• Бизнес & Қоғам
  • 02 Желтоқсан, 2021

Қолда бар вакциналар жаңа штамға қаншалықты қауқарлы?

2019 жылдың аяғынан төрткүл дүниеге таралған «Коронавирус» атты  індетті бүкіл әлем болып қазірге дейін ауыздықтай алмай келеді. Бір жылдың өзінде вирустың үш түрлі штамы пайда болып, халықты вакциналау арқылы ауруды шектеп, жағдайды тұрақтандырамыз деп отырғанда, енді «Омикрон» деп аталатын коронавирустың жаңа штамы келіп әуе-сарсаңға салуда. Дүниежүзінің ғалымдары мен сарапшылары бірлесе дайындаған 270-тен аса вирусқа қарсы вакциналар аталған штамға қаншалықты қарсы тұра алады?

Еліміздің денсалық сақтау министрі Алексей Цой корона­вирустың омикрон штамына қатысты соңғы берген ақпа­ратында бұл штамның басқа штамдарға қарағанда қаупі жоғары ма, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз екендігін, Оңтүстік Африкада коронавирустың шарықтау шегі белең алып жатқандығын, алайда эпидемиологиялық сараптау­лар соңына жетпейінше жаңа штамның таралуы жөнінде және  адамды ауыр жағдайға түсіру жағы да толық зерттелмегендігін айтқан болатын. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, Оңтүстік Африка елінде науқастарды ауруханаға жатқызу көрсеткіші артқан. «Омикронмен қайта ауру қаупі артты деген ақпарат таралуда. Дегенмен осы мәселеге қатысты мәлімет тым аз. Бүгінгі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында атал­ған штамның вакцинаға қалай әсер ететіндігі талданып жатыр. Екпелердің қай-қайсысы болмасын тиімділігі жоғары, ол ауыр жағдайдан және өлімнен сақтайды», – деп отыр министр.

Қазіргі ПТР-тест те омикрон штамды оңай анықтай алады. Ал кортикостероидтер мен интерлейкиин-6 ингибиторларының көмегімен омикрон штамына қарсы емдеу шараларын жүргізуге болады.

Басқа препараттардың тиімділігі зерттеліп жатыр. Ғалымдар жаңа нұсқадағы мутациялардың саны тым көп, коронавирустың алдыңғы нұсқаларының ешқайсысы сон­ша­лықты қарқынды мутацияға ұшыр­амаған еді деген пікірде.
«Штамның біз­дің арамызда болуы әбден мүмкін. Өйткені, елімізде балалар арасында респираторлық инфекция өршіп тұр. Ол өзгелерге ұқсамайды. Қызуы көтеріліп, кейбірінде тамақ, артынша құлақ ауырады. Бұл африкалық дәрігерлердің сипаттамасына ұқсас. Аталған штамның негізгі белгілері, дене қызуы, әлсіздік және тамақ пен құлақ ауруында. Әлеуметтік желіде жаңа штамның пайда болғаны туралы лезде таралған ақпаратқа сәйкес, бұл – жаңа вирус емес, коронавирустың өзгерген нұсқасы. Сондықтан да штамнан қорғанудың негізгі сақтық жолдары әлеуметтік қашықтық пен бетперде тағу қажет. Сонымен қатар екпе жаңа штамға қарсы тұра алады. «Pfizer» мен «Moderna» компаниялары вакцинаның жаңа нұсқасын жасайтынын айтқан болатын. Вакцина алған адам бұл штамды жұқтыруы мүмкін. Бірақ «дельта» штамы секілді вирус жұқтырған адамда ауру жеңіл түрде өтуі ықтимал», – деді отандық ғалым Мыңжылқы Бердіқожаев.
Таяудағы үкіметтің онлайн отырысында денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов коронавирустың жаңа «омикрон» штамын елге таралмауына жол бермеу үшін ведомствоаралық комиссия қабылдаған шараларды атады. Оның қатарында Африкадан келген азаматтардың елге кіруін шектеу және 3 желтоқсаннан бастап Мысырмен әуе қатынас жолдары уақытша тоқталатындығын айтты. Өйткені, Бельгияда Мысырдан келген азаматтан омикрон штамы анықталған. Сонымен қатар, ол Боствана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға келуі шектелетінін және омикрон нұсқасы анықталған елдерден (Израиль, Чехия, Нидерланд, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада, Египет) келетін азаматтар үшін вакцинасы бар-жоғына қарамастан міндетті ПТР-тест тапсырады. Аталған жаңа шектеулер 3 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.
Елімізде эпидемиологиялық жағ­дайды тұрақтандыру және ұжым­дық иммунитетті қамтамасыз ету мақсатында Бас мемлекеттік сани­тарлық дәрігерінің 2021 жылғы 20 қазандағы №46 қаулысына байланыс­ты «Комирнати» (Пфайзер, АҚШ) мРНҚ-вакцинасымен 12-ден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді және лактация кезеңіндегі әйелдерді вакцинациялау басталға­ны белгілі. Үстіміздегі жылдың 12 қарашасынан Алматы қаласында «Комирнати» (Pfizer, АҚШ) препаратымен вакциналау жүргізілуде. Бүгінгі таңда мегаполисте 1-дозамен барлығы 12 456 адам вакцинацияланды, оның ішінде: 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдер – 738, лактация кезеңіндегі әйелдер – 2 668 және 12-18 жас ара­лығындағы жасөспірімдер саны-9 050 адамды құрайды. Естеріңізге сала кетейік, адамдарға вакцина салу  профилактикалық егуді жүргізуге алдын ала ақпараттандырылған жазбаша келісіммен ғана іске асырылады. Ал жасөспірімдерді вакцинациялау тек ата-анасының немесе заңды өкілінің алдын ала ақпараттандырылған жазбаша келісімімен ғана егіледі. Вакцинация жүргізу алдында медицина қызметкері олардың артериялық қысымын, дене қызуын және жалпы жай-күйін тексереді. Екпе қа­был­дағаннан кейін адамдар арнайы бөлмеде 30 минут медицина­лық қыз­меткерлердің бақылауында болады», – дейді Алматы қаласы са­ни­тарлық-эпидемиологиялық бақы­лау депар­таменті басшысының орынбасары Әсел Калыкова.
Шет ел мамандары «Комирнати» (Pfizer, АҚШ) вакцинасының тиімділігі 95 пайызды құрайтынын, ол қауіпсіздіктің дәлелденген базасына ие және 142 елде, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Еуроодақ елдерінде қолданылып, бүгінгі күні әлем бойынша 60 миллионнан астам балалар мен жасөспірімдер коронавирус инфекциясына қарсы егілгендігін айтуда.
Алматы қаласы Қоғамдық ден­саулық басқармасы баспасөз қызме­тінің мәліметінше, бүгінгі күні оң­түстік астанада індеттің таралуының 34 жаңа жағдайы тіркелген. Қаладағы инфекциялық стационарларда ( 1434 төсек-орын) 393 адам (оның ішінде 23 бала) емделіп жатыр. Hiqh flow-да 8 аппарат үздіксіз жұмыс істейді. Алматыда бір тәулік ішінде 1-компонент­ті 809, 2-компонентті 1527 адам екпе салдырған. Биыл­ғы жылдың 1-ші ақпан – 29-шы қараша айлары аралығында екпенің 1-компонентін 1 035 512, 2-компонентті 968 966 адам алған. Оның ішінде 122 205 адам –  60 жас­тан асқандар. Медициналық мекемелер, мектептер, мәдениет және спорт нысандарында, базарлар мен қаланың сауда ойын-сауық орталық­тарында 132 екпе пункті қамта­масыз етіліп, 201 вакциналау бригада­сында 756 медицина қызметкері жұмылды­рылған.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

3073 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы