• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 09 Желтоқсан, 2021

Жаһандық инвестиция: Көлемді келісімдерге қол қойылды

Нұр-Сұлтан қаласында Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің төрағалығымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жыл сайынғы төртінші «Kazakhstan Global Investment Roundtable» жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел (KGIR-2021) өтті.

KGIR-2021 – қазақстандық биз­­нес пен шетелдік инвесторлар қауым­дастығы үшін маңызды оқиға­лардың бірі. Биыл қашықтан қосылу мүмкіндігі бар гибридті форматта ұйымдастырылған ауқымды дөңгелек үстелге 400-ден астам оффлайн, сондай-ақ 1000-нан астам онлайн қатысушылар жиналды. Олардың ішінде үкімет пен мемлекеттік ұйым­дардың мүшелері, отандық бизнестің өкілдері, трансұлттық компаниялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, әлемнің 50-ден астам елінен (АҚШ, Ұлыбри­тания, Германия, Франция, Италия, Түркия, Үндістан, Сингапур, Корея, БАӘ) ірі инвесторлар мен әлемдік сарапшылар бар. Олардың қатарында «Goldbeck Solar», «INOKS Capital», «Chevron», «ENI», «Valmont Industries», «Yildirim Group» және басқа да әлемдік компаниялардың топ-менеджменті бар.

Шара барысында қатысушылар АӨК, денсаулық сақтау, ТМК, машина жасау, фармацевтика, энергетика және тағы басқа салаларда жалпы құны 2,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 31 коммерциялық келісімге, сондай-ақ 6 коммерциялық емес құжатқа қол қойды. Атап өтсек, Түркістан облысының әкімдігі мен «Polcotton» поляк компаниясы арасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортқа бағдарлануына бағытталған ауданы 10 гектар жылыжай кешендерінің құрылысы туралы құжатқа қол қойылды. Бройлер етін өндіру кешенінің құрылысы бойынша инвестициялық келісімшартқа отандық «Прима Кус» кәсіпорны мен СІМ Инвестициялар комитеті отырды. Алматы облысында сүт өңдеу зауытын салу бойынша үшжақты меморандумға «KAZAKH INVEST» ҰК», «Agroholding Dinara Group» және катарлық «Baladna» компания­сы қол қойды. Отандық брендтің табиғи сүт өнімдерін жасау Қытай, Малайзия, Вьетнам, ТМД елдері сияқты сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті болады деп күтілуде.

Алматыда тоқыма емес материалдарды, қолғаптар мен шприцтерді өндіру жөніндегі меморандумға «Dolce» компаниялар тобы швейца­риялық «m3 Groupe» компаниясымен қол қойды. Сондай-ақ ден­саулық сақтау саласында «Қазақ ин­но­вациялық университеті» ЖШС мен «China Machinery Engineering Corporation» қытай компаниясы арасында Шымкент қаласында 1000 төсекорынды құрайтын уни­верситеттік клиника (емхана) құ­рылысы бойынша келісімшартқа қол қойылды. Бұдан бөлек, Алматы қаласында көпсалалы аурухана салу туралы келісімге «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен «Orhun Medical» ЖШС түрік компаниясы арасында қол қойылды.

ТМК саласында «Talas Investment Company» ЖШС мен «China Tianchen Engineering Corporation LTD» қытай компаниясы Жамбыл облысында (ҚХР) цианисті натрий өндіру зауытының екінші желісін салу туралы келісімге келді. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында тау-кен байыту комбинаты мен феррохром өндіретін зауытын салу туралы құжатқа облыс әкімдігі «Yıldırım Group» түрік компаниясымен қол қойды.

Машина жасау саласындағы өзара ынтымақтастық туралы мемо­рандумға «Maker» ЖШС және «OKEREL DIŞ TICARET AŞ», «PRES SAN Makina Imalat Sanayi Ticaret Limited Sirketi» қол қойды. Жоба Қарағанды облысында конвейерлік роликтер шығаруды көздейді. Сол секілді Түркия мен Үндістан инвес­торларымен екі металлургиялық зауыт салу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, инвестициялар – Қазақстанның дамуындағы негізгі факторды атқарады, еліміздің тәуелсіздігі жылдарында Қазақстан экономикасына шамамен $380 млрд инвестиция салынды. Өз сөзінде ол Үкімет үздік халықаралық стан­дарттарға сәйкес біздің ішкі инвес­тициялық климатымызды жақсарту үшін үнемі жұмыс істейтінін ерекше атап өтті. Атап айтқанда, ол 2017 жылы Қазақстанның ЭЫДҰ Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі болғанына және халықаралық инвестициялар туралы декларацияға қосылғанына ерекше назар аударды. Бұдан өзге, М.Тілеуберді Үкімет басшысының төрағалығымен өткен Үйлестіру кеңесінің жұмысы, сондай-ақ инвесторларды тартудың жаңа құралы –стратегиялық инвестициялық ке­лісім туралы айтып берді. Қазақстан экономикасының ЖЭК, АӨК, АКТ сияқты салаларының мүмкіндіктері, ұлттық фармацевтика өнеркәсібінің дамуы туралы баяндалды. «Президент мәлімдегендей, 2025 жылға қарай біз дәрі-дәрмектердің ішкі өндірісін 50%-ға арттыруға тырысамыз. Қазақстан өзінің QazVac ұлттық вакцинасын әзірлейтін әлемнің санаулы елдерінің қатарына кіреді және біз халықаралық фармацевтикалық компаниялармен бірлескен кәсіпорындар құруды асыға күтеміз. Қазақстандық жаһандық инвестициялық дөңгелек үстел бизнес-қоғамдастықтың әлемдік көшбасшыларымен әріптестікті одан әрі нығайтуға серпін береді деп санаймын», – деп атап өтті Kgir-2021 пленарлық отырысы барысында министр.

Дөңгелек үстел аясында инвести­циялық климатты дамыту және эко­но­миканың басым секторларының әле­уетін іске асырудың өзекті мәселе­лері талқыланды. Қазақстанның ин­вес­тициялық әлеуеті мәселелерінен басқа, Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар елімізде бизнес жүргізудің өзіндік тәжірибесі туралы айтып, еліміздің нарықтары мен экономикасы туралы сараптамалық пікірімен бөлісті. Спикерлер ретінде «Технониколь» президенті Сергей Колесников, «YDA Group» президенті Хусейн Арслан, «Goldbeck Solar» бас директоры Йоахим Гольдбек, «Polcotton» компаниясының негізін қалаушы және басқарма мүшесі Алоис Шонбергер, «Orhun Medical» бас­қармасының төрағасы Гоненч Дырык сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел аясында «ұзақ мерзімді серіктестік», «инвестициялық белсенділік», «инновациялық өндіріс» және «тұрақты даму» номинациялары бойынша инвесторларды марапаттау рәсімі өтті. Бұдан басқа, компаниялар АӨК, фармацевтика саласының әлеуетін дамытуға, инфрақұрылымдық дамуға, сондай-ақ адами капиталды дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы номинациялармен марапатталды. Номинант­тар қатарында «Chevron», «Citibank Kazakhstan», «Anadolu Group», «Philip Morris International», «Hevel», «INOKS Capital», «Georgian Industrial Group», «Goldbeck Solar», «Air Liquide», «Danone», «Polpharma», «Lactalis» және басқа ірі кәсіпорындар болды. Сонымен қатар іс-шара аясында ҚР аумағында әлеуетті жобаларды іске асыру бойынша шетелдік серіктестермен бірқатар B2B кездесулер өткізілді.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

758 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы