеу әсері күтілуде. Коронавирус індетінің әлсін-әлсін өршуі салдарынан қызмет көрсету секторының қалпына келуі созылыңқырап кету жағдайына ұшырап отыр. «Біз қызмет көр­се­тудің жекелеген секторларында пандемияға дейінгі деңгейге шығу 2022 жылы жүзеге асады деп шамалап отырмыз. Ақша-кредит саясаты экономикалық өсімге ынталандыру әсерін тигізе алмайды, инфляциялық тәуекелді тежеуге бағытталады. Нақты түрдегі теңгенің қайта бағалануы мұнайдан басқа экспортты шектеуі мүмкін», – делінген баяндамада.

ЕАДБ талдаушылары 2023 жылы Теңіз кен орнында оны кеңейту бойынша жобаны жүзеге асыру нәтижесінде мұнай өндіру артады деп болжап отыр. Сөйтіп, ЕАДБ бағалауынша, Қазақстанның ІЖӨ 2023 жылы 5%-ға дейін жеделдейді.

2021 жылдың күзінде инфляция шарықтау шегіндегі мәнге жетуге таяп қалды. Оның серпініндегі өрістеуін банктің талдаушылары 2021 жылдың аяғы – 2022 жылдың басында деп болжайды. Осының алдындағы болжамнан айырмашылық  – серпінді бағалау 7,9%-дан 8,4%-ға дейін артады. Бірақ 2022 жылдан бастап инфляциялық қысым біртіндеп төмендейді де, 4-6% дәлізге қайтып оралады. Осылайша, 2022 жылы инфляция деңгейі 6%-ға, ал 2023 жылы – 4,4%-ға дейін төмендейді (инфографика).

Ұлттық валютамыздың жағ­дайын бағалай келе, талдаушылар 2021 жылы теңге экономикалық белсенділіктің шет елдерде жақ­саруы аясында қолдау тапқанын атап көрсетеді. Қазақстандағы тауарлармен саудадағы оң сальдо, импортпен салыстырғандағы экспорттың озыңқы өсімі аясында, 2021 жылдың қаңтар – тамызында 12,1 миллиард АҚШ долларына дейін (бір жыл бұрынғы 7,4 миллиард АҚШ долларына қараған­да) артқан. «Экспорт серпінінің жақсаруы ЕАЭО-ға мүше елдерге арта түскен жеткізулермен басымырақ айқындалып отыр. Әлемдік нарықтардағы қолайлы баға жағдаяттары металдар мен олардан жасалған бұйымдардан түсімдерді арттырды. ЕАДБ тал­­даушыларының бағалауынша, 2021 жылдың IV тоқсанында экспорт өсімінің қарқыны мұнай өндірудің қалпына келуі және энергиялық  ресурстарға әлемдік бағалардың қымбаттауы салдарынан тағы да артуы мүмкін», – деп атап көрсетті сарапшылар.

Алайда, жаһандық қаржылық нарықтардағы  қолайсыз ахуал, шетелдік валютаға ішкі сұраныстың артуы мен саудадағы әріптес-ел­дермен салыстырғанда Қазақ­стандағы инфляцияның жоға­рырақ болуы теңгенің нығаю­ына кедергі болды. Нәти­жесінде  теңге қарашаның ортасында дол­ларға шаққанда жыл басынан бері 2,1%-ға әлсіреген (2020 жылы – 10,4%-ға).

Талдаушылардың пікірінше, 2022-2023 жылдары атаулы өрнекте теңге «бірқалыпты қарқында құн­сыздануын жалғастырады (жылына 1-2%), көбінесе саудадағы әріптес-елдермен салыстырғанда Қазақстандағы инфляцияның жоғарырақ болуы себебінен».

Сөйтіп, 2022 жылы теңгенің долларға шаққандағы орташа жылдық бағамы бір доларға 434 теңге деңгейінде жайғасады, ал 2023 жылдың аяғына таман бір долларға 443 теңгеден келеді.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

930 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы