• Өндіріс
  • 09 Желтоқсан, 2021

Қазақстан электромобильге қашан көшеді?

Еуропаның, Жапонияның, Канаданың, АҚШ-тың дамыған нарықтары экологиялық таза өнім мен көлік өндірісін дамытуға әлдеқашаннан ерекше көңіл бөледі. Осы үрдістің өзектілігін алға қойып отырған біздің елде электромобиль жасау саласының перспективасы қандай?

Электромобильдер өндірісі бүкіл әлемдік автомобиль өнеркәсібіндегі ең перспективалы бағыттардың бірі болып табылады. Бірқатар ірі өндірушілер іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерден бас тартатынын қазірдің өзінде мәлімдеген.

Қазақстанда электромобильдер өндірісін дамыту 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында қажетті инфрақұрылымды құруды ескерумен экспорттық бағдары бар электромобильдер өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысықтауды тапсырған кезден басталды. Бүгінгі таңда өндірісті дамыту мен тиісті инфрақұрылымды құрудың жол картасы бекітілген, оның аясында электромобиль құнының бір бөлігін субсидиялау мәселесі, автобустардың жолақтарымен жүру мүмкіндігі, бөлінген тұрақ орындары, тегін автотұрақ және басқа да шаралар қарастырылып жатыр.
Осылайша, қазақстандық автомобиль өнеркәсібі экологиялық таза көлікті дамытумен байланысты әлемдік трендке біртіндеп ілесіп келеді. Атап өткенде, 2014 жылы электромобильдердің алғашқы легі шығарылып, отандық 15 электробус маршруттарға қойылған болатын. Отандық өндіруші «СарыарқаАвтоӨндіріс» ЖШС JAC iEV7s электромобилінің сериялық өндірісін іске қосуға дайын. Сонымен бірге «Qaztehna» ЖШС-да «YUTONG» электр автобустарының өндірісі игерілді, ал «Hyundai Trans Auto» ЖШС-да Golden Dragon электробустарының өндірісі жолға қойылды. Сөйтіп, Қазақстанда электромобиль жасау саласын дамыту үшін барлық қажетті алғышарттар жасалып отыр. Қазіргі күні елімізде әртүрлі үлгідегі 1200 электр көлігі, соның ішінде автобустар шығару жоспарланса, алдағы жылы бұл көрсеткіш 2000 бірлікке дейін жеткізіледі, делінуде. Машиналар ішкі нарыққа жеткізіліп, шетелге де экспортталатын болады. Электрлік көліктердің танымалдылығы оларды пайдалану үшін жасалған жағдайларға, сондай-ақ олардың құнына байланысты, бұл ретте олардың құны ішкі жану қозғалтқыштары бар автомобильдердің құнынан жоғары.
Бүгінде электромобиль иелері көлік салығын төлеуден боса­тылған. Ал электромобильді тіркеу кезіндегі кәдеге жарату тө­ле­мінің мөлшері ең аз, 416 700 теңгені құрайды. Сонымен қатар өндірушілердің (импорт­тау­шы­лардың) кеңейтілген мін­деттемелері операторының (ӨКМ) қызметінің бір түрі – электрлік жанармай құю станциялары желісін құру және дамыту болып белгіленген. Қазіргі уақытта ӨКМ операторының электр жанармай құю станциялары желісін дамыту бойынша пилоттық жобасы аяқталу сатысында, оның нәтижесі бойынша Нұр-Сұлтанда 48, Алматыда 52, және Нұр-Сұлтан – Бурабай трассасында 3 электрлік жанармай құю станциялары орнатылады. Ақтауда қуаттылығы 80 кВт болатын 4 аса жоғары жыл­дамдықты зарядтау станциясы орнатылған. Нұр-Сұлтандағы Талан Тауэр кешенінде Tesla электромобильдерге арналған алты Tesla Supercharger супер жылдам зарядтау станциясын орнатты. Бұл ретте басқа да жеке тұлғалар орнатқан жанар-жағармай құю бекеттерінің қатары бар, электрмен жүретін көліктерді кәдімгі розеткадан зарядтау мүмкіндігі де бар. 
ЕЭК аясында да электр көлік­терін тартымды әрі ыңғайлы көлік түріне айналдыру бойынша келісілген шаралар талқылануда. Еуразиялық үкіметаралық кеңес­тің бұйрығымен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде электр қозғалтқыштары бар доңғалақты көлік құралдарын өндіру мен пайдалануды ынталандыру жөніндегі 2018-2020 жыл­дарға арналған іс-шаралар жос­пары бекітілген. ЕЭК Кеңесінің шешіміне сәйкес электромобильдер үшін кедендік баж салығының нөлдік мөлшерлемесі әрекет етуде.


БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

24530 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы