• Инфрақұрылым
  • 09 Желтоқсан, 2021

Көлік-логистика түйіні тарқатыла бастады

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Экономиканы басқару саласында соңғы жылжарым бедерінде Мемлекет басшысы тарапынан қолға алынған кадрлардың тапсырылған іс үшін жеке жауапкершілігін арттыру, бағдарламалардың, жоба-жоспарлардың жүзеге асуын қадағалау, қаржының жұмсалуын бақылау сынды пәрменді шаралардың нәтижесін көре бастағандай­мыз. Мәселен, биылғы көктемгі егіс пен егін орағының ұтымды ұйымдастырылып, табыспен аяқталуы сөзімізге айғақ. Мұндай мысалдарды көлік-коммуникация, логистика бағыттары бойынша да келтіруге болады. Айталық, кезінде «7күн.kz» дерек көзі Нұр-Сұлтан қаласын газдандыру 2019 жылдың екінші жартысында шешімін табады деп шүйінші сұрағанымен, нақты тірлік өткен жылы ғана қолға алынып, бұқаралық ақпарат құралдары жуырда жоспардың 65 пайызға орындалғанын мәлім етті. Мұндай мағлұматтар қатарына Алматы қаласындағы метро стансаларының, жолайрықтардың, көпірлердің құрылысы жеделдегенін қосуға болар еді. Осындай оң өзгерістердің қазіргідей қысылтаяң тұста атқарылып жатқаны көңіл демдейді. Дегенмен, құйысқаны берік, қоржыны тоқ кезеңдерде естілуі тиіс жыл құсындай ақжолтай жаңалықтардың араға үш-төрт жыл салып, кешігіп жетуі бір жағынан алаңдаушылық туғызады.  
Кәсіпорын басшыларының, мамандары мен қарапайым жұмысшыларының маңдай терімен суарылатын әр цифрдың артында үкімет пен жергілікті биліктің шешімдері, қаулы-қарарлары тұратынын жақсы білеміз. Алтыннан тау тұрғызарлық талай жоба жалынды сөз бен құрғақ уәденің тасасында қалғаны да рас. «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, кей мекемелердің дерек-дәйектеріне көпшіліктің сақ қарайтыны сондықтан. Қаймана жұрт тындырылған тірлікті пайымдап, сөз бен іс қабысуының айғағын бағамдағысы келеді. Бұл, әсіресе, бүгінде түйіндері тарқатыла бастаған көлік-логистика саласына қатысты. Өйткені мұндағы техниканың әр бірлігі, жол жабындысының әр метрі әлеуметтің көз алдында. Теңізге шыға алмайтын Қазақстан үшін Еуропа және Азия елдерімен сыртқы сауданы қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отырған автомобиль көлігін алайық. Бүгінгі таңда елімізде шет мемлекеттердің қатысуымен 50-ге жуық бірлескен көлік компаниясы тіркелген. Қазіргі уақытта 8961 қазақстандық автокөлік компаниясы халықаралық жүк тасымалдау саласындағы өз қызметін 32 530 бірлік автокөлік құралымен жүзеге асыруда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша автокөлік қызметтерінің халықаралық нарығындағы отандық тасымалдаушылар үлесі 31 пайызды құрады. Бұдан бөлек, жолаушылар тұрақты тасымалданатын 2801 тұрақты маршрутта 15,9 мың бірлікті автобус паркі бар, онда 1 мыңнан астам тасымалдаушы жұмыс істейді. Тұрақты маршруттардағы тозған автобустардың үлесі бүгінгі күні 46 пайызға дейін төмендеді. Бұған қалалық автобустар паркін жаңарту кезінде қабылданып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етті. Атап айтқанда, жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында өңірлерге соңғы жылдары отандық өндірістің 1618 жаңа автобусы жеткізілді. Өңірлерде 38 автовокзал мен 114 автостанция жұмыс істеп, такси тасымалдауды 10,6 мың бірлік паркі бар 2833 тасымалдаушы жүзеге асыруда. Тілге тиек етіліп отырған тасымалдардың барлығы сапалы жолдар арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Қазіргі таңда автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы 96 мың шақырым, мұның ішінде республикалық желінің ұзындығы 25 мың км, оның 89 пайызының нормативтік жай-күйі көңіл көншітерлік. Жергілікті желінің ұзындығы 71 мың км, жолдардың нормативтік жай-күйі 75 пайыз. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру ауқымында республикалық маңызы бар 3 мың км автожол салынып, 7 мың шақырымға жуық жол жөнделді, шамамен 100 мың адам жұмысқа тартылды. Жергілікті маңызы бар 15 мың км жол жөндеуден өтті. Сөйтіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 100 пайызға жетті, бірінші және екінші техникалық санаттағы жолдардың ұзақтығы 60 пайызды құрады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының ел өңірлерін көліктік инфрақұрылыммен қамту бойынша берген тапсырмасына сәйкес, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 27 мың шақырымы жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 95 пайызға жеткізілмек. 
Көлік коммуникациясының маңызды буыны – теміржол желілері де жыл сайын пайдалануға беріліп келеді. Мәселен, Павлодарды Семеймен байланыстыратын, ұзындығы 187 км «Ақсу – Дегелең» темір жолы, Қостанай және Ақтөбе облыстарын жалғаған ұзындығы 404 км «Хромтау – Алтынсарин» желісі,  Шығыс өңірінің бірыңғай теміржол инфрақұрылымын қалыптастырған ұзындығы 150 км «Шар – Өскемен» желісі салынды. Бұл желілер көрсетілген аймақтар арасында жүк және жолаушылар тасымалы үшін Ресей темір жолын пайдаланбауға мүмкіндік берді. Қазақстанның батысынан Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына дейін тікелей маршрутты қамтамасыз еткен ұзындығы 146 км темір жол желісі, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған, Қытайдан Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Орталық Азия елдеріне дейінгі қашықтықты 550 км қысқартуға мүмкіндік берген ұзындығы 293 км «Жетіген – Қорғас» теміржол желісі салынды. Ұзындығы 214 км «Арқалық – Шұбаркөл» теміржол желісі Орталық Қазақстаннан солтүстік өңірлерге қашықтықты 540 км қысқартуға, ұзындығы 1036 км «Жезқазған – Бейнеу» теміржол желісі Қытайдан Еуропаға дейінгі қашықтықты 1200 шақырымға кемітуге мүмкіндік берді. Ұзақтығы 14 км «Боржақты – Ерсай» теміржол желісі Құрық перспективалық портын теміржол магистралімен байланыстырды. Бұлардың барлығы халықаралық және республикаішілік жүк тасымалдарын оңтайландыруға және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді.

603 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы