• Білім & Ғылым
  • 09 Желтоқсан, 2021

Биіктерді бағындырған білім ордасы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы жетекші ұлттық университеттің бірегейі. Халықаралық университеттер қауымдастығына қатысатын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны болып табылатын білім ордасы еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда жоғары көрсеткіштерімен белгілі.

 

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. На­зар­баевтың 2001 жылғы 5 шілдедегі Жарлығымен университетке «ұлттық» деген ерекше мәртебе берілді. Дарынды ғалым-ұйымдастырушы, 1970-1986 жылдары университеттің ректоры қызметін атқарған, ҚазҰУ қалашығының негізін қалаушы Ө.Жол­­дасбековтың есімін ұлықтау үшін Студенттер сарайына ұлағатты тұлғаның есімі берілген болатын. Бұл қадам өз кезегінде әрбір жеке тұлғаның сіңірген еңбегі мен қосқан үлесін лайықты бағалаудың үздік көрінісі мен ұжымдық бірліктің бастамасы болып отыр.

Тәуелсіздік алған жылдардан бас­тап ҚазҰУ тек Қазақстан Республикасы мен ТМД университеттері арасында ғана емес, сонымен бірге халықаралық рейтингтерде жетекші орындардан көрініп келеді. Атап айтқанда, белгілі «GreatValueColleges» халықаралық ұйымының рейтингісіне сәйкес әл-Фараби атындағы ҚазҰУ рейтингте жоғары орынға ие болып, әлемдегі ең үздік технологиялық университеттердің қатарына кіреді, Quacquarelli Symonds беделді халық­аралық рейтингтік агенттігі жүргізген тәуелсіз бағалау қорытындысы бой­ын­ша университетіміз «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «5 жұлдыз» артықшылыққа ие болған Орталық Азия өңіріндегі алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны болды. Сондай-ақ ҚазҰУ «QS World University Ranking by Subject 2021» пәндік рейтингісінің қорытындысы бойынша өз көрсеткіштерін жақсарт­ты және бес пән саласы бойынша әлемнің 1200-ден астам универси­тет­тері арасында позициясын ны­ғайтты.

  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – дәстүрлі құрылымдармен қатар (факультеттер мен кафедралар) ен­шілес мемлекеттік кәсіпорындар мәртебесіне ие, қаржыландырудың түбегейлі жаңа тетігі бар ғылыми-зерттеу институттары, технопарк­тер мен бизнес-инкубаторлар, ғы­лыми орталықтар желісі құрылған еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны. Бұл әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды қамтамасыз ететін ғылыми білім беру саласында инновация­лық кластерлердің нақты пайда бо­луының айқын көрінісі болуда. Қасиетті қара шаңырақ Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сый­лығының лауреаты атанды. Осы ретте біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздің жоғары оқу орындарының бас рейтингісінде бірінші орынды тұрақты иеленіп келе жатқандығын да мақтанышпен айта аламыз.

Айта кетерлiгi, ҚазҰУ рейтингі бойынша Қазақстандағы ең үздік жоғары оқу орны болып табылды. Азиялық даму банкінің мәліметі бойынша, бүгiнде жоғары оқу орын­дарының арасында iргелi ғылыми зерттеулердiң 50 пайыздан астамы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еншiсiне тиесiлi.

ҚазҰУ – халықаралық университеттер қауымдастығына қатысатын Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны болып табылады. Шетелдік және халықаралық жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан іргелі оқу ордасы өз қабырғасында білім алып жатқан кез-келген жасқа өз мамандығының кәсіби майталманы болуға жақсы мүмкіндік береді.

Түлектер өздерінің оқытушы­ларын, курстастарын, студенттік өмірлерін ойға алғанда ҚазҰУ қа­лашығымен ерекше мақтанады. Сонымен қатар, үздік университетте бүгінгі білім алушылардың деңгейін, дәрежесін білгісі келетіндігі, олармен тәжірибе бөліскісі келетіндіктері де жасырын емес. Жоғары оқу орны түлегінің жетістігі – оқу ордасы қабырғасында алған үздік білімнің жемісі. Қазақ ұлттық университеті әлемдік ғылым кеңістігі мен еңбек нарығында бәсекеге қабілетті өз түлектерімен мықты. Университет имиджі түлектердің жетістігімен өлшенеді. Қазіргі таңда университет ғалымдарының жетекшілігімен студенттер ғылыми зерттеулермен белсенді түрде айналысуда. ҚазҰУ түлектерінің еңбек нарығында бә­секеге қабілеттілігіне байланысты жұмыспен қамтылу деңгейі жоғары екенін сенімді түрде айта аламыз. Тәжірибе осыны дәлелдеп отыр. Университет түлектерінің тізімін қарайтын болсақ, олардың ішінде көптеген жоғары лауазымды шенеуніктерді, қазақстандық қоғам элитасының өкілдерін кез­дестіреміз. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде университетте ғы­лым­мен айналысудың жаңа сапалы жағдайларына қол жеткізілді. ҚазҰУ беделін, білім беру сапасын, кадрлар даярлаудың халықаралық деңгейін айтар болсақ, бұл университет басшылығы мен жоғары білікті оқытушы-профессорлық құрамының уақыт талабына сай кәсіби маман даяр­лау жолындағы ғылыми ізденісі мен тынымсыз еңбегінің, жаңа биік­тер­­ге ұмтылысының нәтижесі. Әрбір түлектеріміздің жетістігі – біздің уни­верситетіміздің жетістігі деп білеміз.

Жақсылық БЕЙСЕНБАЕВ,

Гүлнұр АЯЗБАЕВА,

ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің аға оқытушылары

5225 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы