• Өндіріс өрісі
  • 09 Желтоқсан, 2021

Тәуелсіздікпен түлеген кәсіпорын

Тұңғыш Президент күнінде Алматы облысы Іле ауданында «Дәулет-Бекет» ЖШС-ның құрғақ шұбат өндіретін зауыты іске қосылды. Экспортқа бағытталған зауыт еліміздегі шұбат өңдейтін жалғыз ірі кәсіпорынның базасында ашылып отыр.

Алғашында негізінен қой-ешкі, сиыр мен жылқы өсіретін Жетісу аймағында кәсіпкердің түйе бағамын деген бастамасын жұртшылық таңданыспен қабыл­даған. Түйенің еті, жүні, сүті нарық­та өтімді деп есептелмеді. Бірақ, түйенің сүтінде адам ағзасына керекті дәрумендердің көп екенін терең түсінген Сыдық Дәулетов бұл бағытты дамытуға табанды түрде бел буды. Оның айтуынша, алғашында шұбатқа деген сұраныс көп болмапты, сол кезде фермер шұбаттың пайдалы қасиеттерін жоғалтпай сақтауға мүмкіндік беретін түйе сүтінің ұнтағын өндіру жайында ойлана бастаған. Енді бүгінде «Дәулет-Бекеттің» өнімдері әуе жолдары арқылы Мәскеу, Бейжің, Шанхай қалаларына жеткізіледі. Жуық арада Еуроодақ елдері мен Америкаға жіберу жоспарланып отыр.

Қазір шаруашылықта 5 мың бастан астам түйе бар болса, оның 2,5 мыңы – аналық бас. Ал дайын өнімдердің экспортынан түскен кіріске алдағы 2-3 жылда түйенің басын 15 мыңға дейін жеткізу көзделуде. Күніне орта есеппен 5-7 мың литр шұбат сауылады. Сондай-ақ серіктестік мал азығын өз бетінше өсіреді. Фермада түйелер 8 сағат жайылымда ұсталады. Мұнда шөптің 120 түрі өсіріледі, бұл табиғи жайылым ретінде түйе сүтінің сапалы болуына әсер етеді. Алдағы уақытта жайылым алқабын тамшылатып суару жоспарланып отыр. Қазір шаруашылық күніне 5 тоннаға дейін сапалы шұбат өндірсе, зауыт ашылғаннан кейін тәулігіне 1 тонна, ал айына 30 тонна шұбат ұнтағын шығаруға мүмкіндік туды. Зауыттың өнімдері отандық нарыққа, сол сияқты Ресей, Қытай, Түркия, Германия, Францияға жөнелтіледі.

«Дәулет-Бекет» серіктестігінің қайырымдылық шаралары да ерекше айтуға тұрарлық. Серіктестік құрылған 20 жылдың ішінде Сыдық Дәулетов көптеген игі іс жасады. Атап өтерлігі, фермада 100 орынға арналған шұбат және саумалмен емдеу орны жұмыс істейді. Мұнда күрделі операция­дан шыққандардың, химиялық ем қабылдағандардың, коронавируспен ауырып жазылғандардың ағзасын қалпына келтіру үшін ем жасалады. Емдеу мекемесін­де 3 жылдың ішінде 5 мыңдай қазақстандық түйе сүтінің терапиясын қабылдаған. Алматыда шұбат пен түйе етін дәм ретінде ұсынатын арнайы кафе бар. Осындай дәмхананы Іле ауданы мен Талдықорғанды жалғайтын трассаның бойынан ашу жоспарланып отыр. Кәсіпорын алдағы уақытта түйе сүтінен жасалған құрт пен ірімшіктің түрлерін көбейтуге ниетті. Сонымен қатар түйе сүтінен жасартатын және теріні емдейтін жақпамай әзірлейтін зауыт ашу, күріш пен қарақұмық қосылған ет консервісін өндіру, түйе жүні­нен киім тоқу жобалары да қолға алынбақ.

«Дәулет-Бекет» кәсіпорнында 150 адам жұмыс істейді, бұл тек өндірісте істейтіндер мен түйе бағу­мен айна­лысатындар ғана. Бұған бүкіл Қазақстан бойынша серік­тестік өнімін саудалайтын 168 дүкенде жұмыспен қамтылғандарды қосыңыз. 

Жалпы Іле ауданы – Алматы облысының ең ірі өндірістік аудандарының бірі. Мұндағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 450 млрд теңгеден асады. Ауданда 21 ірі және орта кәсіпорын, 6 қала құраушы кәсіпорын жұмыс істейді. 

Зауыттың ашылуында сөз алған Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев: «Елбасы мен Прези­денттің тапсырмаларына орай инвестиция тартылып, жаңа кәсіп­орын ашылып, жұмыс орындары құрылуда. Жыл соңына дейін Іле ауданында 15 жаңа кәсіпорын ашылып, 12 кәсіпорынның іргесі кеңейтіледі. Осылайша, жыл қоры­тындысында аудан экономика­сына тартылған инвестиция көлемі 122 млрд теңгеге, ашылған жұмыс орындарының саны 515-ке жетеді. Сол қатарда бүгінгі «Дәулет-Бекет» серіктестігінің зауыты да бар. Зауытқа 1 млрд теңге инвес­тиция тартылып, 25 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Бұл ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорнының 20 жылдық даму тарихы бар және оның жетістіктері тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихымен тікелей байланысты. «Дәулет-Бекет» ЖШС өңір экономикасына бұдан былай да үлес қоса береді деп сенемін» – деп атап өтті.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

595 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы